Рухани жаңғыру-ұлт болашағы

0

Қазақ халқы — әділ хандары мен асқан жандарын, бір ауыз сөзі бөлінгенді бүтіндер шешен, дана билерін, ел шетіне жау шапса ішер асын, жастанған жастығын тастап, қолына үкілі найзасын алып, дұшпанына қарсы қару сермеген ерлерді тудыртқан халық. Қарсыласқанды жеңетұғын қазақ елінің қаһарман халқының арқасында өз тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, көк байрағымыз желбіреп тұрғанын көріп, мақтаныш сезім жүрекке ұялайды.

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап көрегенділігімен көзге түсіп, болашаққа бет алған елбасымыз ұлттық мүдделерді айқындайтын рәміздерден де бөлек, көптеген Жолдаулары мен қазақ ертеңінің де, оның онжылдық, тіпті жарты ғасырлық қамын ойлап, жаңғырулар қабылдайды. Соның ішінде, ұлт тағдырына әсер ететін келелі жаңғыру — үшінші, Рухани жаңғыру болып табылады. Еліміз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алып, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуға бар күштерін салуға бекінді. Елбасымыз өзінің атаған бұл жобасының жүзеге асуын ұлттық кодты ескере отырып жасау керектігін басты назарға алады. Қазіргі уақытта батыстық мәдениеттің елімізде етек жаюы біздің ұлттық құндылықтарымызды, сонау ата-бабаларымыз ұстанған ұстанымдар мен мәдени құндылықтарымызды шетінен жайпап жатыр. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бағдарламалық мақаласында ұлттық кодты сақтай отыра бәсекеге қабілетті тұлға емес, бәсекеге қабілетті мемлекет болуға шақырады. Өзге елдермен терезесі тең жағдайға жеткенімізбен, алдыңғы қатарлы дамыған елдердің сабына қосылуды нұсқайды. Бәсеке болмаған жерде нәтиже де болмайтынын ескерген. Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес. Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады. Ысырапшылдыққа жол бермей, атадан балаға мирас болған кең байтақ жерімізді барынша қорғау, аялау міндетімізге айналуы тиіс. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, төл мәдениетіміз бен әдебиетімізді сақтау да Рухани жаңғырудың басты талаптарының бірі. Құрманғазы күмбірлеткен әсем күйді, әміре әуелеткен әнді, ақын Абайдың жырын, Жамбылдың дастанын сақтау, ұлттық сана-сезімді қазіргі заманға лайықтай отырып, сол бағытын сақтап қалу керек. Егер ұлттық кодымыз болмаса ешқандайда жаңғыру алға баспайды.

Ж.Рахымжанова, Жайылма ауылдық балалар өнер мектебінің кітапханашысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.