ЖИЫНДА ЕҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

0

Өткен аптада Байқадам   ауылдық  округінде аудан әкімі  Б.Нарбаевтың «2018 жылдағы  ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен міндеттері туралы»  есебі мен Байқадам ауылдық  округ әкімі  А.Назарбеков  «2018 жылдың   қорытындысы бойынша атқарылған  жұмыстары  туралы»  есебі тыңдалып, талқыланды.  Есептік жиынға аудандық мәслихат хатшысы С.Бегеев, мекеме, кәсіпорын басшылары, ауыл тұрғындары, шаруақожалық төрағалары қатысты.

Жиынды аудандық мәслихат хатшысы С.Бегеев ашып, Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы «Орталық атқарушы органдары басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №190 Жарлығына сәйкес, ауданның  2018 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы аудан әкімінің есебі мен Байқадам ауылдық округі әкімінің 2018 жылы атқарған жұмыстары туралы есепті кездесуіне жиналғанын мәлімдеп,  баяндама жасау үшін округ әкімі А.Назарбековке берді.

Байқадам ауылдық округ әкімі  А.Назарбеков 2018 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстары туралы жан-жақты тоқталып өтті.

Кезекті сөз алған  аудан әкімі Б.Нарбаев Елбасы Жолдауларынан туындайтын міндеттерді айта келіп,  2018 жылдағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен міндеттері туралы өз есебіне тоқталды.Есептік жиында жарыссөзге шыққан ауыл тұрғыны С.Әбдіхалықов:

-Бүгінгі есеп өте жақсы деңгейде өтті.Қанағаттанарлық деген баға берем. Мендегі өзекті  мәселе тұрғын үй мәселесі. Ауылға келген жас мамандарға тұратын үй тапшы. Ауылда тұрған бос үйлер қайта жөнделіп,  тұрғындарға үй ретінде берілсе. Екінші мәселе, ауылымызда екі ғана учаскелік  полиция  инспекторлары қызмет атқарады. Жаңатасқа шыға берістегі  қорымды қайта қоршау жұмыстары жүргізілсе. Ауылымыздың  көп жастары несие рәсімдегенмен уақытылы төлеу мәселесі қиындық тудырып тұрғанын жеткізді.

Аудан әкімі Б.Нарбаев:

-Бірінші мәселе бойынша бос тұрған үйлердің,   ғимараттардың  иелерімен сөйлесіп,  хат жолданған. Бұл мәселе алдағы уақытта өз шешімін табады.Сонымен қатар, ауылға келген жас мамандарға көп жылдан бері «Дипломмен ауылға»  бағдарламасы  бойынша жұмыстар жүргізілуде, сол бағдарлама арқылы несие рәсімдеп, өздері үй сатып алуға,немесе үй салып алуларына болады.

Екінші  мәселеңіз бойынша қазіргі таңда учаскелік  полиция штаты жетіспейді.  Саудакент ауылындағы  бұрынғы кезекшілік полициялық бөлімшесін қайта іске қосу мәселесі көтеріліп, облысқа  хат жолданған болатын.Алдағы уақытта өз шешімін табады.Жаңатасқа шыға берістегі «Шоқай датқа» қорымын биыл қайта  қоршау жұмыстары жүргізілетін болады. Егесіз жүрген мал иелеріне айыппұл салынатынын қатаң ескертеміз.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша несие  алған жастарымыздың көбісі  төлемін уақытылы төлемегендіктен туындап отырған мәселе.

Зейнеткер А.Искакова: Бүгінгі есебіңіз өте жақсы деңгейде өтті. Мені мазалаған мәселе ауылдағы аурухана. Ауылдық аурухана сын көтермейді. аурухананы білікті мамандар тарту арқылы көтеруге болады.

Сонымен қатар,  ауылымыздың орталығында  орналасқан бұрынғы Саудакент кинотеатрының орны тазаланып, бос тұрған қонақ үй ғимаратын басқа қажетке жаратса. Пошта торабының ғимаратын мұражайға  айналдыру мәселесі қолға алынса.

Аудан әкімі Б.Нарбаев: Саудакент ауруханасы облыстық деңгейге қарағандықтан  біздің балансымызда жоқ. Биыл ауруханаға оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп,  қатты отын, яғни көмір үнемделетін болады.

Зейнеткер А.Садуақасов:

-Бүгінгі есебіңіз қанағаттанарлық деңгейде өтті. Дегенмен, баяндамаңызда негізінен  Жаңатас қаласындағы  жасалып жатқан игі істерді атап өттіңіз. Алдағы уақытта Саудакент ауылының болашақта дамуына да көңіл аударсаңыз. Сонымен қатар,  ауылымызға газ құбыры қашан тартылады?

Аудан әкімі Б.Нарбаев:

-Жаңатас қаласы аудан орталығы болғандықтан және жан-жақтан келетін инвестиция тарту үшін  қаланың мәдени келбетін жаңғыртуымыз  керек. Ол үшін тұрғын үйлерді, медицинаны және жолдарды жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар, биыл Жаңатас қаласына 50 жыл толып отыр. Осыған байланыс-ты  қаланың  жағдайын  жақсартуды жалғастыра береміз. Ал Байқадам ауылдық округінің өзіндік қомақты қаржысы бар. Кешегі қара шаңырақ еш уақытта ұмыт қалмайды.

Абаттандыру жұмыстары бойынша биыл көптеген жұмыстар жүргізілетін болады. Газ мәселесіне келетін болсақ, ауданымызға газ тарту бойынша 14 елді мекеннің сметалық құжаттары дайын. Алдымен газ  Жаңатас қаласына тартылады. Саудакент селосы басқа да елді мекендерді газдандыру мәселесі облыс әкімінің алдына қойылды.

Ауыл тұрғыны М. Мамбетов:

-Былтырғы жылы Саудакент ауылындағы М.Дулатов көшесінің жолы жөнделген болатын.Бірақ, көшенің аяғы жөнделіп, бас жағына  жөндеу жұмыстары жүргізілмей қалған еді.

Аудан әкімдігінің тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Алтишев :

-Бұл көше бойынша біз ауылдық округ әкімі бекіткен сметалық құжатпен жұмыс жүргізгенбіз.  Алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол берілмейтін болады.

Басқа да қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар берілді.

Есептік жиын соңында ауыл тұрғындары аудан және ауылдық округ әкімдерінің жылдық қорытынды есептеріне қанағаттанарлық деген бағаларын берді.

Құдайберген Мамбетов, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.