Сарысу

Республикалық турнир

0

Сенбі күні КСРО спорт шебері, Қазақстан  Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия жеңімпазы, Сарысу ауданының құрметті  азаматы Серік Өмірбековтің жүлдесіне арналған бокстан 2005-2008 жылдары туылған жасөспірімдер арасында 3- ші Республикалық турнир өтті.

Турнирде аудан әкімі Балабек Нарбаев сөз сөйледі.

-Ауданда спортпен шұғылданушы азаматтарға барлық жағдай жасалған. Осы орайда, Президент елімізде жаңа жаттығу залдары, фитнес орталықтары, спорт алаңдары салынып жатқанын, соның барлығы халықтың игілігіне қызмет етуге арналғанын айтқан болатын. «Жылдан-жылға спортпен тұрақты түрде шұғылданғандардың да қатары көбеюде. Мұның барлығы халықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, Қазақстанды қуатты елге айналдыруға жол ашады.

Бүгінде, Сарысу жерінде республикалық, облыстық деңгейлердегі спорттық жарыстарды өткізу дәстүрге айналды. Өздеріңіз білесіздер біздің көптеген спортшыларымыз дүниежүзілік додаларда жарысқа түсіп, жеңіске жетіп, «алтын», «күміс» медальдарды елге алып келуде.  Осының барлығы көп жастарымыздың спортпен шұғылданғанының арқасында. Сарысу ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында өткізіліп отырған бүгінгі бокстан Республикалық турнир осының бір дәлелі.

Осы орайда, жерлесіміз, даңқты боксшы Серік Кеңесбайұлы Өмірбековтің жүлдесі үшін өткелі отырған турнирді айтуға болады.

Серік Өмірбековтің  шаршы алаңдағы алғашқы қадамы өзіміздің – Жаңатас қаласында басталды. Шағын қаладан бастау алған жеңіс үлкен әлемдік ареналарға жол салып берді. Спорттық ғұмырында 150 рет рингке шығып, Кеңес Одағының үздік боксшыларының бірі болды. Спорттағы сан қилы ерліктері, әсерге толы кездесулері, шаршы алаңдағы арпалыстары көптеген жанкүйерлердің көз алдында.

Өткізіліп отырған турнир Серік Өмірбековтің жеңісті жолын жалғастыратын жас боксшылар үшін үлкен табыстардың бастауы болары сөзсіз. Республикалық деңгейдегі турнирге Серік Кеңесбайұлы Өмірбековтің өзі қатысып отыр.

Бұл турнир жұртшылықты саламатты өмір салтын ұстануға шақыратын ең сәтті бастама болып саналады. Сондықтан көпшілік тарапынан қолдау тауып, жігерлі жастарды тәрбиелеуге септігін тигізеді деп кәміл сенемін,-деп жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.

Одан кейін аудандық мәслихат хатшысы С.Бегеев, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Б.Жұмаділов, бокстан әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Г.Джафаров құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы былғары қолғап шеберлеріне тек жеңіс тұғырынан көріне беріңіздір деген тілектерін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған қазақтың біртуар батыры, мақтанышымыз Серік Өмірбеков те жүрекжарды ақ тілегін ақтарды.

-Әрине, бұл қуаныш біздің  жастарымыздың патриоттылығын көрсетеді.  Сол себептен осы турнирде тек мықтылар жеңсін. Жасөспірімдеріміз еліміздің туын көкке көтерер хас батырлар болсын,-деп ізгі ниетін білдірді.Турнирге Қызылорда облысы, Арыс қаласы, Түркістан облысы, Тараз қаласы, Т.Рұсқұлов, Талас, Сарысу аудандарынан 188-ден астам спортшылар  өзара салмақ бойынша жұдырықтасты.

 4 күнге созылған байрақты жарыстың нәтижесінде ауданымыздан А.Жақсылық үздік боксшы атанып, 1-орынды жеңіп алды. Басқа да жерлестеріміз жүлделі орындардан көрініп, ауданымыздың абыройын асқақтата түсті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің диплом, медальдарымен марапатталды.

Боз кілемде белдесті

Өткен аптада Жайылма ауылындағы Б.Тоғызақбаев атындағы спорт мектебінде «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казакстан» газеттерінің жартылай ауыр салмақтағы жеңімпазы Бөрібек Тоғызақбаевты еске алуға арналған қазақ күресінен 2003-2004 жылдары туылған жасөспірімдер арасында V-ші республикалық турнир өтті.

Жарыста аудан әкімінің орынбасары О.Көкей, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Құлыбеков құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа Алматы облысы, Алматы қаласы, Ақтөбе облысы, Қызылорда облысы, Түркістан облысы, Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Сарысу ауданынан келген 200 спортшы қатысып, өз бақтарын сынады.

Нәтижесінде Б.Тоғызақбаев атындағы спорт мектебінің спортшылары А.Базарбаев 1-орынды жеңіп алды. Ә.Айтқұлов, Б.Тұрғанбаев 2-орынды иеленді.

Жеңімпаз спортшылар мен жүлдегерлер аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің диплом, медальдарымен марапатталды.

Сәулет ЕСҚАРЕВ,

«Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.