Әділдік жолындағы ӘБДІМАНАП

0

Қазақта «Өмір – өткен күндер емес, есте қалған күндер» деген жақсы мәтел бар. Саналы ғұмырымыздың кейбір атаулы кезеңдерін еске түсіре отырып, мен де еріксіз қолыма қалам алғанды жөн көрдім.

Сарысу ауданына қарасты төменгі Шу бойында Жайлаукөл деген ауыл бар. Сондағы «Сарысу» кеңшары, осы шаруашылықтың басшысы болған Көпберген Әбдіманап Бапанұлы туралы жазбау күнә сияқты болып сезілді. Жазу үстінде де ұзақ ойланып, толғандым. Өйткені мен өткен ғасырдың сексен алтыншы-тоқсаныншы жылдары Әбекеңмен қатар осы шаруашылықта партия комитетінің хатшысы ретінде қызмет атқарған едім.

Әбекең жайлы естелік жаза отырып, уақыттың ырқына бағынбайтын, қай кезде де құндылығын жоғалтпайтын бір нәрсе барын анық пайымдадым. Ол – адамгершілік, ол – адал еңбек, ол – елге тигізген шарапаты.

Әбдіманап өз еңбек жолында осы үш биіктіктің өлшемінен ауытқыған емес. Елді еріншектіктен сақтандырып, жұмыла еңбек етуге үндеді. Жасы үлкенге құрмет көрсетті. Ізін басқандарға ізет білдірді. Қиындыққа тап болғандарға шығар жол нұсқады. Сүрінгенге демеу болды, жаңылғанға қайта бас көтерер жігер ұялатты.

«Сарысу» кеңшары аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі болғанымен, Әбекең басшылыққа келгенде ащы да болса шындықты айтуымыз керек, шаруашылықтың жетістіктерінен көрі кемшіліктері басым болды. Олай дейтініміз, өткен бесжылдықта кеңшар ұжымы бірде-бір негізгі көрсеткіштер бойынша мемлекетке ет, жүн, сүт сату және төлдің барлық түрлерін алу жөніндегі жоспарды орындай алмаған.

Осы олқылықтар мен кемшіліктерді ретке келтіру мақсатында Әбдіманап Бапанұлы бел шешіп, кірісіп кетті. Мәселен, шаруашылыққа келген ширатпа жем цехының агрегаттары құмның астында көміліп, бірнеше жылдан бері іске асырылмай келген. Ал енді мал басының артуына, оның қоңдылығының көтерілуіне, жем-шөпті үнемдеп, ысырапсыз жұмсауға ширатпа жем цехының ролі зор екені кімге де болса мәлім. Осыған орай қысқа мерзім уақыт ішінде цехты қалайда тұрғызу күн тәртібінде бірінші кезекте тұрды. Кеңшар дирекциясы мен партком мүшелері ақылдаса отырып, цехты құрып, іске қосуға жас кадр Серік Қасқаевты жіберді. Жалынды жастың жігерлігі мен іскерлігінің арқасында қысқа мерзім ішінде цех іске қосылып, жем шығара бастады.

Көп жылдардан бері іргетасы ғана қаланып, қозғаусыз жатқан жем қоймасы болатын. Әбекеңнің басшылығымен қолға алынған сыйымдылығы 500 тонналық қойма пайдалануға беріліп, кеңшар еңбеккерлері бір қуанышқа кенеліп қалды.

Әділдікті Ту ете білген  Әбекеңнің бастамашылдығымен ауданда алғаш рет батыл қадам жасалып, бригадирлерді сайлау қолға алынды. Мәселен, мал бригадасының бригадирлігіне Е.Ибадуллаев, трактор бригадасының бригадирлеріне А.Қойкенов балама негізде сайланды.

Осындай игілікті, берекелі жұмыстардың нәтижесінде 1987 жылды біршама жетістіктермен қорытындылаған кеңшар ұжымы тұңғыш рет 224 мың сом таза пайдамен аяқтады.

Ал, шаруашылық 1989 жылды айтарлықтай табыспен қорытындылады. Мемлекетке өткізілген өнім жоспары: ет – 106, сүт – 131, жүн – 114, қаракөл елтірісі – 145 пайызға орындалды. Халыққа ақылы қызмет көрсету дәрежесі 107 пайызға жетті. Сөйтіп табыстың тайқазанын тасытқан кеңшардың көрсеткіші ауданның бірқатар шаруашылықтарын көп ұзартпай артта қалдырды. Кеңшарда жарыс жеңімпаздарына «Еңбек Даңқы» туын апта сайын көтеріп отыру дәстүрге айналды.

1989 жылы Арменияда болған зілзалаға байланысты құрылыс жұмыстарына көмек беріп қайтқан шаруашылықтың еңбеккерлері Қ.Райымбеков пен Т.Ауғанбаевқа кеңшар дирекциясы оларға интернационалдық және патриоттық жұмыстары үшін алғыс айтып, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Әбекеңнің біліктілігі, ақыл-парасаты, батылдығы мен батырлығы, жігер-қайраты ауылдың көркеюіне ықпал еткендігі ап-анық. Ауылды өркендеткен, көркейткен, есімі тұрғындар арасында құрметпен аталған Әбдіманап Бапанұлы кешегі бетпақтың іргесіне орналасқан елді мекенді гүлденген аймаққа айналдырды. Шөлейтті өңірдегі ауылдың қысы қатал, жазы аптап ыстық келеді. Оған дембіл-дембіл құм суырып тұратын азынаған желін қосыңыз. Шалғайда орналасқан бұл ауылдың (елді мекеннің) ісін ілгерілетіп, тасын өрге домалату аса оңайға соқпағаны түсінікті жай. Ол үшін тыңнан түрен салу қажет еді. Әбекең кеңшарға жетекшілік жасағаннан бастап өңірде бірден үлкен өзгерістер орын ала бастады. Ол ең алдымен ауыл ішін ретке келтіруді қолға алды. Шаруашылықты басқаруға келгенде көше бойларында тау-тау болып, қоқыстар үйіліп жатқан еді. Бұл жұмысқа тракторист Назар деген іскер жігіт тартылып, оның белсене кірісуімен қысқа мерзімде көшелер түгел тазартылды. Жал-жал болып жататын құмнан аршылған көшелерге асфальт төселініп, жарық орнатылды. Бұл жұмыстар ол кезде ауылдағы тың жаңалық еді. (Бір кездері ауыл іргесіндегі жолмен келе жатқан жолаушылар қараңғыда елді мекенді көрмей өтіп кеткен жағдай да болған екен).

Шаруашылық пен Жайлаукөл орта мектебі арасында тығыз байланыс орнатылды. Мектептің педагогикалық коллективі өз күштерімен жүз басқа арналған жабық қора салды. Оған кеңшардан мал басы тегін бөлінді. Бұл тиімді қолдау азық-түлік бағдарламасын оңтайлы шешуге өзіндік септігін тигізді.

Әбдіманап Бапанұлының қолдауымен үздік оқушыларға және осы мектепті бітіріп, жоғары оқу орындарына түскен студенттерге арнайы стипендия тағайындалды. Оқушылар көрікті қалаларға, киелі жерлерге саяхаттағанда шаруашылық олардың жол шығынын көтеріп отырды.

Ауыл орталығындағы мекемелерге кеңшар тарапынан шефтік көмек көрсетіліп жатты. Мәселен, учаскелік аурухана, балалар бағының  үй-жайларына жылыту жүйелері жүргізілді. