САҒЫНЫШ

0

Кімге болмасын әке мен ананың өмірдегі орны қашанда бөлек. Әлемнің жарығын сыйлаған қимас жандарың өмірден, көзден кетсе де көңілден кетпейтіні әркімге аян. Өшпес рухтары ұрпақтарын демеп, жебеп жүретінін де бәріміз жақсы білеміз.

Өмірге келу бар да, кету хақ. «Өмір — мәңгі ұйқы алдындағы серуен» деп те бекер айтылмаған. Асқар тау әкеміз, асыл анамыз келместің кемесіне мініп кетсе де ұл-қыздарының мәңгі есінде. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші асыл жандарымыздың рухтары жылдар жылжыған сайын аспандап, асқақтап бара жатқандай.

Өлі риза болмай, тірі байымайды. Бұл аттың жалы, түйенің қомында өсіп, үкілеген найзасын қас дұшпанға түйреген ата-бабаларымыздан қалған қанатты сөз. Аруаққа айналған әке мен шешенің рухтарына тағзым етіп тұру, алақан жайып құран бағыштап отыру бүгінгі перзенттерінің, жас ұрпақтарының абыройлы борыштары болмақ.

Әкем туралы әңгімелер айтылса жүрегімді сағыныш сезімі тербейтін. «Шіркін-ай, әкем тірі болғанда ғой. Кең құшағына балапандай тығылып, еркелер едім» деп тәтті қиялмен армандаушы едім.

Сонымен естелігімді бойжетіп, үйлі-жайлы болғанша әкенің де, ананың да міндетін атқарған Қалқабек анамнан, сырғып айтқан әңгімелерінен бастауды жөн көрдім.

Әкеміз бен анамыздың шаңырағы шаттықты, отбасы бақытты еді. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда, нұрлы шуағы шашылған бейбіт күнде болған оқыс оқиға емес, қасақана жасалған қастандықтан сүттей ұйыған отбасының шырқы бұзылады. Біздің әулет үшін 1964 жылдың 7 шілдесі қайғы-қасірет күні боп тарихта қалды.

Батқан күннің ататыны анық. Ертеңгісін арайлап атқан ақ таңды қуана қарсы алған әкем әдеттегідей азанғы асын ішіп, қызмет кеңсесіне келеді. Үйден шығарда әкем анама:

—      Бүгін еңбек және мемлекеттік тәртіпті бұзғаны үшін ауылдық учаскелік инспекторға қатысты партия жиналысын өткіземін. Содан соң аудан орталығына барып қайтамын,- дейді.

Бұл құдай қосқан қосағы, асыл жары Қалқабек анамызға өмірінің ең соңғы күні айтқан сөзі екенін қайдан білсін.

Мемлекеттік қызметте ысылған, қара қылды қақ жарған, әділ, принципшіл әкем партия жиналысында алмас қылыштай өткір мінезімен сөз сөйлейді. Учаскелік милиционер жігіттің қоғам және заң талаптарына сай атқара алмай отырған жұмысын батыл сынайды. Партия мүшелерінің қолдауымен тиісті қаулы қабылдайды.

Адам аласы ішінде. Ақылы жоқ, санасы саяз адамдардан бәрін де күтуге болады. Өз кінәсін білмей, өзгеге өшпенділік, қатыгездік танытқан учаскелік инспектор қызмет бөлмесіне енді ғана келіп, орындығына жайғасқан әкеме және ауылдық советтің төрағасына түп-тура соғыста жүргендей оқ жаудыра бастайды.

Жазиралы жаздың нұрын шашқан шуақты күні әкем үшін жарық дүниедегі ең соңғы атқан таңы екенін ешкім де білген жоқ. Анам әкеммен кеңседе қызметтес, отбасымен араласатын Нұртас деген кісінің перзентханада жас босанған Гүлзада есімді келіншегіне тамақ әзірлеп жатады.

Жаманат хабар жатқан емес. Үйден далаға бір шыққанында көшедегі көпшіліктің үре-дүре болып:

-Парторгті атып кетіпті, — деген сөздерін естіп қалады.

Анам өз құлағына өзі сенбей әркімдерден сұрастыра бастайды.

-Атыпты деп естідік. Бірақ өлі-тірісін білмейміз,-дейді.

Мамамды танитындар шындықты жасырады. Қалай естіртерін білмей:

—      Шатастырып айтқан ғой. Алаңдамаңыз,- деп жолдан қайтарады.

Жаманат хабар шындыққа айналады. Анама көзкөргендердің айтуынша әкем қатты қиналыпты. Зұлым, қанышер атқан оқ үш жерден тисе де әкем жарық дүниемен бірден қоштаса қоймаған. Сол күні жаңадан киген туфлиінің өкшесі еденнің ағашын қатты қажап жіберген. Айдаладағы ауылда білікті дәрігер қайдан болсын. Дер кезінде медициналық жедел жәрдем де көрсетілмеген.

—      Жолдан бекер кайтыппын,- деп өткен күндерді өкіне еске алатын мамам, — Бақилық болар алдында қолынан ұстап, қош айтысып қалар едім. Ең соңғы айтқан сөзін де еститін едім.

Әкемнің қайғылы қазасы жайлы әңгімені естігенде немесе есіме түскенде жаным катты жабырқайтын.

Жан әкеме деген сағынышпен дүрсіл қаққан жүрегім кеудеме сыймай, өзімді қоярға жер таппайтынмын. Өкінішті ойлар жанымды жегідей жеп, өзегімді өртейтін. «Неткен қатыгездік. Ел аман, жұрт тынышта адам баласы адамға оқ атқан деген не масқара? «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген. Хайуан да бұлай етпес. Бір отбасында алды 17, кішісі 2 жаста жеті бала жетім қалды. Мен анамның ішінде қалыппын. Төрт айдан соң өмірге келіппін. «Әкем ең болмаса маңдайымнан бір иіскеп те кетпепті-ау?» деп ой өткелін кешетінмін.

Кеңестік дәуірдің окушысы болдық. Менің кітаптан оқығаным, бар білетінім Ұлы Отан соғысының тарихы. Есімді білгенше «Әкем соғыста оққа ұшқан екен» деп жүрдім. Кейіннен бейбіт күнде мемлекеттік қызметте жүріп, адам қолынан мерт болғанын естіп білгенімде ішім удай ашыды. Дәл сол күні әкеммен бірге атқанда ауылдық кеңестің төрағасы да мерт болып, ол кісінің де бала-шағасы ұлардай шулап қалған екен. Кейін сот процесі үстінде сол кісінің анасы сотталушыға жиіркенішті көзбен қарап:

-Мына қарғыс атқырды ең болмаса бір рет шымшып алуға рұқсат етіңдерші. Жанға батқанның қандай болғанын сезсін,- деген екен.

Төрт айдан кейін өмірге келгенімде тіптен қиын болғандай. Себеп, отбасы түгел қайғылы, қуана қоятын ешкім болмағаны анық. Шындықты айту керек, анамның мені еміреніп емізуге құлқы да болмаған. «Бұл қыз неғып ұл болмады? Әкесінен аумай туғанда ғой» деп армандапты.

Енді ол әрине бір Алланың қолында. Бірақ тумай жатып жетім қалғаным, әкенің ыстық мейірімін, аялы алақанын сезінбей өскен қиын болады екен. Ал, анам ше?  Шиеттей 8 ұл-қыздарын мұраттарына жеткіземін деп бір басын тауға да, тасқа да ұрды ғой.

Бала болсаң да ерекше оқиғалар есте қалады ғой. Анам кешкісін жұмыстан келген бетте кейде сөмкесін лақтырып жіберіп, әкемнің төрде ілулі тұрған суретінің алдында айқайлап жылап тұрып алатын. Ал, ол кезде мен шәй ішетін дөңгелек үстелдің астына кіріп кетіп, анам жылап болғанша күтіп жататынмын.

Әкемнің ағайындары ақылға келеді. Анама, шиеттей бала-шағасына жаны ашиды. Ауыл ақсақалының бірі:

-Кеудеңді көтер Қалқабек, шырағым. Өлгендер қайтып келмейді. Тірі адам тіршілігін жасайды. Шоланбай бауырымыз төрт ұл, төрт қызды өзіңе аманат етіп тапсырып кетті. Қанаттыға кақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай мұраттарына жеткізу енді сенің міндетің,- дейді.

Әкемнің көзін көрген, қызметтес болған абзал ағалар да көмек қолын созады. Анамды балабақшаға тәрбиеші етіп орналастырады.

Балабақшаға жұмысқа орналасқаны бала-шағасына жаман болмады. Ержан ағамыз екеуміз сол балабақшаға мектеп табалдырығын аттағанша бардық. Мектепте оқығаннан бастап есімді біліп, оң мен солымды тани бастадым.

Қанша дегенмен бас ие болатын ер-азаматы әкем жоқ. Арасындағы қаншама жетіспеушілік, жесірлік тауқыметі, жанына батқан жалғыздық, ой мен уайым, осылардың бәрін қайраты қайралған қайсар анам жеңді.  «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» деген сөздің қадірін, анамның сегіз баласын өсіріп, оқытып жеткізген есіл еңбегін енді-енді басымызға түскенде сезініп, біліп жатырмыз. Қайран анам-ай, ұл-қыздарыңның басы қосылғанда «Менің сендерге еңбегім сіңді. Біле білсеңдер өте зор» деуші едің. Сол сөзің тайға таңба басқандай рас екен. Шындығында анамның ұл-қыздарының болашағына жасаған бейнеті Ұлы Отан соғысындағы ержүрек қыздардың ерліктерімен пара-пар еді. Космосқа ұшқан Терешкованың батырлығымен теңестірер едім. Бұл ойымдағы сөзімді өзіне талай айттым да.

—      Анашым, шаршап-шалдықпай, әкемізді жоқтатпай барлық балаларыңызды мұратына жеткізгеніңіз үшін кенжеңіз болғандықтан ұл-қыздарыңыздың атынан алғыс айтамын,- деуші едім ағынан жарылып. Сонда да анам қарапайым мінезінен айнымайтын.

—      Бала-шағасын жеткізу, ұлын ұяға, қызын қияға қондыру әрбір ата-ананың борышы. Өскен соң бір-біріңді жетектеп кеттіңдер ғой,- дейтін жәймен ғана.

Анам әр сөзін қорғасындай салмақтап, ойланып айтушы еді. Мұнысы да рас. Әуелі алдымен бір Алланың демеуімен, одан соң, әкем өмірден өткеннен кейін мамамның көмекшісі, ақылқалтасы, тіректері Рабиға тәтем мен жездем Серікбай ағам болды. 1967 жылы отау құрғаннан бастaп Серікбай ағам әкемізден кем болған жоқ. Қамқор көңілмен қанатының астына алды. Бізді өрге жетелеп, оқуымызды оқытып, нанымызды тауып жегізді десемде, тым аздау айтылғандай көңіліме қонбай тұр. Ағам мен тәтемнің жасаған жақсылық, еткен еңбектерін өзім қызметке кірісіп, айлық жалақы ала бастағаннан бағалап жүргенде, уақыт шапшаң екен. Өз балаларымыз жоғары оқу орнында оқитын жасқа жеткенде, тіпті ағам мен тәтемнің көрсеткен қамқорлық, жасаған жақсылықтарына баға жетпейді екен. Осындай оймақтай ой, тобықтай түйін жасадым.

Рая тәтем мен Серікбай ағамның Сәбитімен тайқұлындай тебісіп тетелес өссем, Гүлнәркамен сырласып бір үйдің балаларындай ойнап-күліп бойжеттік. Оқушылардың жазғы демалысын асыға күтетінбіз. Соңғы қоңырау болысымен «Қызылорда қайдасың?» деп жол жүріп кететінбіз. Ал ағамның Москвада аспирантурада оқып жүрген кезін айтсам, көз алдыма тек керемет аузыңнан дәмі кетпейтін апельсин, сыртында пілдің суреті бар, жоғары сұрыпты үнді шайы келеді. Ағам «посылканы» пошта арқылы жіберетін. Поштада істейтін тәтелер тәтті иісі шыққан «посылканы» беріп тұрып:

— Сіздерге Москвадан келген «посылканың» иісі тәтті. Ішінде не бар?- деп қызығушылық білдіретін.

Ағамыздың арқасында Москвадан келген әдемі жемпір, көздің жауын алған шәпкілерді де кидік. Бәрінен де қуанышымыз койнымызға сыймаған сәтті айтсаңшы. Ол кісілер анама үлкен тірек, жүрек жылуы мол нағыз көмекшілері болғанын іс жүзінде дәлелдеді.

Осы жан шуағын шашқан кісілерге өкшелесін кейінгілерге қол үшін созып, көмек бергендер Абдісамат жездем мен Жамиля тәтем болды. Анам жаратқан иеге мың тәубе, шүкіршілік етуші еді.

— Алды жетіп, арттағыларын сүйреуге жараған жарық сәулелерім,- деп терісіне сыймай айналып, толғанып отырушы еді. Онысы да рас. Алғашқыда Байқадамға ол кісілер келгендегі Айжанка деген шақалақ қыз, қазір 40-тан асып кетті. Ал мен болсам осы отбасының ең үлкен қызымын деп айтудан танған емеспін.

Абдісамат жездем мен Жамиля тәтемдерге ағайындылықты пайдаланып, сәл демеп көмектесіп еді. Еті тірі, жігерлі екен, бар шаруаны жездемнің өзі-ақ дөңгелете жөнелді. 1972-74 жылдары мен Талдықорғанда оқығаным өзіме көп көмек болды. Орысша тілге жетіліп, қала мәдениетін көріп, чебуреки мен балмұздақты тоя жеген күндерім көп болды ғой.

Демалыс күндері жездем мен әпкем міндетті түрде азаңғы сағат 10-дағы киноға жібереді. Қаланың өшіп-жанатын неше түрлі жарықтары терезеге түсетін дәл орталықта тұрдық. Байқадам ауылында туып өссем де балалық шақтарымның қызықты сәттері Қызылорда мен Талдықорған қалаларында өтті. Талдықорғаннан 1974 жылы, сол кезде Алматыда жоғары оқу орнында оқып жүрген Забира тәтем алып қайтты. Үйімді, мамамды сағынғаным сонша, пойызда ұйықтай алмай қойғаным есімде. Алдымдағы өзімнен үлкен ағаларым мен тәтелерім жоғары оқу орнын бітірген сайын мамамның үстіндегі жүгі жеңілдеп, көңілдене бастады.

Қайғы-мұңнан арылып, қуанышты күндері көбейе түсті. Үлкен ағам Қуаныш пен Аманкүл үйленгенде әкем тіріліп келгендей есі шығып кете жаздады.

— Шоланбайдың көзі мен ізі ғой. Құдай жеткізді деген осы, — деп шаттанды.

Алғашқы немересі Асқар екі жарым айлық болғанда бағып-қағу үшін зейнеткерлік демалысқа шықты.

—      Енді жұмыс істемеймін. Шоланбайдың ұрпағын бағамын. Үлкендері кішілерін жетектейді. Meн кемпір боламын, — деп шешім қабылдады.

Асыл ананың еңбегін Меккеге үш рет арқалап апарсаң да ақтай алмайсың деген сөз ып-рас айтылған ғой. Мамамды алда талай тер төгер еңбек күтіп тұрған еді.

Әрине, әкем өмірден ерте өтпегенде анам сөзі өтімді, орақ тілді шалының оң жағында отыратын мықты кемпір болар ма еді. Өкінішке орай тағдыр талқысы анама қиыншылығы мен өткір сынағы көп өмір берді.

Анам әрбір ұлы мен қызы есейген сайын жоғары оқу орнына түсіріп, оқытып жатты. Нұрланды Қызылордада, Нұржанды Жамбылда оқытты. Іле-шала ержеткен Ержанды да Қызылорда да оқу күтіп тұрды. Осылай Қанатбековтер, Шоланбай әкемнің ұлдары бір-біріне жетектеліп, жетіле берді.

