ЫСҚАҚ ҚАЖЫ, әулие, көріпкел

0

— Ысекең, — деді ол Кіші жүз Жетіру тайпасынан тарайтын Тама руының Қырықбойдағының Көзейінен тарайды. Арғы бабалары сол төңірекке белгілі кісілер екен. Өз әкесі Бәйбек шаруа, момын кісі болған. Анасының аты Бөпежан екен. Ол әз-Тоқсанбайдың қызы болса керек. Әулиелігі қызына қонған. Тоқсанбай туралы Арқа қазақтары аңыз ете айтады. Соның бірінде мынадай оқиға болыпты. Шу бойын жайлап отырған Тама елін Үйсін елінің барымташылары торып, малын айдап әкетпекші болған. Олардың бұл әрекетін ел естігенімен оларға қарсы тұрарлық қауқар жоқ көрінеді. Ауыл шағын, әрі азаматтардың бытыраңқы кезі болса керек. Содан ауыл ақсақалдары бас қосып, ақылдасып, қарсы тұрар дәрмен жоқ болғандықтан әз-Тоқсанбай әулиеге келіп, жағдайды айтып, «Әулием, сен Аллаға сыйынып, шарапатыңмен бір дәрмен жасамасаң, мына елің  алдындағы малынан айрылғалы тұр» деп өтініпті.

Әулие ауылдың малын шашау шығартпай бір алаңға жинатады да, өзінің дұғасын оқып отыра береді. Жау қолынан ештеңе келмепті. Ауылға жақындаған кезден бастап, барымташылар қалың тұманнан адасып, келген жағына қайтып  кеткен екен.

«Әз болған Тоқсанбайдың екі көзі,

Керемет десеңізші әулиені.

Ел-жұрты сасқан кезде қарақшыдан,

Қашырған қанша жаудан жалғыз өзі»,-деген өлең жолдары сол оқиғаға байланысты ел арасында сақталған ғой.

Міне, сол әулиенің жиені Алланың қалауымен 1856 жылы дүниеге келгенде баланың есімін Ысқақ деп қойылуында үлкен мән жатыр. Білгенге бұл есім тарихта аты қалған Пайғамбардың есімі. Айтушылар Ысқақ бабамыздың бала күнінен мінезінің, жүріс-тұрысының ерекше екендігін айтады. Тіпті жыл өтпей жатып тілі шығыпты. 5-6 жасында-ақ үлкен адамдардай ойлы сөйлейтін болған. Көз тиді ме, жоқ әлде Алланың қалауы болды ма, бала 10 жасында төтеннен ауруға ұшырап, көз жұмады. Ел болып еңіреп, жас баланы жуып, кебіндеп жер қойнына тапсырарда анасы Бөпежан: «Уа, жамағат, алтын айдарлы ұлым еді. Жаратқан кешірер, жүрегім бірдеңені сезеді. Екі күн үйге сақтайыншы» деп жалбарынады. Көкірегі қарс айырылған кейуананың тілегін ағайындары орындайды. Кебіндеп бөлек қараша үйге жатқызып қояды. Бөпежан Аллаға жалбарынып дұғасын айтып, көз жасын көлдетіп, екі тәулік қасында отырады. Құдайдың құдіреті, кебіндегі бала үшінші күні басындағы ораған матаны жұлып алып: «Лә иләһә иллаллаһ, Мұхаммадур-расулуллаһ» деп тіл қатады. Содан көзін ашқан бала: «Апа менің басымды неғып байлап тастағансыңдар?» дегенде, Жаратқанның құдіретіне таңқалған анасының қуанғаны соншалықты тілі байлана жаздапты. Баланың үнін естіген үй маңындағылар дереу жиналып, киіз үйге кіріп, ақсарыбас айтыпты. Бөпежанға: «Құдайдан шын тілесең тілеуіңді береді деген. Алла Тағаланың бұл баланы тірі қалдырғаны тегін емес. Тіл-көзіміз тасқа, бұл бала Әулие болады» десіпті. Айтса айтқандай, ол кезде ауылда имам түгілі молданың өзі жоқ кез. Ал Ысқақ бала болса Семейден «Құран Кәрім» кітабын алдырып, араб тілінде оқып кетіпті. Сөйтіп, 12 жасында «Құран Кәрім» кітабын жатқа айтатын болыпты. Құран кітабын жатқа айтатынды «қари» деп айтатын болған.

