ЖЕМ-ШӨП ҚОРЫ ЖАСАЛМАЙ, МАЛ БАСЫ КӨБЕЙМЕЙДІ

0

Биыл өңірлерде шаруалардың мал азығынан тарлық көріп отырған жәйі бар. Әрине бұл біздің ауданға да өз әсерін тигізуде. Оған себеп жауын-шашынның аз болып, қуаңшылықтың орын алуы. Күннің аптап ыстығы тағы бар. Бұл қуаңшылықтың зардабы шаруаларға оңайға соқпады.  Салдарынан жем-шөптің бағасы шарықтап кетті.

Мал басын көбейтіп, ет-сүт өнімдерінің көлемін арттыру – мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасының негізгі мақсаты. Осыған орай облыс төңірегінде жан-жақты жұмыстар қолға алынып жатыр. Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың 2021-2022 жылдары мал қыстату науқанына мал азығын қажетті көлемде дайындау және шөп бағасының аудан тұрғындарына қолжетімді бағада ұсынылу туралы тапсырмасы бойынша  ағымдағы жылдың шілде айының 10 күні  Саудакент ауылында жем-шөп жәрмеңкесі өткізілді. Бекітілген кестеге сәйкес Игілік және Жаңаталап ауылдық округтерінен жоңышқа шөбінің 1 рулоны 10 000 теңгеге  алып келіп сатылды.

Байқадам ауылдық округінің «Алмас Қылыш» шаруа қожалығының төрағасы А.Баймағанбетов Шу бойындағы шабындық жерінен 1 түк дала шөбін 550 теңгеден ауыл тұрғындарға сатты.

Бүгінде шаруа қожалық иелерінің бас қатыратын сауалдары «жем-шөп бағасы қандай болар екен? Екінші шөп орымға ілінеміз бе?» деген сұрақтар. Бұл алаңдаулары да орынды.

-Қазір шөп шабатын маусым, шаруалар кем дегенде бір жылға арнап, құрғақ және шүйгін жем-шөп дайындауы керек. Малды 100 пайыз сапалы азықпен қамтамасыз еткенде ғана жақсы төл алып, сапалы өнімге (сүт, ет) қол жеткізуге болады. Өкінішке орай, негізінен жеке шаруашылықтағы мал шөппен және құрама жеммен қоректенеді. Егер жем–шөп бағасы осылайша қымбат бола берсе, күзде шаруалар өз малдарын жаппай арзан бағамен сатуы мүмкін, өйткені қыста малды қолда ұстау тиімсіз болады. Әрине, мал тапшылығы ет пен сүт бағасының қымбаттауына әкеледі,-деді ауыл тұрғыны А.Баймағанбетов.

Гүлнара Байбосынова,

«Sarysý»

Leave A Reply

Your email address will not be published.