1980 жылы Нұрлан ағам үлкен отбасы, ауылға сыйлы кісі Көшенов Төлеген ағаның қызы Гауһарды келін етіп әкелсе, Нұржан ағам сол кезде Ұйым орта мектебінің директоры Мейрамқұл ағаның көрікті қызы Зәурені келін етіп түсірді. Енді ол кез менің есімде қалғаны, мамамның балаларын қатарынан кем етпей дүркіретіп той жасап бергені еді. Той жасарда әрине ең жақын деген туыстар жиналады, жанашырлар жүгіреді.

Есіме түсірсем той жасарда Тоғайбек және Жеңіс ағаларым, Айна тәтем, қобызшы атамның ұлы Сейділда ағам мен Патшайым тәтем, нағашы Гүлжан тәтеміз бала-шағасымен, бөлелеріміз Ахмет ағам мен Мағи тәтем, Шаяхмет аға мен Жезбала, Күләш тәтемдердің жиі келіп, бас қосып ақылдасқаны әлі де көз алдымда. Калинин совхозында тұратын барлық ағайындарымыз, атап айтсам Ынтымақ, Қоштай, Серікбай ағаларым, Айман, Анюша жеңгелерім көп қызмет жасады. Осы етжақын ағайындардың басын қосып, ақыл сұрап бәрін ұйымдастырып жүрген де менің кіп-кішкентай мамам ғой. Түн ұйқысын төрт бөліп, ұл-қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай жеткізген анашым менің. Өзегін жарып шыққан сегіз баласы көз алдында аман-есен жүргеніне қуанып, жаратқан иеге күніне мың құлшылық етуші еді. Анашым саған қандай алғыс айтылса да орынды.

Бірақ, барлығы адам армандағандай бола бере ме? Көз алдында есейіп кетсе де сәбиіндей көрген ұлы Нұржан 43 жасында өмірден мезгілсіз өткенде анамның көз жасы нөсерлі жауындай төгілді.

— Аллам-ay, жол менікі еді. Нұржанымның орнына мені алмадың ба?- деп ботасынан айырылған аруанадай боздады. Бәріміздің де төбемізден жай түскендей күй кештік. Амал қанша, кеткенді қайтара алмайсың. Өмір жалғаса береді. Анам әр сөзін ойланып айтушы еді. Кейде:

— Менің өмірім, еткен еңбегімнің өзі бір тарих, бір кітап, — деуші еді.

Сол кезде мен мамама:

— Әр адам бір тарих,- деп қарсы жауап беретінмін.

Мен бала жастан арманшыл едім. Өзім әкемнің жүзін көрмесем де «Шіркін, әкесі бар, ата-анасы түгел үйге келін болып түссем екен. Әкенің орны қандай боларын білсем екен» деп ойланып, толғанушы едім. Шүкір деймін, Жаратқан ие менің бұл тілеумді берді. Сондай үлгілі, ел-жұрты танитын, қадір тұтатын әулет, 6 ұл-қызды отбасыға келін боп түстім.  Атам  Жұмаділда әкемдей, апам Бәтима анамдай болды. Атам көпті көрген, мемлекеттік қызмет атқарған кісі екен. Балаларына өте мейірімді, күндей күлімдеп шуақ шашып тұрған атамды көргенде «Әкем тірі болғанда осы кісідей болады екен ғой» деп ойладым. Шынымды айтсам Алла беріп, бөпелі болып жатсам, балаларымның ата, апасы болатынына қуандым. Отбасындағы тәлім, тәрбие де өзгеше екен. Үлкендерін сыйлап, пір тұтып қалыптасқан. Осындай қиялымдағы жанұяға келгенімде ішімнен мамамның барлық ақыл-кеңестерін жадымда ұстап, анашымның атына кір келтірмеуге күш салдым.

Асыл анам! Не жазсам да, не айтсам да өлшеусіз еңбегің өтелмес. Бірақ осы бір өзіңе перзенттік сағыныш сезіммен жазылған қолтаңбам, мөлтек сырлы әңгімем мәңгілік естелік болса деймін. Енді толқыған көңіл, сарғайткан сағынышпен өзіңмен қоштасамын. Аяулы, асыл анам менің, жаның жаннатта болсын. Ешкім мәңгілік емес. Мәңгілік тек жалғасатын ұрпақ пен із….

Жанна Шоланбайқызы,

Саудакент ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.