КӘСІПКЕРЛІККЕ – КЕҢ ӨРІС

0

Бүгінгі таңда Қазақстанда «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Бұл – күнделікті қолданатын тауарлар мен қызметтер. Олардың қатарында тоқыма өнімдері мен жиһаз, азық-түлік өнімдері өндірісі және басқа да тауарлар бар.

Аталған бағытты дамытудың қажеттігі туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев та «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты  Жолдауында және Мемлекет  басшысы Қ. Тоқаев «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында атап өтті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде қаламызда, ауылдық округтерде шағын кәсіпкерлік дамып, шаруасын жаңадан бастап, үй ауласындағы жерді тиімді  пайдаланып өз кәсіптерін дөңгелетіп жатқан жандар баршылық. Әріптестеріміз сол кәсіпкерлердің еңбектерін  жазып, газетіміздің нөмерінде үздіксіз жарыққа шығаруда.

Іссапармен Жайылма ауылына атбасын бұрып, Бекмұрат Амангелдіұлының жаңадан салынған кірпіш шығаратын шағын цехымен танысқан болатынбыз.

Кәсіпкер Бекмұрат Амангелдіұлы:

— Өзімнің алған мамандығым инженер-механик. Қалада біраз уақыт қызмет атқардым.  Бұл цехты ашпас бұрын көп іздендім.  Сөйтіп ауылдың бос жігіттерін жұмысқа тартып, еңбекке баулығым келді. Ойлаған ісім жүзеге асты. Осы цех ашылғанына екі аптадай уақыт болды. Күнделікті  төрт мың кірпіш шығарып жатырмыз. Кірпіштің  көлемі 25х12, ені 7. Кейін ол қатты қысымның әсерінен қалыпқа келіп, кесіледі. Тек содан соң кептіріледі.  Қарамағымда 4 адам жұмыс жасайды, күнделікті табысы 5 мың теңге.  Қазір ауылдың өзінен 25 мың кірпішке тапсырыс түсті.  Бір кірпіштің бағасы қолжетімді. Ең бастысы кірпіштің сапасы жақсы болса болғаны. Өйткені жұмыстың көрсеткіші мен сұраныстардың зор болуы соған қатысты болмақ. Жалпы бұл ауылда ашылып отырған бірегей цех  болып отыр. Ауылымызда осыдан 50 жыл бұрын  кірпіш шығаратын  цех болған екен. Тоқырау жылдарында бұзылып кетіпті. Міне, бүгінгі таңда  осы жобаны қолға алдық.  Алдағы жоспарым мемлекет және жергіліктті әкімшілік тарапынан қолдаулар болса, бұл цехты үлкейтіп,  пеш салып, қызыл кірпіш шығарып, Қазақстанның әрбір өңірлеріне жіберсем деген ойымыз бар. Қазір облыста тұрғызылып жатқан құрылыс нысандары көп. Сол себепті өніміміз жоғарғы сұранысқа ие болады деген үміттеміз,-деді.

Ауылдан жаңадан ашылған цехтың  шығарылған өнімінің құрылыс саласында қолданылып жатқанының куәсі болдық.

Сәулет ЕСҚАРАЕВ,
«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.