ӘСКЕР – ЕЛ АЙБЫНЫ

0

Елдің біртұтастығы мен халықтың тыныштығын сақтауда айбынды сарбаздардың атқаратын рөлі ерекше. Темірдей тәртіпке бағынған олар күндіз-түні кірпік қақпай күзетте тұрады. Әскери киім киіп, Отан үшін адал қызмет ету – үлкен жауапкершілік жүктейді. Күзгі әскерге шақыру бойынша Жаңатас қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы, майор Асан Есенғалиұлы Пшаевты әңгімеге тартқан едік.

–Асан Есенғалиұлы, Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім дегенде біздің ойымызға мерзімді әскерге шақыру оралатыны жасырын емес. Сіз басқаратын бөлімнің міндетін білсек.

– Негізі қорғаныс бөлімі Қазақстан Республикасының жергілікті әскери басқару органдары қатарында бейбіт және соғыс уақытында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс атқарады. Сол арқылы адам және көлік ресурс-тарын жұмылдыруды жүргізу жоспарын, азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына мерзімді әскери қызметке, запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыруды және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылдауды, ауданның әскери-экономикалық әлеуетінің есебін жүргізуді қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда біздің бөлімде жұмылдыру, жасақтау және материалдық-қамтамасыз ету бөлімшелері өздеріне қойылған міндеттерді жүзеге асырады.

–Әскерге шақырылу-шыларға қойылатын талаптар қандай?

– Қазақстан Респуб-ликасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-ІV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының талаптарына және Сарысу ауданы әкімінің 2022 жылғы 4 наурыздағы №31 «Азаматтарды 2022 жылғы наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында мерзімді әскери қызметін өтеуге кезекті шақыруды ұйымдастыру туралы» қаулысына сәйкес әскерге шақырылушы азаматтардың денсаулығы жарамды, соттылығының болмауы және Отан қорғауға деген ниетінің болуы қажет.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне және басқа әскерлері мен әскери құрамаларына мерзімді әскери қызметке  шақырылуға жататын барлық ер азаматтар шақыру қағазындағы көрсетілген құжаттармен шақыру бөлімшесіне белгіленген күнінде және сағатында келуге міндетті. Шақыру қағазын алмаған ер азаматтар 2022 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында Жаңатас қаласының  Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөліміне жеке басын куәландыратын құжатын алып келуге міндетті.

Қазақстан Республикасы-ның «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының негізінде мекеме, кәсіпорын, ұйым оқу орындарының басшылары әскерге шақырылушыларды жұмыстан (оқудан) босатуға, іссапардан шақыртып алуға және шақыру бөлімшесіне уақытылы келуіне жағдай жасауға міндетті.

Қазіргі таңда жастарды үй-үйге шақырып жүрмейміз. Ұялы байланысына хабарлама жіберу арқылы да шақырамыз.

– Қандай жағдайда шақыртудан кейінге қалдырылады?

– Мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны кезінде кейінге қалдырылуы және әскерге шақырылудан босатылуы Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-ІV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңының 35 бабына сәйкес отбасы жағдайына (отбасында мүгедек, ата-анасы болмаған жағдайда, ата-анасының зейнеткерлік жасқа толуына, некеде тұруы және т.б.), білім алу жағдайы (күндізгі бөлім және жоғары білімін жалғастыру) үшін және басқа да себептері (ауыл мұғалімдері мен дәрігерлері) бойынша әскер қатарына жіберу кейінге қалдырылады.

–Әскерге барудан жалтарып жүргендерге қандай шара қолданылады?

– Қазақстан Республикас-ының Қылмыстық кодексінің 387 бабына, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 647, 648, 649 және 650 баптарына сәйкес мерзімді әскери қызметке барудан жалтарып жүрген азаматтарға айыппұл негізінде жауапкершілікке тарту құқық қорғау органдарымен бірлесіп шешіледі.

–Бөлімде жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге байланысты нендей шаралар ұйымдастырылуда?

– Қазақстан Республикасы Конституциясының 36-бабында «Қазақстан                 Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті болып табылады» деп жазылған. Осыған сәйкес, Сарысу ауданындағы жастармен әскери-патриоттық жұмыс-тар жергілікті атқару органдарымен бірлесе жүйелі ұйымдастырылуда. Аудан көлеміндегі білім беру мектептерінде жастарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында оқу орындарында оқитын жастарды патриоттыққа тәрбиелеу бағытында және алдағы уақытта әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеуге дағдыландыру үшін аудандағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ауған соғысының ардагерлерімен және әскери қызметін атқарып келген жастармен кездесулер жиі өткізіліп тұрады.

Сондай-ақ мектеп жасындағы жастарды әскери оқу орындарына түсуі үшін мақсатты жұмыстар атқарылуда.        Алматы қаласындағы құрлық әскерлерінің институты мен радиоэлектроника және байланыс әскери институты, Ақтөбе қаласындағы әскери әуе күштерінің институтына құжаттар қабылдау жыл сайын жүргізіледі.

– Қазіргі таңда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Жаңатас қалалық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде күнделікті міндеттерінен бөлек, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жоғары басшылықтан келген наряд негізінде басталды. Осыған сәйкес ауданда шақыру қатарына жататын азаматтарды көктемгі және күзгі мерзімді әскери қызметке жіберу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында жергілікті басқару органдарымен бірлесіп жоспар жасалды. Соған сәйкес аудан әкімінің қаулысы шығарылып, аудандық шақыру және шақырылушы азаматтардың мерзімді әскери қызметке жарамдылығын анықтау мақсатында медициналық комиссиялары құрылды.

Жамбыл облысының Қорғаныс департаментінен 60-тан аса шақырылушыны әскер қатарына жөнелтуге тапсырыс түскен болатын. 2022 жылдың көктемінде  мерзімді әскери қызметке берілген тапсырысартығымен орындалды. Ал, күзде мерзімді әскери қызметке шақырылу бойынша берілген тапсырманы да артығымен орындауға дайын отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген:
Камели СҮЛЕЙМЕНОВА,
«SARYSÝ»

Leave A Reply

Your email address will not be published.