ИГІ ІСТЕР ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

0

Кеше Игілік ауылдық округі Өндіріс ауылдық клуб үйінде аудан және ауылдық округ әкімдерінің 2018 жылдың қорытындысы бойынша халық алдындағы бірлескен есеп беру  жиыны болып өтті.

Жиынға аудан әкімі Балабек Нарбаев, аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Бегеев, аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшылары, ішкі істер бөлім қызметкерлері қатысты.       

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша, ауыл тұрғындары алдында Игілік ауылдық округі әкімі Айбол Бердібаев «2018 жылы атқарған жұмыстары туралы» және аудан әкімі Балабек Нарбаев «2018 жылда ауданның әлеуметтік-экономикалық  даму қорытындылары және алдағы міндеттері туралы» есепті баяндамаларын жасады.

Баяндама аяқталған соң, ауыл тұрғындары аудан және ауыл әкімдерінің есепті баяндамаларын қанағаттанарлық деп бағалап, көкейлерінде жүрген ұсыныс- пікірлерін айтты.

Алғашқы болып жарыссөзге шыққан Игілік ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Жүсіпалиев салық төлеу бойынша толық мәлімет ала алмай жүргендігін және Өндіріс ауылдық клубы көп жылдан бері жөндеу жұмыстарын көрмегендігін, соған қаржы қарастырылып, күрделі жөндеуден өткізілсе деген ұсынысын жеткізді.

Аудан басшысы клуб үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ұсынысына қазіргі таңда ауылдық округтердің өздерінің бюджеттері бар екендігін, сол бюджеттен қаражат бөліп, келешекте ауылдық клуб үйіне жөндеу жұмыстарын ауылдық округ әкімінің басшылығымен жүргізілетіндігін айтты.

Екінші болып сөз алған ауданның Құрметті азаматы, зейнеткер Т.Сәрсекеев ауыл көшелеріне жылдамдықты шектеу белгілері қойылса және көшелерге демалып отыратын орындықтар орнатылса деген пікірлерін білдірді. Бұл ұсыныстардың жуық арада орындалатынын аудан басшысы жеткізді.Мұнан соң сөз алған аудандық мәслихат депутаты, ауданның Құрметті азаматы Б.Ильясов Саудакент-Игілік ауылдары арасындағы 5 шақырым тас жол жаңбыр, қар су әсерінен былтыр жамалған жерлері қайта тесіліп жатқандығын, осыған жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екендігін және босаған жерлерді әлеуметтік сала қызметкерлеріне берілсе, Игілік ауылындағы Алпамыс Ырысбаев көшесіне асфальт төселсе деген ұсыныстарын айтты.

Бұл ұсыныстарға жауап қайтарған аудан әкімі бұл мәселелер алдағы уақытта шешімін табатындығын, ауылдағы осы қалған көшелердің жобалық-сметалық құжаттары жасалып, алдағы уақытта шешімін табатындығын, жер мәселесі бойынша жер тек игеретін азаматтарға аукцион арқылы берілетінін жеткізді.

Жоғарыда сөз алған азаматтар және ауыл тұрғындары аудан әкімі Б.Нарбаевпен ауылдық округ әкімі А.Бердібаевтың бір жылда атқарған есебіне қанағаттанарлық деп бағаларын берді. Басқада ауыл тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлеріне аудан әкімі тиісті жауаптар қайтарды.

Сонымен қатар, медициналық сақтандыру, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы жайлы мәлімет беріп, жұмыссыз жүрген жастардың қысқа оқу курстарына барып, өз кәсіптерін дөңгелетіп, әр түрлі мамандықтарды игерудің тиімді жақтарын айтып өтті.

Жиынды қорытындылаған мәслихат хатшысы С.Бегеев ұсыныс-пікірлер бойынша арнайы іс-шаралар жасалып, бұл мәселелер алдағы уақытта шешімін табатындығын жеткізді.

Тұрғындар көңілінен шыққан жиын

Аудан және ауыл әкімдерінің есептік жиыны Жаңаталап ауылдық округінің клуб үйінде жалғасын тапты. Жиынға аудан әкімі Балабек Нарбаев, аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Бегеев, аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшылары, ішкі істер бөлім қызметкерлері қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша ауыл тұрғындары алдында Жаңаталап ауылдық округі әкімі Нұрхан Ақмағанбетов «2018 жылы атқарған жұмыстары туралы» және аудан әкімі Балабек Нарбаев «2018 жылда ауданның әлеуметтік-экономикалық  даму қорытындылары және алдағы міндеттері туралы» есепті баяндамаларын жасады. Аудан басшысының баяндамасын тыңдаған ауыл тұрғындары ауылдық округте біршама жұмыстар атқарылғандығын, барлық мәселелер рет-ретімен шешіліп жатқандығын, аудан және ауыл әкімдерінің есепті баяндамаларына қанағаттанарлық деген бағаларын берді. Сонымен қатар, атқарылған игілікті істерге алғыстарын білдіріп, алдағы жұмыстарына табыс-тар тіледі.

Жиында ауыл тұрғыны Нұраш Сұлтанбеков аудан әкімі мен ауыл әкімінің жыл ішінде атқарған жұмыстарына оң бағасын беріп, өз ұсыныс-пікірін жазбаша түрде ұсынды.

Аудан және ауылдық округ әкімдері баяндамаларында 2019 жылы аталған бағдарлама аясында Жаңаталап ауылындағы саябаққа көгалдандыру жұмыстары жүргізілетін болды. Ауылдық округі әкімдік ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары және елді мекендегі саябақты көгалдандыру көріктендіру жұмыстары атқарылып, Ұйым ауылындағы Ы.Сүлейменов атындағы орта мектебіне спорт зал салынса, ал Жаңаталап орта мектебінің спорт зал құрылысының жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға жіберілді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Жаңаталап ауылының саябағы абаттандырылып, «Жасыл белдеу»  жасыл желектерді қорғау алқабына ағымдағы жылы қосымша тал көшеттері отырғызылатын болды. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында Жаңаталап ауылына ауыл тумасы Кеңесбек Егізбаевтың демеушілігімен «Құрметті азаматтар» аллеясының құрылысы басталады,-деген көңіл қуантарлық жұмыстар атқарылатынын естіген ауыл тұрғындары қуанып қалды.

Жиынды қорытындылай келе, аудан әкімі ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын жандандыру, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне сүт өндейтін қондырғыларды орнату, мал сою пункттерін салу, ауылдық округтердегі клуб үйінің жөндеу жұмыстарын мемлекеттік жекеменшік әріптестік арқылы жүргізу, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың мәртебесін анықтау бойынша жұмыстарды аяқтау, қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру объектілерінің арнайы сараптама қорытындыларының болуы, тиісті құжаттарын рәсімдеу, айналасын қоршап ретке келтіру, тиісті тақтайшаларының орнатылуы, пайдаланбай жатқан егістік жер көлемін анықтау, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді игеру, суармалы жердің көлемін ұлғайту сияқты тапсырмаларды ауылдық округ әкіміне тапсырды.

Сонымен қатар, тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетімізді өркендету жолында Елбасы айқындаған стратегиялық бағытты әрдайым ұстансақ, ұлы істерді,  жетістіктерді кейінгі ұрпаққа үлгі етіп көрсетуіміз қажет. Бұл-Қазақстан Республикасының әрбір азаматының міндеті. Алдағы уақытта атқаратын жұмыстарымызды үлкен ұйымшылдықпен, ауызбіршілікпен атқарамыз деген сенімдемін-деп аудан басшысы жиынды қорытындылады.

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.