Дін және қоғам

0

       Еліміздің ертеңі бүгінгі өскелең ұрпаққа тікелей байланысты. Ендеше, еліміздің болашағы жастар болғандықтан, олардың рухани тәрбиесіне ерекше мән беруіміз қажет. Хакім Абай: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі», — дейді. Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың: «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл болып өседі, құлша тәрбиелесең – құл болып өседі», — деген сөзінің астарында жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеу жатыр.
Қазіргі уақытта тәрбие беру, имандылық пен ұлттық негізде жүйелеуді қажет ете бастады. Сол себепті, дәстүрлі ислами ілім мен ұлттық сипатымызды жастар бойына сіңіре алсақ, оның қоғамға әкелер пайдасы көп. Мәселен, ақпараттар тасқындаған заманда, жастарымыздың таза ислами білімі болса сырттан келген ақпараттарды «ішкі сүзгіден» өткізе алар еді. Демек, ішкі, сыртқы қорғаныс қабаты қалыптасар еді. Соңғы кездері елімізде дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарастарға үйлеспейтін түрлі пікірлер, ұстанымдар шыға бастады. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізуде. Әуеліде кемшілігі жоқ боп көрінген бұл ағымдар уақыт өте келе «жылтырағанның барлығының алтын емес» екендігіне көзімізді жеткізгендей болды. Бүгінде мектеп оқушылары мен студент жастар сол жат пиғылды ағымдардың қармағына тез ілініп, ата-анасына, ұстаздарына, елінің ұстанымына, ұлтының салт-дәстүріне қарсы шығып жатуы сол қорғаныс қабілетінің жоқтығынан болып жатқан жайттар. Сондықтан, жастардың рухани тәрбиесіне ерекше мән беруіміз қажет. Ол үшін ата-ана балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт сілтеп, мешіт қабырғасынан сауат алуға кеңес бергені жөн. Сонда ғана бала ұлтының рухани тірегі, дінінің қорғаушысы болары ақиқат. Егер ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, оңды бағыт-бағдар көрсетпесе, жат ағымдар өз мүддесіне пайдаланып кетуі әбден мүмкін.
Дәстүрден тыс діни ағымдардың түпкі ниеті біреу-ақ, ол — қарапайым адамдарды өз мақсат-мүдделеріне пайдалану, сол арқылы материалдық игілікке кенеліп, билікке қол жеткізу. Ал мұның салдарынан түрлі діни ағымдардың жетегінде кету арқылы отбасын ойрандатып, қоғамды шулатып, экстремистік, террорлық іс-әрекет жасап, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне орасан зиян тигізуі әбден мүмкін.
Шынында діннің атын жамылған ағымдар мен топтар діни сауаты аз азаматтарымызды өз қармақтарына түсіріп, тіпті өздеріне белсенді жақтасқа айналдыруда. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді қазақ. Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Діни білімді кез-келген адамнан алмай, мешіт қызметкерлерінен сұрағанымыз абзал. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты ақпарат құралдары жұмыс жасауда. Дін істері комитеті мен діни басқарма тарапынан дұрыс-бұрыстығы зерттеліп, бекітілген діни әдебиеттеріміз көп. Демек, діни қажеттілікті қанағаттандырарлық жұмыстар атқарылып жатыр. Аллаға шүкір, білікті білімді дінтанушылар, имамдар, ұстаздарымыз көбейіп келеді. Осының барлығы елдің игілігі мен халық мұратына жұмыс жасауда.
Қазақтың болашағы – тек бірлікте. Дана халқымыз: «Ынтымақ түбі — игілік», — деп бекер айтпаса керек. Ұлт пен ұлысты бауырына басқан бүгінгі қазақ елі берік ынтымағының арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Елдің жеткен әр жетістігінде ынтымақты ту еткен ел азаматтарының қосқан үлесі бар деп білген жөн. Ал, егер ел ішінде діни алауыздық туындап жатса, ынтымақты емес, бүлікті жақтаушы топтардың шырмауындағы жандардың әрекеті екені даусыз. Алла ондайдан сақтасын. Сол үшін жастарымыз бірлікті берік ұстап, ынтымақты ту етіп, имандылықты жанына серік етсе, кез-келген ағымға төтеп беріп, елдің рухани тірегіне айналары сөзсіз.

Д.Жұмабаев, Исламтанушы

Leave A Reply

Your email address will not be published.