ҚҰРБАН АЙТ — мейірімділік мерекесі

0

Мінекей Алланың қалауымен мұсылмандардың екі ұлық мейрамының бірі құрбан айт мерекесі де келіп қалды.

Құрбан шалу арқылы мұсылман адам өзін тәрбиелейді. Бұл құлшылықта көптеген сабақтар бар. Әуелі бай адам кедейдің жағдайын ойлап өзіне Жаратушысының берген дәулетінен Оның разылығын табуды мақсат ете отырып, шын ықыласымен, шынайы пәк ниетімен малын құрбан етеді. Яғни, осы амалды жасаған адамдардың жүрегінде басқа адамдарға деген мейірім, махаббат оянады. Рухани тазаланып және рахатына бөленеді. Жүректерді қысып тұрған ауырлықтардан арылып, жүректер тыныштық табады. Жаратқан Иесіне өзіне берген сансыз сыйлықтары үшін шүкір етіп, күнәләрі үшін Одан кешірім сұрайды. Бойымызды басқан зіл батпан рухани жүктеріміз арқамыздан түсіп, жеңілдегенімізді байқаймыз. Күнделікті күйбең тіршіліктің, материалдық табыстардың соңында жүріп ұмыт қалдырған жанымызға бір уақыт қуат алып, өмірде материалдық дүниеден басқа да құндылықтардың бар екеніне көз жеткіземіз. Адам баласының жаратылысында өзімшілдік, сараңдық, қызғаншақтық, көреалмаушылық, тәкаппарлық деген сияқты көптеген жағымсыз қасиеттердің дәнегінің бар екені бәрімізге мәлім. Ал құрбан айт мерекесінің осы жаман қасиеттерден арылуға көмегінің зор екенін айтпасақ та түсінікті деп ойлаймын. Өйткені Алланың ризалығын мақсат еткен дәулетті жандар өздерінің тұрмыс жағдайы төмендеу бауырларына жәрдем етіп, шалынған құрбан еттерімен бөлісіп бойларындағы әлгіндей қажетсіз қасиеттердің тамырына балта шабады. Сөйтіп ондай қасиеттердің орнына бауырмалдық, мейірімділік, жомарттық деген сияқты керемет жақсы қасиеттерді бойына жинап, есепсіз рухани байлыққа ие болады.

Қарап отырсақ жайшылықта әлемде күн сайын қаншама малдар сойылып, олардың еті саудаға түсіп жатыр. Бірақ өкінішке орай осы еттерден кедей- кепшік құр қалып жатқаны да жасырын емес. Ал енді осынау мұсылмандардың ұлық мерекесі құрбан айттың тағы бір ерекшелігі бұл күні шалынған құрбандық малдардың еті негізінен тұрмыс жағдайы төмендеу кісілердің отбасына таратылатыны. Сол адамдардың жүзіне қуаныш сыйлап, олардың бір шаттануына себеп болатын осындай мерекені тарту еткен Аллаға қалайша шүкір етпеске, қалайша мақтау айтпасқа.

Енді осы құрбан шалу амалы қандай амал, үкімі қандай, кімдер шалады деген сияқты біраз сұрақтарға жауап іздеп көрсек.

Біздің құқықтық мектебіміз Ханафи мәзһабында құрбан шалудың үкімі уәжіп, яғни міндетті. Оған дәлел ретінде Кәусар сүресінде келген: «Намаз оқы және құрбан шал» — деп әмір етілген аятты келтірсек болады. Ал пайғамбарымыз (с.а.с.): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» — деп бұйырған.

Құрбан шалу кімдерге уәжіп?

Біріншіден мұсылман болуы керек. Екіншіден құрбан айт күндері сапарда болмауы керек. Үшіншіден қажетінен артық нисап мөлшерінде қаржысы болуы керек. Нисап мөлшері – 85 г алтын немесе соның құнына тең келетін дүние. Бірақ зекет құлшылығында малдың бір жыл қолда бар болуы шарт болса, құрбандық құлшылығында дүниенің бір жыл қолда болуы шарт емес. Құрбан шалғанда міндетті түрде ниет ету керек. Себебі, малды құлшылық үшін союға болатыны сияқты, жәй тамақ үшін де союға болады.

Құрбандықты қай уақытта шалады?

Құрбандықты айттың бірінші күні айт намазынан кейін бастап, үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанға дейін шалуға болады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын – ісіміз намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбан шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал, кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес» — деген. Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбан шалса, қайтадан шалсын» — деп, намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

Құрбандыққа қандай малдар шалынады?

Құрбандыққа шалынатын қой, ешкі малдары 1 жасқа толған, сиыр 2 жасар және түйе 5 жасқа толған болуы керек. 6-7 айлық қозы 1 жасар қойдың етіндей ет беретін болса құрбандыққа жарайды. Қой мен ешкіні тек бір адам ғана құрбандыққа шала алады. Ал сиыр мен түйені бір адам шалса да болады немесе 7 адам бірдей құрбандық ниетімен шалса болады. Егер 7 адамның біреуінің ниеті құрбандық болмаса қалғандарының құрбандығы дұрыс болмайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын құрбан шалу абзал.

Құрбандыққа қандай малдар жарамайды?

Біздің Ханафи мәзһабымыздың ғалымдары мынандай кемшіліктерді айтқан:

  1. Бір көзі соқыр
  2. Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде әлсіз
  3. Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген
  4. Тістерінің көбі түсіп қалған
  5. Емшектерінің басы жұлынып қалған
  6. Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған

Сөзіміздің соңында биылғы жылы құрбан айт шілденің 20 – сына тура келіп отырғанын ескертеміз. Яғни, шілденің 19 – ы арапа, 20, 21, 22 – айт күндері. Айт намазы таңғы сағат 6:45-те басталады. Барлық сақтық шараларын сақтау міндетті екенін ескертеміз.

Құрбан шалу рәсімі мешіттердің жанында өткізілмейді. Аудан орталығы Жаңатас қаласы мен барлық ауылдық округтерде арнайы жабдықталған орындарда санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып құрбан шалынатынын ескертеміз!

Құрметті аудан тұрғындары! Барлықтарыңызды құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Алла Тағала шалған құрбандықтарымызды қабыл етсін! Мол сауаптан жазсын! Кешірім етсін! Елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, әрбір шаңыраққа бақ-берекесін нәсіп етсін!

 Ғ.Қонақбаев,

Сарысу аудандық мешітінің бас имамы

Leave A Reply

Your email address will not be published.