Жалған арыз жарға жығады

0

Сарысу ауданына келген әкімдердің үстінен жалған арыз жазу жыл өткен сайын бірде – бір толастаған емес. Ауданымызға келгеніне 4 – 5 ай болған жас әкім Марат Қырғызәліұлының үстінен аудан әкімшілігінің ғимараты өртенді деп белгісіз біреулер жалған арыз жазып, арыздың соңына өздерінің аты  — жөнін жазбай Саудакент елдімекенінің тұрғындары: Сатов Егізбек, Әбдіқалықов Сейітқадыр, Ермекбаев Болат және ауданның Қоғамдық кеңесінің төрағасы Дәулетбаев Жақсыбектің аты – жөндерін арызға жазып жіберген. Бұл азаматтардың аты – жөндерін көрсетіп, жалған арыз жазудағы арызқойлардың түпкі мақсатында не жатыр?

Ауданымызға белгілі халықпен бірге араласып жұмыс істеп жүрген елдің бірлігін сақтауды мақсат еткен сыйлы азаматтарды аудан әкіміне қарсы қойып, ел арасына іріткі салуды көздеген бе? Осы жалған жазылған арызды анықтау мақсатында Е.Сатов, С.Әбдіқалықов, Б.Ермекбаев және Ж.Дәулетбаевтар мен сұхбаттасқанымызда бұл жалған арызға ешқандай қатыстары  жоқ екенін алға тартты. Зерделеу барысында бұл азаматтардың аудан әкімі М.Қырғызәліұлына  деген ешқандай ала бөтен артық сөздері жоқ екенін, қайта жас әкімге ақыл – кеңестерін беруге әрдайым дайын екенін ашық айтты. Осындай жазылған жалған арыздардың орға жығатынын айта келіп,  көптен бері мені мазалап жүрген бұрынғы аудандық билер кеңесінің үстінен еш негізсіз жала жауып, облыстық ардагерлер және Билер  кеңесіне жазылған «Ашық хаттың» Сарысу ауданының «Алтын алқа» иегерлері мен ардагер аналардың атынан жазылуының түп тамырында не жатқанын, аналардың тасасында жатып «Ашық хатты» кім жаздыртып, тапсырма бергенін анықтау мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізуді дұрыс деп таптым. Себебі, бүгінгі таңда Сарысу ауданында белең алып отырған «жалдамалы» арыз жазушылардың көбейіп бара жатқаны аудан тұрғындарына мәлім бола бастағаны ақиқат. Менің мақсатым біреуді қаралап, біреуге жала жабу емес, Сарысу ауданының тұрғындары бұрынғы Билер кеңесінің үстінен жазылған  жалған «Ашық хаттың» шынайы шындыққа жанаспайтынын аудан тұрғындарының білгенін қалап, осы мақаланы зерделей отырып жазуды көздедім.

«Ашық хатта» Сауда- кент елді мекенінің тұрғыны, зейнеткер Егізбек Сәтұлының  қазақтың белгілі ақын – айтыскер жырауы Майкөт Сандыбайұлының еңбегін  иемденіп алғанын, осындай келеңсіздіктерге жол беріп, уақытында «Алқа билер» кеңесі қайда қарап отыр деп жазған. Біріншіден, айтатын мәселе ұлы айтыскер Майкөт Сандыбайұлы бүкіл Түркі жұртына, қазақ халқына танымал ұлы тұлға. Сондықтан, Егізбек Сәтұлының Майкөт бабасы туралы көптен бері жинақтап жүрген тарихи құжаттар негізінде «Ұлы дала Гомері» кітабын шығаруы заңдылық деп есептейміз. Бұған ешкімнің де күмәні, таласы болмау керек. Екіншіден, «Ашық хатта» Егізбек Сәтұлының алқа билер кеңесінің мүшесі деп жазуы қате, ол мүшесі болған емес. Бұрыңғы Билер кеңесінің үстінен жазылған «Ашық хатта» мүше болмаса да Егізбек Сәтұлына жала жауып, Билер кеңесімен байланыстыра жазуының астарында не жатыр? Біздің ойымызша құрық бойламайтын сұрқиялық жымысқы әрекеттер арқылы зейнеткер Егізбек Сәтұлының ар – ожданын таптап, аяқ асты етті деп есептейміз.