Онымен қоймай 12 жасар балаға тәуіптік, емшілік, көріпкелдік   қасиеті қонса керек. Адам баласы болған соң бірен-саран  науқасқа шалдыққан- дарды Ысқақ бала дұғамен, не болмаса емдік шөптермен емдейтін көрінеді. Жоғалған мал болса іздеушіге жөн сілтейтін дәрежеге жетіпті. Арқаның қазақтары баланың қасиетін мойындап «Ысқақ әулие» деп атай бастапты. Күндердің күнінде дәлірек айтқанда 1880 жылы Ысқақ Мекке-Мәдинеге кіші қажылыққа сапар шегеді. Ол жақтағы діндарлар Ысқақтың біліміне қайран қалған. Бір білгіштер Мекке-Мәдинеде Құнанбай қажының салдырған мешітіне түнепті, тіпті ол кісінің батасын алған деседі. Елге абыроймен оралған Ысекең жұрттың көзін ашып, имандылыққа тәрбиелеп, талай мүміннің діни сауатын ашқан. Сол кездегі Қазан, Уфа, Троицк қалаларындағы медреселерінде оқып келген халпелер Ысқақ әулиемен санасатын болыпты, оның білімін мойындапты. Ол кісі дін иесі ғана емес, үлкен емші болған. Көз тиген ауруларды дұғамен қайырған. Тіпті жазылмайды деп есептелетін есі ауысқандарды емдеп жазған. 

Әулиенің жақындарының бірі Иген Хасенұлының жазуына қарағанда оның өзге де қасиеттері мол болса керек. Бірде екі ауылдың арасына бір байтал мініп келе жатады. Уақыт кешкіріп қалған кез екен. Бір шилеуіт жерге жақындағанда алдынан жылтылдап жанған от сәулесі көрінеді. Жақындай келе қараса, қыз бейнесінде ойнақ салып жүрген бір топ шайтан болып шығады. Өзі де тітіркеніп қалады, ал астындағы байталы шыңғырып үрке жөнеледі. Осы бір қарбалас кезде көзіне Таманың атақты Сарыбас мергені елестеп, қолындағы мылтығымен атып-атып жібергендей болады. Лезде жаңағы шайтандар да жоқ болып кетеді, астындағы ат та тынышталады. Сол Игеннің ағайыны Әбдікерімнен естіген әңгімелері де естіген жанды таңқалдырады. Олар оның көріпкелдігіне қатысты болып келеді. Ысқақ қажы ауыл ішінде шақырған жерлерде, басқа жаққа арнайы шақырумен барған жерлерінде өзіне тартылған тағамның адал, арамын алдына келгенде ажыратып, арам та- мақтарды ішуден бас тартып, зікір салады екен. Мысалы, қасқыр тартқан малдың еті, ұрлықтан келген малдың еті, арам бауыздалған малдардың етін бірден сезіп, табаққа жақындамай, зікір салып шегініп кететін көрінеді. Сол сияқты өзіне арнайы түнеу үшін алыстан ат сабылтып іздеп келе жатқан науқас адамдарды күні бұрын біліп, үйдегі келін-кепшіктеріне ескерту жасап, оларға әзірлік жасатып отырған.

