ТАЗАЛЫҒЫНАН, ТЕКТІЛІГІНЕН АЙНЫМАҒАН ЖАН ЕДІ

0

          Бұл алдамшы фәнидің бейдауа жалған екенін түсінеміз, әрине. Жас та, жасамыс та, кәрі де өтеді. Алтынға малынған  патша да өтеді.  Бәрі қиын . Алайда, беймезгіл  жеткен арсыз  ажалдың  салмағы  ауыр  тиеді екен, етжақын  жақындарына.  Тұтас бір ауылдың, керек десеңіз ауданның айтары бар абыз ақсақалына  айналып, өз әулетінің бойтұмары болған Орынтай Дүйсеновтің келместің күймесіне  мініп, жер бесікке  аттанғанына  да 25 шілдеде  бір жыл болып қалыпты – ау. Майшабақтай  уысыңда  тұрмайтын  уақыт –ай десеңізші. Сексеннің  сеңгірін  кері итерсе де Орынтай қария еңсесін тік ұстайтын, мығым жүрісті  жұлынды азамат еді.

Орынтай Дүйсенов  1935 жылы қараша айында  Жайылма ауылдық  кеңесіне қарасты  « Ақтөбе» колхозында  жұмысшы – шаруа жанұясында  жарық  дүние есігін ашады. Әкесі   Биімбетов  Дүйсен  сол колхозда  бригадир, ал анасы  Бекбике  Болысбекқызы  ұжымшардың  бір бітпейтін  сан салалы  шаруаларына  араласады. 1941 жылы соғыс басталғанда  әкесі  сұрапыл  шайқастың  қасапханасына  алғашқылардың  қатарында  алынады.  1943 жылы Калининград майданында  кескілескен  ұрыста  ерлікпен  қаза табады. Бала болса да арқа сүйер арысынан  мәңгі  айырылғанын   жан- тәнімен сезінген ол тағдырдың  зілбатпан  тауқыметіне  төзімділікпен, қайсарлықпен  қарсы  шығады. Сол жылы Сталин атындағы  орталау мектептің табалдырығын аттайды. Бас көтерер  ер – азаматтың бәрі майданда.  Колхоздың бел қайыстырар  жұмысы кәрі – құртаң шал- кемпір мен қамкөңіл  келіншектердің   мойнында. Солармен қатар буыны бекімеген жеткіншектер де ауыр еңбекке  жегіледі.  Орекең мектептегі  сабағына да, колхоздың жұмысына да уақыт тауып үлгереді.  Үйдегі аяулы  анасының күйбеңді  тірлігіне қолқабыс  жасайды, інісі  Алтынбекке де  жанашыр  қамқоршы  болады.  «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап», — демей ме Абай ақын.  Осы ұстанымды  берік  ұстаған  Орекең налымады, мойымады.  Алдына таудай мақсат  қоя білді.  Шаршап, шалдығып жүрсе де  оқуға, білімге деген ықылас – ынтасын төмендеткен   жоқ. Қисық – қыңыр қытымырды,қилы қиындықты көп көріп, ерте есейген  Орынтай  қария 1954 жылы  Кагонович атындағы орта мектепті  аяқтайды. Қолына арман болған  аттестатын  алғанымен  күнделікті  күрмелген  тұрмыстық жағдайға байланысты   жоғарғы оқу орнына  баруға мүмкіндігі болмайды. Өзі оқыған Сталин орталау  мектебіне  есепші болып орналасады.  Бір жылдан соң Шымкент  қаласындағы   индустриалдық  техникумға  оқуға түсіп, 1958 жылы құрылысшы – техник  мамандығын алып шығады. Сол тұста жас, білімді  кадрлардың  тапшылық уақыты болатын.  Облыстық  атқарушы  билік Орекеңді   жаңадан іргесін  түзей бастаған  Түгіскен совхозына  прораб етіп жібереді.  Шаруашылықтағы  барлық құрылыс  жұмысына басшылық етуге, әрі атқарылған  шаруаның  сапалы болуына  жауап беруге тура келеді.  Жүре  келе ысылады, тәжірибе  жинақтайды.  Келешегін   ойлаған жас жігіт, ұзақ толғана келе өзі сұранып  әскер қатарына алынады.  Мұнда да қоғамдық  жұмыстарға   белсене  араласқан  ол ротаның, кейіннен  бүтін бір полктің комсомол  хатшысы  қызметін  қоса алып жүреді.  Елгезек  сарбаздың  сауаттылығын  байқаған полк сардарлары  Орекеңді партия қатарына қабылдайды.  1961 жылдың қоңыр күзінде  елге дін – аман  оралады.  Аяулы  анасы мен інісі Алтынбекпен  сағынысып көріседі.  Әскерден  шымыр тартып, ширығып келген Орекең, жанұясының  тұрмыс жағдайы  жұтаң тартың  жұқарғанын, ендігі жауапкершілік  өзінің  мойнына  түсетінін сезінеді.  Мақсат біреу – ақ, білекті  сыбанып еңбек ету. Қисайған  тұрмысты көтеріп, қара шаңырақтың түтінін түзу  шығару.   Арқаны  кеңге салмай ширақ  қимылдап үйренген Орекең  енді ғана ірге көтерген Байқадам  совхозының директоры  Болатбек Кариев пен партком хатшысы  Нармахан  Тоққұлиев  ағаларына барып, жұмыстың шешімін  ақылдасады.  Өмірдің  соқтықпалы соқпағын  көп көрген  ағаларының  жөн сілтеуімен  ауданның  бірінші  хатшысы  М. Шорабековтің  қабылдауына барады.  Нәтижесінде, көп ұзамай  алқалы бюрода  аудандық   көпсалалы  коммуналдық  шаруашылық  мекемесіне   басшы болып тағайындалады. Міне,сол күннен  бастап, қырық жылға  созылған  саналы ғұмырын аудан экономикасын, әлеуметтік  әл –ауқатын  арттыруға  жұмсайды.  Аудан басшылары  қай қызметке жіберсе де оның үлкен, кіші дәрежесіне  қарамайды.  Сеніп тапсырған  жұмысты мүлтіксіз  атқарады, Байқадам совхозының  бас құрылыс инженері, ферма меңгерушісі, Калинин совхозының  бас зоотехнигі, аудандық  жерасты суландыру мекемесінің  бастығы секілді жауапты  қызмет сатыларынан  мүдірмей  өтеді.  Қай салада жүрсе де өзіне ғана тән тазалығынан, ұқыптылығынан  айнымайды.  Әр кезеңде  ауданды, мекеме, кеңшарларды басқарған  айтулы  тұлғалармен  етене пікірлес, сыйластық  қарым – қатынаста  болып, ауданның  өрістеуіне  иық тіресе еңбек етеді.  Бәзбіреулер  сияқты   орынсыз жерге  килігіп, жөнсіз дауыс көтере даурықпайтын  сабырлы мінезін ел айтады.  Имандылықтан, ізгіліктен, бірізділіктен  бұрылмаған   қария  ұлды иманға, қызды  ибаға  тәрбиелеуді  есінен  бір сәт  шығармаған. Әулетіне, ағайын жұртына ұдайы көз қырын салып, ақыл – кеңесін, қамқорлығын, жанашырлығын  үнемі  білдіріп  отырған.  Зейнетке  шықсада «қартайдым, қайғы ойладым», — деп қамалып отырмады.  Қоғамдық  жұмыстарға   белсене  араласты.  Аудандық   ардагерлер кеңесінің  алқа мүшесі болды.  Аракідік  кездесетін  дау- дамайдың  төрелігін  айтты, елді  бірлікке, татулыққа  ұйыстырып  отырды.   Абыз ақсақалмен   етене жақын жүргендер, ол кісінің  кітапқұмарлығын, батагөйлігін еркеше  бөліп еске  алады.  Атқарушы  биліктің  бишігін  ұстаған азаматтар  да Орынтай  қарияның  жүйелі пікіріне, ұсынысына, ақылман  сөзі мен төрелігіне  үнемі  құлақ асып  отырған.  Өлшеулі  жарық дүниеде   мағыналы  өмір сүріп, әдемі қартаюдың  жарқын үлгісін   көрсетіп кеткен абыз ақсақал, көргені мен  көңілге тоқығанын, өзі куә  болған есті  оқиғаларды  қойын кітапшасына түрте берген екен.  Сол жазбадан үзінді  келтіре кеткенді  жөн санадық.

