ТЕРГЕУ СУДЬЯСЫНЫҢ ӨКІЛЕТТЕРІ

0

2015 жылдан бастап елімізде жаңа қылмыстық-процестік кодекс қолданысқа беріліп, қылмыстык сот өндірісіне тергеу судьясы институтының енгізілуі Қазақстанның іс бойынша тараптардың теңдігі және жарыспалылығының неғұрлым толық іске асырылуын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының пәрменді корғалуын қамтамасыз етуде жалпы кабылданған халыкаралық стандарттарға бейілділігінің куәсі.

Сотка дейінгі өндірісте соттың бақылауын кеңейту және қылмыстық процесте жеке адам құқықтары мен бостандықтарының тиісті кепілдіктерін құру тергеу судьясының қатысуынсыз мүмкін емес. Бұған дейін түрлі тергеу әрекеттеріне санкция беру прокурордың, яғни, айыптау тарапының құзырында болған еді.

Тергеу судьясы — сотқа дейінгі іс жүргізу барысында кодексте көзделген өкілеттіктерді жүзеге асыратын бірінші сатыдағы сот судьясы. Қылмыстық құқық бұзушылықтың жолын кесу, оларды бейтараптықпен, тез және толық ашу, тергеп тексеру, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту, әділ сот талқылауы және қылмыстық заңды дұрыс қолдану, адамдарды, қоғамды және мемлекетті қылмыстық құқық бұзушылықтан қорғау қылмыстық процесс міндеттері болып табылады.

Тергеу судьясы өз өкілеттіктерін ҚР ҚПК-нің 56-бабының қағидаларына сәйкес жүзеге асырады. Тергеу судьясы өз құзыретіне жатқызылған мәселелерді сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарайды. Егер заңды және негізделген шешім шығару үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы тиісті тұлғалардың және прокурордың қатысуымен сот отырысын өткізу туралы қаулы шығарады.

Күзетпен ұстауды санкциялау, үйқамақты санкциялау, экстрадициялық қамақты санкциялау, күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту, кепілді қолдану, мүлікке тыйым салуды санкциялау, тез бұзылатын немесе қылмыстық істі мәні бойынша шешкенге дейін ұзақ сақталуы елеулі материалдық шығындарды қажет ететін заттай дәлелдемелерді өткізу туралы мәселені қарау, сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жәбірленуші мен куәнің айғақтарын сақтауға қою мәселелерін қарау кезінде сот отырысын өткізу міндетті.

Сот отырысын өткізу міндетті болған жағдайда, қорғаушы тарап пен прокурорға сот отырысының уақыты мен орны туралы күні бұрын хабарланады.

Сот отырысы тергеу судьясының өкімі бойынша бейнебайланыс режимінде жүргізілуі мүмкін. Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.

Тергеу судьясы сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын органнан қаралып жатқан мәселе бойынша қосымша ақпаратты талап етуге, тиісті сотқа дейінгі іс жүргізудің барлық материалдарымен танысуға және оларды зерттеуге, процеске қатысушыларды сот отырысына шақыруға және олардан қылмыстық іс бойынша қажетті ақпаратты алуға құқылы.

Егер күдікті өзіне азаптау және басқа да заңсыз әрекеттер қолданылғаны туралы арызданған немесе онда күш қолданудың іздері болған кезде тергеу судьясы қадағалаушы прокурорға көрсетілген фактілерді дереу тексеруді жүзеге асыруды тапсыруға міндетті.

Д.Кадеркулқызы, судья

Leave A Reply

Your email address will not be published.