Ертеде біздің елде Жиенбекұлы Жақсылық деген атқа мінген тәуір азамат болған деп еске алады әжінің немересі. Кейін қартайған шағында біз өзіміз де көріп, әңгімелерін естіген едік. Сол кісі бергі Кеңес дәуірі кезінде бір жұмыстан жалалы болып сотталып, алыс бір теңіздің ар жағындағы лагерьге жібереді. Лагерьде бейнет ауыр, тамақ тапшы. Елден хат-хабар ала алмайды. Бір-екі жылдай уақыт өткен кезде бірде қатты қамығып жатып, төсекте көзі ұйқыға кетеді. Ұйқыда түс көреді. Қажы атасы: «Сен мұнда неғып жүрсің, артыма міңгес, кел», дейді де міңгестіріп алып, теңіздің бергі жағасына шығарып тастайды да, өзі ғайып болады. Ояна келе түсін өзі жорып, «бұл қажы атамның шарапаты болды ғой, мен таяуда не босанармын, не өлермін», деп жориды. Ақыры көп ұзамай ақтау қағаз келіп, түрмеден босанып елге келеді. Елге келген соң атайға сәлем беруге келеді де, ол кісінің шарапатын байқау үшін көрген түсін айтпай: «Ата, тар жолда жүрсем де Аллаға, сонан соң сізге сиынып тілек тілеуші едім, балаңыз маған азапта жүргенімде бір белгі, аян бермегеніңіз қалай?» депті. Сонда атай: «Жаман шіркін, не деп отырсың, судан бері өткізіп тастаған кім екен?», -депті.

Ысқақ қажының Әулиеата өңіріне де атақ-даңқы мәлім болған. Көзі көргендердің айтуына қарағанда ол кісі еміне ақы алмайды екен. Бірде немересі әжесінен: «Апа, атам ешкімнен ештеңе алған жоқ па? – деп сұрайды. Сонда ол кісі: «алды» депті. Оның оқиғасы былай болып келеді.

«…Бiр күнi атаң отырған үйдi сыпырып-сиырып тазарта бастадық. Бiр ғарыптың жолға шыққанын көкеңе айтыпты. Ертеңiне, тура кiрешiлер секiлдi аттылысы, түйелiсi бар бiр топ адам сау ете қалсын. Бiр әйелдi түйеге шандып таңып тастапты. Адамның сұлуы екенiн кейiн көрдiк. Қаратау жақтағы Талас бойынан келген бiреудің келiнi екен. Түсiргенiне бiр ай болмастан науқасқа шалдығыпты.

Түйеге неге таңып әкелгенiнiң сырын кейiн естiдiк. Сап-сау сияқты болып келе жатқанда, мiнген атынан түсе салып, қаша жөнелiптi. «Мынау, Әжiнiң жұрты, баспаймын» деп шырылдап, әзер ұстатса керек.

Ондай шалықтап ауырған адамдарды атаң бiр жетi, әрi кеткенде он шақты күннен асырмай елiне қайтаратын. Әлгi бейбақты бір айға жуық ұстады. Келiншек күнде таңертең атаңа келiп, ем алады. Ем болғанда, атаң дұға оқиды.

Мана алды дедiм емес пе? Сол келiншек арқасына ақ тайлақтың жүнiн жұп-жұқа етiп тартқан, биқасап деген матадан шапан тiгiп, атаңа сыйлады. Қолмен сырығанын көрсең, арасына шынашақ сыймайды-ау. Мiне, сол шапанды әбден тозығы жеткенше атаң киiп жүрдi. Адам баласынан алғаны, сол жалғыз шапан».

Көп ұзамай Ысқақ әулие Айторсыққа үйленеді. Екеуінен Хасен, Түсіп, Әлібек, 1890 жылы екінші мәрте қажылыққа барып келген соң Әжімұрат деген баласы дүниеге келеді. Жақсыбай ақсақалдың айтуына қарағанда қажының балалары шетінен шаруа баққан, ілім қуған жандар екен. Өткен ғасырдың алғашқы он жылдығында-ақ Ысқақ қажы адам баласына апат әкелетін екі үлкен соғыс болатынын болжап білген. Екіншісіне Хасен баласы Әбілдә мен  қажының кіші баласы Әжімұрат қатысады. Біріншісі үлкен азап көріп елге оралады, екіншісін майданда опат болады деп болжаған. Әулиенің айтқаны айдай келіп, 1941 жылы немересі Әбілдә Белоруссияда әскери қызметін атқарып жүргенде соғыстың алғашқы күндерінде-ақ жау қолына тұтқынға түсіп, лагерьге қамалады. Осы жерде Түркістан армиясын құрамыз деп жоспарлаған фашистердің ниетін жүзеге асыруға үгіт-насихат жұмысын жүргізуге келген Мұстафа Шоқайға жолығып, екеуі қатты достасып, соның арқасында ебін тауып лагерьден қашып шығып, партизандарға қосылады. Сөйтіп, кейін Кеңес әскері Белоруссияға қайта оралып, соғыс жасаған кезде қайтадан Қызыл әскер қатарына алынып, соғысты Берлинде аяқтайды. Сол кезде оның тұтқында болғандығын бір сатқын айтып қойып, Әбілдәні барлау басқармасы тергеуіне алынып, «Отанын сатқан опасыз» ретінде 25 жылға сотталады. Жазасын Сібірде өтеген ол бір қайырымды кісінің арқасында туған жеріне 10 жылдан кейін оралып, өмірінің соңына дейін түрлі қызметтер атқарды.

