АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ
Мен, Баймұханов Ануар Бекболатұлы 1990 жылы 14-ші шілдеде Алматы облысы, Шелек ауданы, Шелек ауылында дүниеге келгенмін.
Үш жоғары білімім бар. 2008-2012 жылдар аралығында Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Машина жасау» мамандығын, 2012-2014 жылдар аралығында Тараз қаласындағы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «Құқықтану» мамандығын, 2019-2021 жылдар аралығында Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Өнеркәсіптік мекемелердің экологиясы» мамандығын бітірдім.
Еңбек жолымды 2013 жылы Сарысу аудандық туберкулезге қарсы диспансерінде бас дәрігердің жүргізушісі қызметінен бас-тадым.
2014-2015 жылдар аралығында Сарысу ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің «Сарысу аудандық бизнес-инкубаторы» мемлекеттік мекемесінің инспекторы, 2015-2016 жылдар аралығында «Нұр Отан» партиясының Сарысу аудандық филиалының сарапшы және кеңесшісі, 2016-2019 жылдар аралығында «Қазфосфат» ЖШС-нің филиалы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жетекші инженер қызметін атқардым.
2019 жылдан кәзіргі уақытқа дейін «Қазфосфат» ЖШС-нің филиалы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысымын.
Отбасылымын, екі қыз, екі ұлым бар.
№ 10 САЙЛАУ ОКРУГІНЕН САРЫСУ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ БАЙМҰХАНОВ АНУАР БЕКБОЛАТҰЛЫНЫҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
Құрметті сайлаушылар! Ауыл тұрғындары!
Сарысу ауданының азаматы ретінде еңселі еліміздің өркендеуі жолында қоғамда болып жатқан тың өзгерістерге өз үлесімді қосып, қызмет жасау менің арманым. Еліміздің болашағы- жастардың қолында екенін айтқым келеді. Менің ұғымымда депутат – халық пен өкімет арасындағы көпір, елдің аманатын арқалай жүріп, халықтың сеніміне ие болған тұлға.
Мен жаспын, толық бар білімімді, қабілетімді жұмсауға, аянбай еңбек етуге бар күш-жігерімді салатын боламын.
Алдымызда өткелі отырған үлкен додада, сайлауда мені аудандық мәслихаттың депутаты болуыма қолдау көрсетер болсаңыздар, Сіздердің сенімдеріңізге ие болып, депутат болып сайлансам алдағы 5 жылда мынадай өзекті мәселелердің оң шешімін табуына күш саламын:
- Жаңаарық және Жаңаталап ауылдық округтерінде орналасқан Ақтоғай, Ұ.Сыздықбаев, Жаңаталап және Ұйым елді мекендерін газдандыру жұмыстарының сапалы жүргізілуін қадағалау;
- Ұ.Сыздықбаев ауылындағы бөгенді (тоғанды) Жаңаарық ауылдық округінің теңгеріміне алып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал ету;
- Жаңаталап ауылындағы Бекен Жарма (Жаңаталап) су қоймасын Жаңаталап ауылдық округінің теңгеріміне алып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілуіне атсалысу;
- Жаңаталап ауылдық округіне қарасты суармалы жерлерге келген су толық жетпейді. Себебі жерге сіңіп кетеді. Осы мәселені шешу үшін, «Сарыөзек» каналына Саудакент-Тараз тас жолына дейін, сонымен қатар суармалы жерлерге дейін арықтарға бетон лотоктар салудың оң шешімін табуға ықпал ету;
- Қыс мезгілінде ауыл көшелері мен жолдарды тазалауға техника бөлдіруге атсалысып, қолға алу;
- Жастардың өмір сүру деңгейін көтеру, әлеуметтік ахуалын жақсарту бойынша жастарды мамандығына сай жұмысқа орналасуына ықпал етемін. Техникалық және өндірістік мамандығы бар жұмыссыз жүрген ауыл тұрғындарын «Қаратау» ТКӨК-не жұмысқа орналастыруға көмектесу;
- Ақтоғай, Ұ.Сыздықбаев ауылдарындағы клуб ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізуге ықпал ету;
- Ауылдардағы көпшілікті толғандыратын мәселелердің бірі электр желісі екені айқын. Себебі электр желілері ескірген, жел тұрған күндері ауылдарда жарық кернеуі көтеріліп, жарық сөніп қалады. Сол себепті электр желісі мен бағаналарды жаңарту қажет. Осы тарапта ауылдардағы электр желісі мен бағаналарды жаңарту бойынша жұмыстың оң шешімін табуын колға аламын;
- Қоршаған ортаны қорғауды ынталандыру жүйесін құру, ауыл көлеміндегі экологияны, тазалықты сақтауға, эстетикалық талғамға сай таза болуына, ауыл мәдениетінің дамуына, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын тұрақты жүргізуге, ауылдардағы қоқыс полигондарын кеңейту және қайта қоршауға ықпал ету;
- Аз қамтылған, көп балалы отбасылар мен тұл жетім, жетім балалардың өмір сүру мүмкіншіліктерін кеңейтуге, осы санаттағы отбасыларды қолдауда жедел іс-шараларды жүзеге асыруды қолға алу;
- Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін толықтыруды, тиімді игерілуін, бюджеттік және төлем тәртібін қатаң сақтау бойынша жұмыс жүргізу.
Құрметті сайлаушылар! Ауыл тұрғындары!
Мен Жаңаарық және Жаңаталап ауылдық округтерінде орналасқан Ақтоғай, Ұ.Сыздықбаев, Жаңаталап және Ұйым елді мекендері тұрғындарының әлеуметтік ахуалын, әл-ауқатын, тұрмысы мен өмір сүру сапасын едәуір арттыру бойынша қойылған міндеттерді шешу үшін сайлауда өзімді «Халық қалаулысы» ретінде ұсынуға барамын.
Менің ең басты мақсатым – еліме адал қызмет ету. Тәуелсіз Қазақстанның қарқынды дамуына барынша үлес қосу. Біз бірге барлық мақсаттарға қол жеткізе алатынымызға, Сіздерді, ауылымыздың жарқын болашағы үшін дұрыс таңдау жасайтындарыңызға сенімдімін! Сайлауға белсене ат салысуға шақырамын.
Маған дауыс беріңіздер, сенімдеріңізді ақтаймын!
Мықты мемлекет Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!