КӘСІПКЕРЛІК ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА
Білекті сыбана түріп тірлік істеймін деген кез- келген жанға мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар көрсетіліп келеді. Тек еріншектік пен қорқынышты жою керек. Заманның ағымына қарай жылжып келеді. Кемел келешектің кемесіне мінген біздің еліміз соңғы уақытта кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласына ерекше ден қойып келеді. Өз-өзін жұмыспен қамтып, мемлекетке деген тәуелділіктен арылуға нық қадам жасауда батылдық пен көшбасшылық ауадай қажет. Бүгінгі сәт мемлекетке ауыз ашатын емес мүмкіндіктерді іске асыратын кез.
Ауданымызда да іргелі кәсіпорындар мен өрісі кең өнеркәсіп орындары тынбай жұмыс жасап жүр. Бұл еліміздің дамуына айтарлықтай ықпал ететін жағдай. Сондай — ақ, кәсіпкерлік нысандар ашылып, қаланың реңін аша түскендей. Осы орайда, аудандағы өнеркәсіп пен кәсіпкерлік саласының жай — күйі туралы аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ж.Сақыпбековты әңгімеге тартып, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы мәліметтерді алып едік. — Ауданда кәсіпкерлік саласы өте қарқын алуда,-деді ол. Тарихты ақтарсам, сонау 1936 жылы Қаратау тауларынан белгілі геолог И.И. Машкара фосфорит кенінің бай қорын тапқан. 1937 жылы Тыңайтқыштар Ғылыми институты фосфордың сапалы екендігін анықтаған. 1939 жылы Б.М.Гимельфарб басқарған геологиялық топ Көкжон кенішті аймағының солтүстігінен Қиыстас кен орнын ашты. 1946 жылы комбинатта темір жол пайдалануға беріліп, фосфор тасы ұнтақтала бастады. (1946 жыл комбинаттың ашылған жылы болды) Қала құраушы өндіріс орны бүгінде ірі нысан болып 1900 жуық адамды жұмыспен қамтып отырған алпауыт кәсіпорын.
Өндіріс орындарының жұмысын қолдаушы кәсіпорындар саны да жыл санап арта бастады, онда қоғамдық көліктермен жұмысшыларды тасу бағытында «Жаңатас көлік жолы» ЖШС, мәрмәр тастарынан құрылыс заттарын шығаратын «Фирма минерал» ЖШС, тау қопарғыш заттар шығаратын «Интеррин» ЖШС қондырғылар орнату бағытындағы «Инженерные-сети» ЖШС, тағы да басқа да өндіріс орындары ашыла бастады.
Содан кейінгі 7 жылға жуық болған 600-ге жуық жұмысшысы бар екінші алпауыт өндіріс орны бүгінде «ЕвроХим» МХК тау кен саласында фосфор ұнтақтайтын және қайта өндеу бағытындағы компания және «Жаңатас-ЖЭС» ЖШС өз жұмыстарын қарқынды түрде бас-тап кетті.
Аудан аумағы облыс бойынша көлемі жағынан аумағы үлкен екінші аудан, бір жағы Түркістан облысымен шекаралас болса, солтүстік жағы Ұлытау облысымен байланысқан. Ұлытау облысының беткей жағында табиғаты жартылай шөлейтті орындарда тұз кен орындары бар. Осы тұз кен орындарын тиімді пайдалану бағытында 2016 жылы Индус-трияландыру картасына енген ас тұзын өндіретін «Соляная компания «Асыл Тұз» ЖШС зауыты Жаңатас қаласынан қуаттылығы 30,0 мың тонна тұз өндірісін 70 штат бірлігі бар зауыт ашты. Инфрақұрылымдарды дамыту бағытында 2015 жылы жылдық қуаты 50,0 мың м3 асфальт зауыты іске қосылды.
Қазіргі уақытта кальцийленген сода өндірісінің орнын іске қосу бағытында «Қазақсода» ЖШС-нің өндірістік құрылысы басталды. Жергілікті атқарушы орган барлық өндіріс орындарын дамыту мен ауданға инвестиция салу бағытында барлық жағдайларын жасап отыр, өндірістерге электр энергиясын тарту шығындарының барлығын бюджет қаражаттары есебінен жүзеге асырып берді.
Сонымен бүгінде басқа да шағын және орта бизнес нысандары тұрақты жұмыстарын жүргізуде.
2023 жылдың 1 қазаны бойынша ауданда 5 254 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, есепті кезеңде былтырғы жылмен салыстырғанда шағын және орта бизнес субъектілер саны 1087 бірлікке артқан.
Оның ішінде белсендісі – 4680 бірлік, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда үлесі 134,7 пайызды құрап отыр.
Аудан аумағынан Шу, Талас, Аса өзендері ағып өтеді, екі үлкен су қоймасы бар, олар Ынталы мен Бүркітті су қоймалары, онда балық шаруашылығы дамыту бағытында кәсіпкерлер ұзақ жылға жалға алып отыр. Осы су бассейндеріндегі сумен жаздай егіндерін суғарып, шаруалар өз алқаптарынан жиған көкөністерін Жаңатас қаласындағы жәрмеңкелерге шығарып сатады.