Ол кезде баламыз Әбілдә ағамыздың Мұстафа Шоқаймен кездесуін қызығушылықпен тыңдайтынбыз. Ал Әжімұрат соғыстың екінші жылында Мәскеу түбіндегі соғыста ерлікпен қаза табады. Оның соғысқа аттанар кезінде желегі желбіреп жесір қалған келіншегі Шәрбәнді ағайындары қайын ағасы Түсіпке қосады. Екеуінен Мереке деген ұл туды. Ол да оқуды бітірген соң әртүрлі қызметтерді атқарып, қайтыс болды.

Қажының әулетінен Қазақ энциклопедиясын шығаруға қатысқан ғалым да шықты.

Ысқақ қажы бір кездері өзінің соғыстан кейін қайтыс болатынын күніне дейін болжау айтқан көрінеді.  Және де «менің жаназамды Хамит қожа шығарады» деген.

Хамит қожа кім еді? Ол 1900 жылы туылған. Молдалығымен қоса ауыл балаларына дәріс берген бастауыш сыныптың мұғалімі екен. Өткен ғасырдың 30-шы жылдардың ортасында белгілі Сәдуақас Жалмаханұлы (Жанайдардың әкесі) «Халық жауы» деп ұсталып, атылып кеткенде «Халық жауларының балаларын оқытқансың, ендеше сен де Кеңес өкіметінің жауысың» деп оны да 25 жылға соттап жіберген.

Қажының айтқаны дәл келіп, Хамит қожа айдаудан белгіленген мерзімнен 10 жыл бұрын босанып, Ысқақ қажының өлерінен 4 күн бұрын ауылға келіп, қажының жаназасын шығарыпты. Ысқақ қажы ұзақ жыл — 92 жасады.

Ол қайтыс болған соң елі қастерлеп, арулап көмген соң қабіріне үлкен кесене тұрғызды. Ол кесенені күні-бүгінге дейін халық Әулие тұтып, барып басына түнейді. Әсіресе бала көтермей жүрген әйелдердің сол жерге барып түнегенін талай мәрте көрдік, дейді Жақсыбай аға.

Жарықтық Қазақ елінің Тәуелсіздігін алып, өз алдына жеке дара мемлекет болатынына дейін айтқан дейді. Міне, Құдайға шүкір, Қазақ елі биыл өзінің Егеменді ел болғандығын 30 мәрте атап өткелі отыр.

Қазір Ысқақ қажының әулетінен тараған ұрпақ мәуелі бәйтерек сияқты. Араларында елге атағы шыққан қайраткерлер, кәсібін дөңгелеткен шаруалар бар.

Халықтың ендігі тілегі Жәйрем қаласындағы мешітті Ысқақ қажы атындағы «Жәйрем» мешіті деп атаса болар еді деген тілек те жатыр.

Бүкіл ғұмырын ислам дінінің өркендеп, қанат жаюына арнаған ғұлама, көріпкел, әулие Ысқақ қажы Байбекұлы бұл атаққа әбден лайықты.

Сәулембай Әбсадықұлы,

Халықаралық «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері.  

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.