Аудан құрама командасы жүлдемен оралды

0

Дені сау ұлт қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау – Елбасымыздың әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі. Бұл ретте Сарысу аудандық спорт бөлімінің алатын орны ерекше.

Ағымдағы жылдың 12-14 шілде күндері арасында өткен Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласы Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында «Ақбидай» республикалық VII ауыл спорты ойындарына Жамбыл облысының іріктеу жарысына аудан әкімдігінің спорт бөлімі қатысып, бақтарын сынап қайтты.

Аудан әкімдігі спорт бөлімінің басшысы А.Бердібаев, Жаңатас қаласы балалар жасөспірімдер спорт мектебінің директоры С.Ниязов, Жаңатас бокс мектебінің директоры Н.Айнеков бастап барған құрамалық команда спорттың 9 түрінен қатысты. Үш күнге созылған іріктеу жарысы қазақ күресі, кіші футбол, ұлдар және қыздар арасында волейбол, асық ату, тоғызқұмалақ, қол күрес, гір тасын көтеру, үстел теннисі сынды спорт түрлерінен өтті.

Нәтижесінде қазақ күресінен 9 спортшы қатысып, жүлделі 1-ші орынды, тоғызқұмалақтан 7 спортшы қатысып, 1-ші орынды, гір тасын көтеруден 7 спортшы қатысып, 2-ші орынды, қол күресінен 7 спортшы қатысып, 2-ші орынды және үстел теннисінен 3 спортшы қатысып, 3-ші орынды иеленіп қайтты. Тиісті бағдарлама бойынша спорттың барлық түріне біздің спортшылар қатысып, облыс бойынша жалпыкомандалық есепте Байзақ және Жамбыл аудандарынан кейінгі 3-ші орынды қанжығаларына байлап қайтты.

Біз де өз кезегінде аудан әкімдігінің спорт бөліміне, спортты жанына жақын тұтқан азаматтарға, жеңіс тұғырынан көріне беріңіздер деген тілек білдіреміз!

Гүлнара Байбосынова,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.