Аудан әкімі М.Сұлтанғалиевтің «30 тамыз — Конституция күні» мерекесімен аудан тұрғындарын құттықтауы

0

Құрметті аудан тұрғындары!

Баршаңызды Тәуелсіз Ел тарихындағы ең басты мерекенің бірі — Қазақстан Республикасының Конституция күні мерекесімен құттықтаймын!

Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениет- тің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы осыдан 26 жыл бұрын тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, мемлекетіміздің құқықтық негізін айқындаған Ата Заңымызды қабылдануы үшін бірауыздан дауыс беріп, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты.

Қазақстан Республикасының Конститу- циясы шын мәнінде еліміздің көркеюінің күре тамыры болып табылып, тәуелсіздіктің баянды болуының негізін қалады.

Конституция – мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі!

Биылғы жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы және т.б. маңызды оқиғаларға толы.

Бұл жыл – ортақ тарих пен тағдыр мәңгілікке біріктірген халқымыздың бірлігін паш ететін жыл. Қазақстан – бұл біртұтас жер, біртұтас халық, ортақ болашақ!

Біздің басты ортақ құндылықтарымыз – Тәуелсіздігімізді, егемендігімізді, бірлігімізді, Қазақстан халқының бейбітшілігі мен келісімін сақтау, әлеуметтік-экономикалық жағынан даму болып табылады.

Осы жылдар ішінде біз аумақтық тұтастығымызды, қоғам бірлігін, тұрақтылықты сақтай алдық. Конституция еліміздегі саяси, әкімшілік, экономикалық-әлеуметтік және құқықтық реформалардың жүзеге асуына негіз бола алады. Ата Заңымыз бір арнаға тоғыстырылған, қағидалары тұжырымдалған тарихи құжат болды.

Елімізде бейбітшілік, тәуелсіздік, тұрақтылық орнады. Еліміздің барлық азаматтарына ұлтына, дініне, нәсіліне, жынысына, жасына бөлместен бірдей құқық берілді.

Сондықтан біз осындай бірлігімізді сақтай отырып, ұланғайыр байтақ даланы ақ білектің күшімен қорғап қалған батыр бабаларымыздың асқақ аманатына адал болуымыз керек. Олар елі азат, жері тұтас қуатты мемлекет құруды, жерұйықта ғұмыр кешуді аңсады. Осы арманды ақиқатқа айналдыру бақыты біздің ұрпаққа бұйырды. Елімізді әлемнің маңдайалды мемлекеттерінің қатарына қосып, қарқынды дамытып, Қазақстанды қарыштап өркендете беру — біздің қастерлі де қасиетті борышымыз деп санауымыз керек.

Осы бағытта ауданымызда да бірқатар игі шаралар атқарылуда. Жыл сайын босаған көпқабатты үйлер қалпына келтіріліп, ел игілігіне берілуде. Қала және ауыл ішіндегі көшелер ретке келтіріліп, инвестициялар көптеп тартылуда. Әлеуметтік және спорттық нысандар мен жаңа демалыс орындары бой көтеріп, ауданымыз ажарлана түсуде.

Осынау игілікті істер мен жеткен жетістіктеріміз тұғыры биік  Конституция- мыздың арқасында ғана мүмкін болып отыр.

Президентіміздің алға қойған міндеттерін кезең-кезеңімен шешуіміз аудан экономикасының қазіргі дамуына әкеліп отыр. Мұнда әрбір сарысулық азаматтың еңбегі барын ұмытпауымыз керек.

Қымбатты сарысулықтар!

Сіздерге бейбітшілік пен береке, амандық пен саулық тілеймін!

Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болғай.

Еліміз үшін ең қастерлі де, ұлық мереке Қазақстан Республикасының Конституциясы күні құтты болсын. Тамыры «Жеті жарғыдан» тартылған Ата заңымыздың айбыны асқақтай берсін!

Leave A Reply

Your email address will not be published.