НАШАҚОРЛЫҚҚА — ЖОЛ ЖОҚ

0

Бабаларымыз «Аурудың алдын ал, жаудың алдын ал, қайта көтерілген даудың алдын ал» деген екен. Ғасыр дертіне айналған есірткі және оны тұтынудан аулақ болу, кеселдің алдын алу қажеттілігі бүгінде күн тәртібіндегі ең басты мәселенің бірі болып келеді. Есiрткi жер бетiн әбден жайлап алды. Кез келген мемлекеттiң алдында нашақорлыққа күрес ашық жарияланып отыр.

Нашақорлық – тұңғиық түбі, адамды еліктіретін аждаһаның бір басы. Дүниежүзі елдерін жайлап, күн сайын тамырын тереңге жайып, асқынып бара жатқан нашақорлықтың мұншалықты етек алуы неден деген сұраққа жауап іздеп көрейікші. Менің ойымша, оның басты себебі- еліктеушілік, отбасындағы тәрбиенің тізгіннен кетуі, немесе жан күйзелісі, жоқшылық, қымбатшылық, жұмыссыздық болуы да мүмкін.

Нашақорлық ұлт таңдамайды. Есірткіге құмарлық өмір бойы сақталуы мүмкін. Тек санаулылары ғана есірткіге тәуелділікті жеңе алады. Қауіптен құтылудың ең дұрыс тәсілі – оларды еш уақытта татып көрмеу. Дана халқымызда: «Аллам сақтанғанды сақтайды» дейді. Сондықтан жаман әдет, жат қылықтан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанғанымыз жөн болар.

«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен»- деп халқымыз бекер айтпаған. Жақсыны көріп, тыңдап, соған ұқсау керек. Жаманды көріп, зардабын сезіп, бойыңды аулақ ұстау білімділіктің, көрегендіктің белгісі. Өсер елдің баласына лайық салмақты, сабырлы, білімді, жат қылықтан аулақ, елдің ертеңгі азаматы болып өсе берейік!

Г.Төлеубаева,

Жаңаарық ауылдық округінің  жас маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.