ҒАЛАМТОРДАҒЫ КҮДІКТІ ДІНИ УАҒЫЗДАУШЫЛАР

0

Дiни ағымдардың  қазақ жерінде күнi кешеге дейін бой көтермей енді соңғы жылдарда бой көтере бастауы да, әлемдегі саяси үдеріс жахандық құбылыстың әсері мен ықпалын бар екенін жасыра алмаймыз. Кешеге дейiн бар қазақ ислам дiннің, бiр түсінікпен қалыптасқан діни ұлттық бірегейлікті ұстанып келдi. Сенiмi де, мақсат-мүддесi де бiр болды. Ендi бүгiн әлемде түрлi мүдделер – кертартпа-жатпиғылды ағымдар көбейіп, дiнiмiзге әртүрлі жаман атаулар таңылуда.

Жат ниетті ағым, қарапайым халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту мақсатында қаншама айлы-шарғыларын жасап әлек. Исламның атын жамылған ағымдар ашық та, жасырын да ел ішінде түрлі бағытта қызмет жасауда. Мейілінше қазақтың дүниетанымына сай келетін  Ханафи мәзһабын мойындамайтындар  байқалады. Ал, сондай  ағымдардың жетегіне түскен бауырларымыз  дін мен ағымның арасын ажырата алмай қалды.

Жат ағым өкілдері қарапайым халықты қалай алдап-арбайды? Оның басты  амалдары  қалай жасалады?

Қандайда бір «діни ағым» топқа жаңа қосылған адамды, әдепкі уақыттарда діни  мәселеге байланысты түпкі ойын өзгертеді. Өздерінен басқаның бәрін адасқан санатына қосып, дәстүрлі ислам құндылықтарына қарсы қояды. .

Өз орталарында бір-бірлеріне ұйымшыл бауырмалдықпен байланыс жасап, адамның рухани қызығушылығын ояту арқылы қамқорлыққа алып  шынайы бір жанашырындай көрінеді. Үнемі оған көңіл бөледі, бұл нәрсе «ағымға жаңа қосылған адамның» жанына жағымды болады. Осыдан, діни түсінігі  алданған адам, дін мен дәстүрге қарсы шығып, өз Отанына, ата-ана, ағайын-туыс, қоршаған ортасына деген  келіспеушілік  қырларымен өзі шырмалған ой сезім сұрақтарын оятады.

Діни ағымдағылар қоршаған ортадан іргесін аулақ салып, қоғамнан бөлектене бастайды. Өздері мойындаған көңілдеріне жағатын «ұстазға» тәуелді болып қалады. Демек, «періште ұстаздан» өзге жанның сөзін құлаққа ілу, осыған дейінгі уақытта өмір сүрген ортаның салтымен санасудың қажеті болмай кетеді.

Адамның ойлау қабілетін тежейтін тәсілдерді қолданады. Мәселен, «шектеулі болған ұстаздардың» бір сарынды уағызын ғана тыңдату. Бұл адам психологиясын тәуелділікке әкеліп соқтырады. «Тыңдарман» өзінің бұрынғы отбасынан алған тәлім-тәрбие, қадір-қасиеттерін бір сәтте жоққа шығарып, өзі түскен ағымға ұнамды бейнені қабылдап алады. Мұның соңы бөлінуден басқа ешнәрсеге алып бармасы анық.

Исламнан нәр алған бабаларымыздың ұстанған жолы – береке мен бірлік болған-ды. Ал, дініміз мұсылмандардың басқа жолдарға бөлінуіне әрқашан да зиян екенін ескертеді. Негізінде елімізде пайда болған кез келген ағымды «жақсы-жаман» деп қарастыруға болмайды. Неге? Өйткені, олардың түпкі діни саси мақсатында: «бөліп ал да, билей бер»-деген түсінік жатқаны анық.

Ал, шындығында мұсылман қандай болу керек? Әрине, нағыз мұсылман кісіге үкім шығарып, «сен кәпірсің, күнәһарсың» деген сөздерді қолданбауы қажет. Сондай-ақ айналасына пайда тигізетін мейірімді жан болуы тиіс. Өйткені ардақты пайғамбарымыз: «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген адам», – деген. Демек, қоғамға пайдалы болғаның – жақсы мұсылман болғаның.

Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Діни білімге сусаған кезде, бір діни мәселеге тап болған сәтте әркімге жүгінбей, арнайы «дін мамандарынан» кеңес сұрағанымыз абзал.

Әсіресе, ата-аналар балаға дін мәселесінде дұрыс бағыт сілтеп, мешіт қабырғасынан сауат ашуға кеңес бергені жөн дер едім. Егер ата-ана балаға имандылық мәселесінде дұрыс тәрбие беріп, оңды бағыт-бағдар көрсете алмаса, жат ағым өкілдері оны өз мүддесіне пайдаланып кетуі әбден мүмкін.

Қазіргі таңда қайсыбір ата-ана баласы дінге бетбұрыс жасап, намазға жығыла бастаса кәдімгідей қорқатын жағдайға жеткен. Мұндай жайт ата-бабамыздың өңі түгілі түсіне де кірмеген болар.

Алайда, өкінішке қарай, бүгінгі жаһандану заманында еліміздегі ахуал осындай. Бұл арада мәселе діннің өзінен емес, «дін атын жамылушы теріс пиғылдылардың» құйтырқы әрекетінен ушығып тұрған жайы бар.

Бүгінгідей кезеңде басты қатер-ашық-шашықтығымыз. Осы ұрым- тал тұсты пайдаланушы жымысқы әрекетті әрқандай жат ағымдар ұлтымызға жақын «дін» атын жамылып кез келген бағыт бойынша, соның ішінде ғаламтор арқылы да жастарымыздың санасын улап, қоғамымызға іріткі салуда.

Көбіне сырттан қаржыландыры- латын діни ұйымның басты мақсаты болады, ол – қоғамға іріткі салу. Сондықтан олар қоғамда дүрбелең туғызатын қозғаушы күш, тобыр іздейді.

Әңгімені қорытындылай келе айтарым: түсіне білген адам үшін дін – тек намаз оқу емес, ол күрделі ғылым. Ол ғылымды игеру үшін білімнің қажет екені айтпаса да түсінікті. Ғасырлар бойы ұлы даламызда салтанат құрып келе жатқан исламның қадір-қасиеті адамзат үшін басты құндылық.

«Құдайды бір, Пайғамбарды хақ, Құранды шын» деп таныған бабаларымыздың аманаты мен жолын жалғастыру – біздің міндет. Қазіргі  жас буынға рухани тәрбие берiп, дiни сауатын ашу үшiн барлық мүмкіндіктер жасалуда еліміз қоғам үшін бұл қажет.

Әрбір адамның жаны, өмірі – өзіне аманат болса, бүгінгі адамзат қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру да – баршаға аманат екендігін ұмытпайық.

Құрметті халқым, ел болу үшін, ең алдымен өз ішімізден бөлінуге жол бермейік. «Бөлінгенді бөрі жейді»-демекші, іштегі бірлік кетіп, алауыздық туындаса, сырттан келіп, елімізді ойрандап, іріткі салу оңайға түседі.

Сол үшін, жастар, жалпы  мұсылмандар қауымы қандайда бір  діни топтың жетегіне ермей, мемлекетің атынан ресми тіркелген қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерінің  пәтуасына жүгініп, дәстүрімізбен ұштасқан ихсан ілімінің негізінде қалыптасқан   Абай, Шәкәрім аталарымыздың жазып кеткен діни дәрістерінен рухани азық алайық. Отанды-сүю иманнан демекші   еліміздің ішкі тұтастығы мен қауіпсіздігін, тыныштығын сақтауда бірлігімізді бекемдеп, ерінбей еңбек етіп, көзіміздің қарашығындай қорғауымыз – азаматтық әрі мұсылмандық борышымыз екенін естен шығармайық, халайық!

М.Мырзағараев,

теолог, Жамбыл облысы әкімдігінің дін істері басқармасы

«Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің

Сарысу аудандық инспекторы

Leave A Reply

Your email address will not be published.