ТҰРҒЫНДАР ОҢ БАҒАСЫН БЕРДІ

0

Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 ақпандағы «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» №190 Жарлығына сәйкес осы аптадан ауыл әкімдерінің есеп беру жиналыстары басталды.

Осы аптаның бейсенбісі күні ауыл әкімдерінің есеп беру жиналысы Досбол ауылдық округінің әкімі Нұрлан Молдабековтің есебімен Шағалалы ауылы Шағалалы орта мектебінде басталды. Басқосуға аудан  әкімі аппаратының басшысы Жұбаныш Халықбергенұлы Жарықбасов, облыс әкімдігінің бас инспекторы Самат Төрегелдиев және аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл тұрғындары, шаруа қожалық төрағалары қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе-лерге байланысты Досбол ауылдық округі әкімі Нұрлан Молдабековтің 2018 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды.

Ауыл әкімінің есепті баяндамасы тыңдалып, ауыл тұрғындары қанағаттанарлық деген бағасын беріп,көкейлерінде жүрген ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Ауыл тұрғыны, ақсақалдар алқасының төрағасы М. Жаманқараев: Ауыл әкімінің қорытынды есебін тыңдадық, ауылдағы мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы көрсеткіштеріне көңіліміз толды. Ауылдық округ әкімі есебіне қанағаттанарлық деген бағамды беремін.

Ауылда ауыз су мәселесі шешімін таппай келеді. Ауыл ащы су ішіп отыр. 2017 жылы ауылдың кіре берісіне ауыз суға ұңғыма бұрғылау жұмыстары жүргізілді. Осы қашан іске қосылып, халыққа пайдалануға беріледі?

Шағалалыға келетін 9 шақырым тас жол соғылғалы жөндеу көрген жоқ. Жаңбыр, қар әсерінен тозып, әр жерлері тесілуде. Осы жолға жөндеу жүргізуге ықпал етсеңіздер,-деді.

Аудан әкімі аппаратының басшысы Ж. Жарықбасов ауыз су мәселесі бойынша ауылға кіре берістегі қазылған ұңғыманы іске қосу бойынша жобалық сметалық құжаттары әзірленіп,  алдағы уақытта бұл мәселеде оң шешімін табатынын, ал жол мәселесі бойынша, ауданда жолдарды жөндеу жұмыстарына 10 млн. теңге қаржы қарастырылғандығын, жол жөндеу жұмыстары басталғанда Шағалалы ауылына дейінгі 9 шақырымдық жолға да жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді.

Шағалалы негізгі мектебінің мұғалімі Ә. Оспанов: Елбасымыз өзінің халқына жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Ауылда жастардың бос уақытын өткізетін орындар тапшы. Осы ауылдың жастарының атынан ауылға  кіші футбол алаңын салып беруге ықпал етулерін сұрады.

Аудан әкімі аппаратының басшысы Ж. Жарықбасов кіші футбол алаңын салу үшін сметалық құжат әзірлеп, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне ұсынуды ауылдық округ әкіміне тапсырды.

Ауыл тұрғыны Бақберген Мұқашев, малдарға сары ауруға қарсы дәрі егілсе, аудандық мәслихат депутаты Асанбай Сейналиев ауылға келетін жолдың екі шетіне грейдер жүргізілсе, арзан бағада азық-түліктер жәрмеңкесі өткізілсе, Оңлыәшім Дүйсенбеков бала санының өсуіне байланысты ауылда балабақша ашылса деген ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Бұл ұсыныстарға өзінің пікірін білдірген аппарат басшысы жиынды қорытындылады.

Мемлекеттік бағдарламалардан қолдау тауып отырған ауыл

Есеп беру жиналысы Үлкен Көкдала ауылы Көкдала бастауыш мектебінде жалғасын тапты. Досбол ауылдық округі әкімі Нұрлан Молдабеков 2018 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы есепті баяндамасын жасады.

Жиынға аудан әкімі аппаратының басшысы Жуаныш Жарықбасов, аудан әкімдігі бөлім басшылары және ауыл тұрғындары, шаруа қожалық төрағалары қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша, ауылдық округ әкімі Нұрлан Молдабековтің 2018 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар есебі тыңдалып, тұрғындар көкейлерінде жүрген ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Ауыл тұрғыны, зейнеткер Қ.Елубаева ауыл әкімінің қорытынды есебіне  қанағаттанарлық деген бағасын беріп,  өзекті мәселенің бірі —  ауыз су мәселесі жайлы пікірін айтты.Ауыл тұрғындарының ащы су ішіп отырғанды-ғын, ауылдан бір ұңғыма қазылып берілсе деген ойын жеткізді.

Ал, екінші өзекті мәселе-жол мәселесі.Үлкен Көкдала ауылына келетін 1,5 шақырым жай жол қыста, көктемде еріген қар, жаңбыр суымен балшық болып кетеді. Адам аяқ алып жүруі мүмкін емес. Шығанақтан аудан орталығына қатынайтын автобус ауылдың ішіне кірмейді, жол жаман деп. Аялдамаға дейін 1,5 шақырым балшықты кешіп барып, автобусқа отырамыз. Осы мәселені шешіп берсеңіздер?-деген ұсынысын білдірді.

