Сарысу

ӘКЕ РУХЫНА ТАҒЗЫМ

0

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  атты мақаласында  ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда  мәңгі қалады деп көрсетілген. Мақалада мемлекет басшысы «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр.  Туған жерге оның мәдениеті мен дәстүрлеріне айрықша  іңкәрлікпен  атсалысу  шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Міне, осы бағдарлама аясында және Сарысу ауданының 90 жылдық мерейтойына орай Б.Адамбаев атындағы тірек орта мектебінде Ауданның дамуына үлес қосқан белгілі қайраткер Ж.Адамбаевты еске алуға арналған  2002-2003 жылы туған жасөспірімдер арасында футболдан аудандық турнир өтті.

Турнирге  мекеме, кәсіпорын басшыларымен қатар Алматы қаласындағы «Қайрат»   ұлттық футбол командасының құрылтайшыларының бірі, кәсіпкер Мұрат Сәбетайұлы Боранбаев арнайы  қатысты.

Іс-шарада Б.Адамбаев атындағы тірек орта мектебінің директоры Ф.Тұрсынбаева сөз сөйледі.

Одан кейін  Жұматай Адамбаевтың ұлы, Өзбекстан және Түркменстан елдері арқылы Қытай еліне Қазақстаннан өтетін Азиялық газ құбыры ұлттық  компаниясында атқарушы директор Сырым Адамбаев әке өмірінен сыр шертті.

— Әкем, жасынан еңбекке араласып, сауда жүйесінің басшысына дейін көтерілді. Білімге деген құштарлығын танытып, ержетіп толысқан кезінде жоғары оқу орнын үздік бітіріп шықты. Біраз уақыт облыстың ірі-ірі шаруашылықтарында бас маман болып қызмет етті. Ал, 1967 жылдан ауданымыздағы ең іргелі астықты шаруашылық Түркістан кеңшарында көп жыл директор болып қызмет атқарды. Аса білімді, жұмыс дегенде ішкен асын жерге қоятын, аңқылдаған ақ көңіл азамат еді. Ол кісінің аға, інілері де бірінен-бірі өткен облысқа, Республикаға танымал азаматтар болды. 1980 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін аудандық мемлекеттік тұқым инспекциясының бастығы болып абыройлы қызмет атқарды.

Еңбек еткен жұмыс орындарының бәрінде әкем іскерлік көрсетіп, адал және кішіпейілділігін танытты. Әкеміздің  салып кеткен дара жолы, тәлім-тәрбиесі, өнегелі ісі қашанда біз үшін мақтаныш,-деп мектеп оқушыларына волейбол, баскетбол, футбол спорт түрлеріне арналған киімдер мен  доптарын,  мектеп кітапханасына «Адамбаев әлемі», «Аманатқа адалдық», «Жауынгер»  атты кітаптарды тарту етті. Одан кейін сөз алған Байқадам ауылдық округ әкімі А.Назарбеков аудан әкімінің құттықтау сөзін оқып берді.

Сондай-ақ, мектеп оқушылары әннен шашу шашты.

Байрақты турнирге  9 команда «Адамбаев», «Досбол», «Ш.Датқа», «Сарысу колледжі», «Жаңаталап», «Б.Тоғызақбаев», «Саудакент спорт мектебі», «Өндіріс спорт мектебі»  «Адамбаев» кіші командалары өз бақтарын сынады. Нәтижесінде, «Сарысу колледжі» командасы 1-орынды иеленіп кубокты қанжығасына байлады.  «Ш.Датқа» командасы 2-орынды иеленді.  «Саудакент спорт мектебі» командасы 3-орынды қанағат тұтты.

Ойында Е.Сапыұлы үздік, А.Абдумуталиев үздік қорғаушы, М.Көшкенбаев үздік шабуылшы атанды. Жарыс соңында ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге  бағалы сыйлықтар беріліп, Алғыс хаттармен марапатталды.

Сонымен қатар, Ж.Адамбаевтың ұрпақтары «Саудакент» мейрамханасында әке рухына тағзым етіп, құран бағыштады.

Сәулет Есқараев,  «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.