ТҮРКІСТАНДА ТҮРЕН ТАРТҚАН ТЕХНИКАЛАР ТҮРЛЕНУДЕ

0

Шаруа-фермер жұмысының тиімділігі, егістіктердегі түсімділік шаруашылыққа тартылған техниканың сапасына тікелей байланысты. Қуатты және қазіргі ауылшаруашылық техникаларын пайдаланса, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстың өнімділігі мен сапасын арттыратындығы баршамызға аян. Дақылдың күзде немесе көктемде себіліп, өнуі, ала жаздай күтіліп, түсім беруі, күзде орылып, қамбаға түсуі бірнеше факторға тәуелді екені белгілі. Жалпы, шаруа жайының тең жарымы табиғи-климаттық және экономикалық жағдайлармен қатар,  техникалық жағынан қамсыздануға да байланысты. Бүгінде бұл еліміздің ауыл шаруашылығы-өндірістік кешеніндегі өзекті мәселенің бірі. Өйткені ескі техникамен шаруа  мандымайтыны рас.

Шалғымен шөп шауып, орақпен егін оратын заман өтті. Әр үйдің дастарқанындағы нанды  қырманға жеткізу бұрынғыдай адам күшімен емес, техникамен атқарылады қазір. Бұл күнде ат артып, өгіз тартқан шаруаның емес, қолында қарапайым тракторы бар ауыл азаматының ісі алға басты. Сапалы техника мүмкіндікпен қатар, ертеңгі күнге деген сенімділікті де арттыратыны рас.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің өткен жылғы қыркүйектегі Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін айтқан болатын. Ал заман талабына сай болу үшін шаруа заманауи әрі сапалы техникамен қамтылуы қажет.

Түркістандық егін шаруашылы- ғымен айналысқан шаруа қожалық төрағалары да техника жаңартпай, жұмыстың өнбейтінін көріп-біліп, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға да белсене кірісті.

2020 жылы «ҚазАгроҚаржы» арқылы ауылдық округімізге   12 дана ауыл шаруашылығы техникалары  жалпы құны – 174 млн. 795 мың теңгеге алынса, 2021 жылы 13 дана ауыл шаруашылығы техникалары жалпы құны – 155 млн.180 мың теңгеге лизингке және жеке қаражаттарына алынды.Ал биыл жыл басынан бері «Тасбұлақ»,  «Азамат-2002» шаруа- шылықтары жаңа «БЕЛАРУСЬ-892, БЕЛАРУСЬ-82,1» тракторларын алып қойды.

Түркістандық дихандар көктемгі егіс-дала жұмыстарына тас-түйін дайындалып, Жер-Анаға түрен салатын уақытты дайындықпен күтуде!

Жанысбек АРЫСТАНБЕКОВ,

Түркістан ауылдық округі әкімі аппаратының бөлімше басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.