АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІНІҢ САЙЛАУЫ ӨТЕДІ

0

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізудің қажеттігін айтты.

Осыған байланысты, Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігі (бұдан әрі-Министрлік) «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасын және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауды енгізу бойынша заңнамалық түзетулерді көздейтін Заң жобасын әзірледі.

Жоғарыда көрсетілген заң жобаларына сәйкес, ағымдағы жылғы екінші жартыжылдықта өкілеттік мерзімі аяқталатын ауылдық округ әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы жарияланды.  Міне, осы сайлауға дайындық және әзірлеу барысы жайлы аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулетберді Амангелдіұлы Шортанбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

-Дәулетберді Амангелдіұлы, аудан бойынша қай ауылдық округтерінде ауыл әкімдерінің сайлауы өткізіледі және оған қанша сайлаушылар қатысады?

-Үстіміздегі жылдың 25 шілдесінде ауданымызда 2 ауылдық округте ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Олар Досбол және Жаңаарық ауылдық округтері. Жаңаарық ауылдық округінде 2 сайлау учаскесі бар. Оның біреуі Ұ.Сыздықбайұлы ауылында, бір учаске Ақтоғай ауылында орналасқан. Ауылдық округте 846 сайлаушы бар. Досбол ауылдық округінде бір сайлау учаскесі орналасқан.  Бұл округте 276 сайлаушы бар.

-Ауылдық округ әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу жөнінде мәлімет берсеңіз

— Досбол және Жаңаарық ауылдық округ әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары жасалынып, осы бойынша жұмыстар атқарылуда.

-Саяси партиялардан және өзін-өзі ұсынған кандидаттар бойынша айтып өтсеңіз    

-Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар мүшелері қатарынан, азаматтар өзін-өзі ұсыну тәртібімен сайлау тағайындалған күннен кейінгі  яғни  ағымдағы жылғы 26 маусымда басталып, сайлау өткізілетін күнге он бес күн қалғанда 9 шілдеде жергілікті уақытпен 18.00-де аяқталды.

Аудан бойынша барлығы 2 сайлау округінде, оның ішінде саяси партиялардан: «Nur Otan» партиясы аудандық филиалынан – Жаңаарық ауылдық округіне 1 кандидат, Досбол ауылдық округіне 1 кандидат, «Ауыл партиясынан» – Жаңаарық ауылдық округіне 1 кандидат, «Қазақстан Халық партиясынан» – Досбол ауылдық округіне 1 кандидат ұсынылса, өзін-өзі ұсыну тәсілімен – Жаңаарық ауылдық округіне 1 кандидат, Досбол ауылдық округіне 1 кандидат ұсынылды.

— Саяси партиялардан және өзін-өзі ұсыну бойынша қанша кандидат тіркелді?

-Кандидаттардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін анықтау үшін мемлекеттік уәкілетті органдарға сұрау салынып,  нәтижесінде 6 кандидат тіркелді.  Жаңаарық ауылдық  округіне «Nur Otan» партиясы  аудандық филиалы 1 кандидат, «Ауыл халықтық демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігінен 1 кандидат және өзін-өзі ұсынған 1 кандидат тіркелді.

Досбол ауылдық  округіне «Nur Otan» партиясы аудандық филиалынан 1 кандидат, «Қазақстан халық партиясы» қоғамдық бірлестігінен 1 кандидат және өзін-өзі ұсынған 1 кандидат тіркелді.

Тіркелген кандидаттар туралы тиісті хабарлама аудандық “Sarysý” газетінде және аудан әкімінің ресми сайтының «Сайлау» айдарында жарияланған.

-Сайлау алдындағы үгіт жұмыстары туралы айтып өтсеңіз    

-Сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен ағымдағы жылдың 14 шілдеде жергілікті уақыт бойынша 18.00-ден кейін басталды және ағымдағы жылы 24 шілдеде жергілікті уақыт бойынша 00.00 сағатта аяқталады. Барлық кандидаттарға үгіт баспа материалдарын орналастыру үшін орындар белгіленген және сайлаушылармен кездесулері үшін үй-жайлар беру туралы сайлаушылармен кездесу кестесі жасалынып, бұқаралық ақпарат құралдарында және аудан әкімінің ресми сайтының «Сайлау» айдарында жарияланған.

-Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет.

Сұхбатты жүргізген:

Камели Сүлейменова, “Sarysý”

Leave A Reply

Your email address will not be published.