Аудан әкімі аппаратының басшысы Ж.Жарықбасов ауыз су мәселесі бойынша зерделеу жұмыстарын жасайтынын, ауылдың ортасына 1 ұңғыма қазу бойынша жобалық сметалық құжат әзірлеп, ұсынатын-дығын, алдағы уақытта ауыл орталығы-нан 1 ұңғыма қазу үшін жұмыстар жүргізілеті-нін айтты. Жол мәселесі бойынша, осы аталған 1,5 шақырым жолға шағал төсеу жұмыстары бойынша жобалық сметалық құжаттары әзірленіп жатқандығын, бұл мәселеде алдағы уақытта өз шешімін табатындығын айтты.

«Елдос-2004» шаруа қожалығының төрағасы Т. Наханов: – Ауыл әкімінің есебін тыңдадық. Онда айтылған ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала бойынша жетістіктерге қуанып отырмыз. Мемлекеттен шаруаларға көрсетіліп жатқан көмекті пайдаланудамыз. Биылғы жылы «Лизинг» бағдарламасы бойынша  «МТЗ-1221» тракторын алдым. Осының барлығы мемлекеттің бізге тигізген қолдауы деп білемін. Айтайын дегенім,  Көкдала ауылына баратын тас жолға  «Мал айдау» жол белгісін орнатуға ықпал етсеңіздер?! Себебі, қазіргі таңда ауылдық округте мал басы жылдан-жылға өсіп жатыр. Көлік жүргізушілері жол бойынан өткен малды жиі қағып кету оқиғалары көптеп болуда. Осы жағдайлардың алдын алуға көмектессеңіздер-деді.

Ұсыныс-пікірлерге жауап берген Ж.Жарықбасов айтылған сын — ескертпелердің алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізді.

Сонымен қатар аппарат басшысы Ұлт денсаулығын сақтау-мемлекет назарын-дағы басты мәселе екендігін, медициналық сақтандыру халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталғандығын және мемлекеттік бағдарла-малар бойынша несие алудың тиімді жолдарына да тоқталып өтті.

Ауыл ажарлана түсуде

Ауыл әкімінің есебі Тоғызкент ауылдық округі Әбілда ауылында жалғасын тапты. Тоғызкент ауылдық округі әкімі Алмат Орынбеков 2018 жылы атқарған жұмыстары туралы Әбілда ауылында жиын өткізді.

Басқосуға аудан  әкімі аппаратының басшысы Жұбаныш Халықбергенұлы Жарықбасов, облыс әкімдігінің бас инспекторы Самат Төрегелдиев және аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауыл тұрғындары, шаруа қожалық төрағалары қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе-лерге байланысты Тоғызкент ауылдық округі әкімі Алмат Орынбековтің 2018 жылы атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды.

Ауыл әкімінің есепті баяндамасы тыңдалып, ауыл тұрғындары қанағаттанарлық деген бағасын беріп,көкейлерінде жүрген ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Ауыл тұрғыны Баянбек Абдуалиев ағымдағы жылы баяндамада көрсетілгендей көше жарықтандыру, ауыз су кіргізу жұмыстарының жүргізілгеніне алғыс білдіре отырып, ауылға газ тарту жұмыстары жүргізілді, осы газды әрбір үйге қосуда бағасы қолжетімді болса десе, ауыл тұрғыны Сарсенкүл Төленбекова ауылға жаңа медпункт және дәрігер қажет екендігін, Түгіскен ауылындағы дәрігердің жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізді.

Ал, ауыл тұрғыны Жексенбай Арынов былтырғы жылы көтерілген бірқатар мәселелер шешімін тапқандығын айта келе ауыл ішіндегі көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген пікірін білдірді.

Аудан әкімі аппаратының басшысы Ж.Жарықбасов  ауыл тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтарға жеке-жеке тоқталып, жауап берді.

–Әрбір үйге газ тарту жұмыстарының халыққа тиімді болуы үшін жұмыс жүргізілуде. Бағасы 100 мың теңге көлемінде болады деп күтілуде. Әрбір үйдің құжаттары рәсімделуі тиіс.

Қазіргі кезде, мемлекет болашағы бар, тұрғындар саны көп елді мекендерге ғана ақша беруде. Медпункт құрылысына байланысты бұрынғы атқарылған жұмыстар бойынша тиісті құжаттарды қарап, жұмыстар жасаймыз.

Ауыл ішіндегі көшелерді жөндеуге жобалық сметалық құжаттары жасалынған, 2020 жылы бюджеттен қаржы бөлініп, жөнделеді,-деді.

Басқосуда сөз кезегін алған облыс әкімінің бас инспекторы Самат Төрегелдиев ауылдық округке келудегі бас-ты мақсаты ауылдарда қордаланып қалған мәселелерді шешу, шешімін таппай келе жатқан мәселелер облыс әкімінің назарына жеткізіліп, бақылауда тұратындығын айтты.

Аудан әкімі аппараты-ның басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша іс-шара жоспары жасалынып, бақылауға алынатынын, есеп беру жиынға бір кісідей қатысып, ауылдағы көкейкесті мәселелердің шешілуіне атсалысып, ұсыныс-пікірлерін бөліскендеріне рахмет айтып, жиынды қорытындылады.

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.