Қылмыстық процестің жаңа форматы- ҮШ БУЫНДЫ МОДЕЛЬ

0

Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында Қазақстанда өкілеттіктердің аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді енгізу тапсырылған.

Бүгінгі күні Жолдауды іске асыру мақсатында сотқа дейінгі іс жүргізуді түрлендіруге қатысты бірқатар өзгерістер болды.  

Үш буынды модель барлық дамыған мемлекеттерде қолданылады. Бұл модель бойынша қылмыстық процеске полиция, прокуратура және сот сияқты үш буын жауап береді.

Қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшу үшін прокурорлардың негізгі процестік шешімдерін келісу институты енгізілді.

Енді күдікті деп тану, күдіктінің іс-әрекетін саралау, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу, оларды тоқтату туралы шешімдер, сондай-ақ айыптау актісі прокурордың келісімінсіз заңсыз болып саналады.

Механизм аясында процеске қатысушы азаматтардың, оның ішінде қорғау және жәбірленуші тараптардың конституциялық құқықтарын қорғауға және қылмыстық процеске негізсіз тарту фактілерін болдырмауға, жалпы тергеп-тексерудің жан-жақты және объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бұл кезеңді өткеннен кейін, 2021 жылғы 1 шілдеден бастап негізгі процестік шешімдерді қылмыстық қудалау органдарының (полицияның, экономикалық тергеу қызметінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және шекара қызметінің) тергеушілері емес, қадағалаушы прокурорлар қабылдайтын болады. Сол кезде тергеудің әрбір сатысындағы тергеп-тексеру нәтижелерін прокурордың тәуелсіз бағалау рөлі іске асырылады.

Жиналған дәлелдемелерді бағалай отырып, прокурорлар адамды күдікті деп тану туралы шешім қабылдайды, оның іс-әрекетін саралап, тергеп-тексеру қорытындысымен айыптау актісін әзірлеп, сотта айыптауды қолдайды.

Бұл механизм тергеушілер үшін де, прокурорларға да өте қолайлы әрі тиімді қадам. Қылмыстық іс-жүргізу заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес процестік шешімдер дер кезінде келісіліп, істің мән-жайы бірден анықталады.

Ең бастысы, заңдылықты бұзудың дереу жолын кесу және жазықсыз азаматтардың қылмыстық процеске тартуға жол бермеуге үлкен мүмкіндік береді.

Сарысу ауданының прокуратурасы

Leave A Reply

Your email address will not be published.