— Жас келіп, сексеннің  сеңгірінен   асқан соң ба, көбінесе  ой үстінде  жүретін  болдым. Өткен күндер, сағым жылдар, еткен еңбек, төгілген тер, қызмет бабында  араласқан   абзал азаматтар, сыйласқан   дос-жарандар  жиі еске  түседі.  Ия, өмір заңы қатал,  жазмыштан  озмыш  болмайды.  Неткен өкінішті  десеңізші. Бүгінде, жоғарыда  айтқан  кластас достарымның бірі жоқ.  Бәрі де келместің кемесіне  мініп  кетті. Қайта оралған  бірі жоқ.  Жағалауда  жалғыз мен  қалдым. Алдымда  не күтіп тұр, бір Алла ғана біледі!

Бұл – қимас  жарын, құрдас қатарын іздеп, жалғызсыраған  қарияның ішкі  жанайқайы.  Осы ғұмырнаманың  естелігіне нүкте қойғаннан  екі  апта өткенде өзі де мәңгілік мекенге сапар шекті. Бәлкім, қимас жандарының   рухтарымен  көк аспанның  тұңғиығында   табысқан да шығар, кім білсін.

Ұрпағына  аманаттап кеткен ғұмырнамалық   шежіре  кітапты  үлкен қызы  Қалима  қолға алып, жылдық дұға  асына  орай баспадан  жарыққа  шығарды.  «Еңбекпен өрілген өмір» кітабында көзкөрген  замандас інілері, ағайындар, құда – жекжаттар, әр мезгілде ауданды басқарған  әкімдер  мәнді  естеліктердің  жібін  тарқатқан.  Үнемі   аталы сөз айтып, ақсақалдық  айбарынан  да  айырылмай өткен  Орынтай қарияның көк жүзінде  рухы биіктеп, нұры  шалқысын   дейміз.

Жас қартаймақ, жоқ тумақ,  туған өлмек,

Тағдыр жоқ, өткен өмір, қайтып келмек.

Басқан із, көрген қызық артта  қалар,

Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек, — дейді    Абай  хакім.

Бұл жарқ ете қалар   ғұмырдың  айнымас  заңы.  Абыз ақсақал  осы мәселенің  түп – төркініне  терең үңілген  сияқты.

Тойшыбек Рысбеков,

Ұйым ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.