Алғашқы Қазақстанның тәуелсіздік алған жылдарынан бастап, Қалмырза Жандарбек Сарысу халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, халқына араша болған нағыз алаштың арда азаматы. «Ашық хатта» еш дәйексіз жазылған жалған ақпараттарға Сарысу халқы еш сенбейді. Сол жылдардан бері 2021 жылға дейін Қалмырза Жандарбек бастаған Билер кеңесі 400 – ден астам іс қарап оның 300 – ге жуығы іс жүзіне асырылды. Түрлі сала бойынша әсіресе, мал дауы, жер дауы, неке бұзу  және тағы басқа мәселелер бойынша күніне Билер кеңесіне шағымданып 10 – 15 адамнан келіп тұрды. Ризашылықтарын, алғыстарын білдіріп жатты. Сонымен қатар, аудандағы бұрынғы Билер кеңесінің адал атқарған жұмыстарын облыс көлеміне таныту мақсатында «Адал – би, әділ – би» кітабы баспадан шығарылып облыс, Республика көлеміне облыстық ардагерлер, Билер кеңесі бірауыздан қолдап, таратты. Бұл әрине, Сарысу ауданында құрылған бұрынғы Билер кеңесінің халқы үшін атқарған адал қызметтерін облыстық ардагерлер, Билер кеңесінің берген әділ бағасы болатын.

Бірақ соған қарамастан кейбір іші тар, пейілі бөлек, елдің басын біріктірмейтін пысықайлардың салдарынан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаевқа және Билер кеңесінің төрағасы О.Есіркеповке «Алтын алқа» иегерлері мен көпбалалы аналардың атын жамылып, тасасында жатып, «жалдамалы» арыз жазушыларды пайдалана отырып, жоғарыға жалған ақпарат жіберген.

Осы «Ашық хаттың» негізінде облыстан арнайы 7 адамнан құрылған  комиссия келді. Құрамында Билер кеңесінің төрағасы Есіркепов Оңласын және облыстық ардагерлер кеңесінің орынбасары, басқа да  әр түрлі құзырлы орындардан кісілер келіп, тексеріс жүргізілді. Облыстық комиссияның тексеру барысында бұрынғы Билер кеңесінің жұмысының нәтижелі жүргізілгеніне көздері жетті. Сонымен қатар, Билер кеңесінің құжаттарын тексергенде тек қана хаттаманың нөмірі қойылмаған деген ескерту айтылды. Басқа құжаттардың Билер кеңесінің талабына сай жүргізілгеніне көздері анық жетті. Облыстан келген комиссия «Ашық хатта» көрсетілген деректердің жалғандығына көздері жеткені анық.

Шындыққа көз жеткізбей тұрып, аудан көлемінде бұрынғы Билер кеңесінің жұмысын Сарысу ауданының аналарының атын жамылып, облысқа жалған ақпарат беріп, ел арасына іріткі салудағы көздеген мақсаттарының астарында не жатыр? Әрине, бұл хатты аналардың атын жамылып жаздырып отырған белгілі бір топ бар екені ақиқат. Бұларға айтарымыз шырылдап шындықты айтып жүрген, аналардың  құқығын қорғаған бұрынғы Билер кеңесінің төрағасы Қалмырза Жандарбек пен Билер кеңесінің мүшелеріне жасалған қиянат деп есептейміз. Әрине, бұл зерттеу алдағы уақытта аудандық сот шешімінен кейін өз жалғасын табатын болады. Бұл мақаланы жазудағы біздің мақсатымыз бұрынғы Билер кеңесінің үстінен жазылған хаттың Билер кеңесінің мүшелерінің ар – ожданын таптаған жалған «Ашық хат» деп есептейміз. Сонымен қатар, бұрынғы Билер кеңесіне айтылған, жалған жалалардың бірі «бұрынғы Билер кеңесі саясатпен айналысады», және «аудандық ардагерлер кеңесімен есептеспей өз беттерінше жұмыс жүргізеді» деген біржақты жалған пікірлер айтылған. Сондықтан, аудан  халқының бірлігін сақтау үшін аудандық ұйымдар (ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес, билер кеңесі, дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы) бірігіп бірін – бірі түрткілемей, ауыз бірлікте жұмыс істегендері абзал.

Жалғандық орға жығаты- нын «Ағайын» ешуақытта ұмытпағанымыз абзал!

Құдайберген Мәмбетов,

ауданның бұрынғы Билер кеңесінің жауапты хатшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.