Бөлімнің әлеуметтік экономикалық көрсеткіштері:
Инвестиция көлемі-2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 36 млрд. 361,8 млн. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 156,7 пайызға жоғары орындалып отыр.(2022 жыл 23 млрд. 240,7 млн) Өнеркәсіп өнімі- 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен өнеркәсіп өнімінің көлемі 64 млрд. 046,5 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 105,3% орындалды.(2022 жыл 60 млрд. тг) Бөлшек сауда айналымы-2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен 2 758,9 млн. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 150,7%-ға орындалып отыр.(2022 жыл 1 579,2 млн. тг). Мемлекеттік бағдарламалар аясында.
Жыл басынан «БЖК-2025» жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген 6%-дық несиенің кепілдік беру тетігі және пайыздық ставканы субсидиялау арқылы Сарысу ауданы бойынша 35 жоба 248,6 млн. теңге көлеміндегі қаржыға қол жеткізді. Ал, 2023 жылдың қаңтар-шілде айларының қорытындысымен «KMF» МҚҰ» ЖШС Жамбыл филиалы Жаңатас бөлімшесі арқылы «Бизнес бағдарламасы» бойынша ауданда жалпы қаражаты 764,4 млн. теңге көлемінде 764 жоба несие алды.
2023 жылдың 9 айының нәтижесінде кәсіпкерлік саласы бойынша аудандық «Sarysý» газетінде мақалалар және әлеуметтік желілерде кәсіпкерлікке байланысты ақпараттар тұрақты жарияланып келеді. Сонымен қатар, Жаңатас қаласымен барлық ауылдық округтерге кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың шарттары енгізілген арнайы таратпа парақшалары жасалынып берілді және ауылдық округтерді аралап, түсіндіру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Кәсіпкерлік бағытындағы жұмысты оңтайландыру мақсатында келушілер базасы жасақталған. 2023 жылдың 9 айының қорытындысымен жалпы 294 жеке кәсіпкерлерге және жеке азаматтарға қызмет көрсетілді. Оның ішінде 34 азаматқа қайтарымсыз грант бойынша, 238 кәсіпкерге қаржылай несие, 22 азаматқа басқа сұрақтар бойынша қызмет көрсетілді. Азық-түлік бағасы туралы 2023 жылы профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізу мақсатында (ЕРСОП жүйесінде) 102 дүкен тіркеуге енгізілді.
Бүінгі таңда Сарысу ауданы Жаңатас қаласында әлеуметтік 18 азық-түлік бағаларына жергілікті атқарушы орган тарапынан апта сайын 192 азық-түлік дүкендерін аралап, бағаларға зерделеу жүргізуде.
2023 жылдың 20 қыркүйегінде аудан әкімінің №428-ө өкімімен «Азық-түлік және азық-түлік емес тауарлардың бағасын тұрақтандыру мониторингін жүргізетін арнайы топ» құрылған болатын.
Барлық ауылдық округтерде жылжымалы жәрмеңкелер орындары белгіленіп, ауыл әкімдерінің нормативтік актілері шыққан. Сырттан келіп тауар сатушыларға қолайлы жағдай бар. Ал, Жаңатас қаласында әр сенбіде тұрақты тұрде ауылшаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылған.
Әлеуметтік тауарларды сатып алып, оны қайта сатқанда 15%-дан жоғарғы үстеме қаражатын қосқандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-4 бабымен жауапкершілікке тартылатындығы туралы ескерту парақшалары сауда орындарына екі мәрте таратылып берілді және қатаң ескертілді. Арзандаған азық-түліктер бар, олар: сиыр еті, тауық еті, айран, сүзбе, сары май, қырыққабат, пияз, сәбіз, картоп.
Ауданда орналасқан барлық азық-түлік дүкен иелеріне осы аталған 18 тауарға заң аясында 15% үстемақыдан артық қосып сатуға тыйым салынатыны туралы арнайы жадынама таратылды және 96 азық-түлік дүкенімен бағаға 15% үстемақыдан артық қосып сатпау бойынша меморандум жасалды.
Тарихи-мәдени, археологиялық нысандар:
Сарысу ауданында тарихи-мәдени, археологиялық нысандар саны 160. Олардың құжаттары толық рәсімделген ескерткіштер саны 42. 115 обалар мен қорымдардың 9-ы, 45 тарихи-мәдени ескерткіштердің 33-іне мемлекеттік жер актілері жасалып, қорғау аймақтары бекітілген.
Республикалық дәрежедегі Шоқай датқа кесенесінде тақтайшалары орнатылған. Күтіп-баптау, тазалық жұмыстары ауыл әкімі аппаратының қарауынан жүргізіліп отырады.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы тиісті бағытта жүзеге асып келеді.
Туризм саласының негізгі капиталына 2023 жылы 570,9 млн. теңгеге салынған.
Өндіріс ауылындағы клуб үйін қайта жаңғырту-23,6 млн. теңге, Ә.Бүркітбаев ауылындағы қоғамдық монша құрылысы -15,0 млн. теңге.
Жалпы аудан аумағында 7 орналастыру ( қонақ үй – 4,бір қабатты коттедж, шағын үйлер — 3), 14 тамақтану орны, 1 балаларды сауықтыру лагері орны жұмыс атқаруда, — деп ойын қорытындылады. Ендеше, біліктілігі мен іскерлігі мол басшының тиянақты жұмысына сәттілік тілейміз.
Самат Тоқбанов,
«Sarysý»