ОНОМАСТИКА ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫСШЫ ТОП ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

0

Осы аптаның бейсенбісі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы ономастика жөніндегі жұмысшы топ отырысы болып өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімдігі жанындағы ономастика жөніндегі жұмысшы топ төрағасы Нұржан Тоқбергенұлы Нұралиев жүргізіп отырды.

Басқосуға ономастика  жөніндегі жұмысшы топтың мүшелері, ауыл әкімдері және бөлім басшылары қатысты.

Отырыстың күн тәртібіндегі  мәселе ауылдық округтердегі ономастикалық ахуал туралы аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы  Салтанат Сейтжанқызы Жақсыпейлова баяндама жасады.

Хабарламашы өз баяндамасында ауылдық округтердегі ономастикалық ахуал туралы толық мәлімет беріп өтті. Сонымен қатар қала және ауылдық округтерді аралау барысында «әттегенай» деген тұстарды да тілге тиек етті. Кейбір мекемелер мен білім ошақтарының атауларындағы, орналасуындағы, көше атауларындағы кемшіліктер мен шеттері жыртылып, көрер көзге оғаш көрініп тұрған билбордтарды айтып, слайд арқылы көрсетіп өтті.

Басқосу соңында ономастика жөніндегі жұмысшы топ төрағасы анықтамада айтылған барлық кемшіліктерді қалпына келтіруді тиісті мекеме басшыларына тапсырды және облыс әкімі Б.Сапарбаевтың хаттамалық тапсырмасын орындау үшін «Менің көшемнің тарихы» атты акцияның мерзімінде өткізілуін ескертті.

Камели Сүлейменова, “Sarysý”

Leave A Reply

Your email address will not be published.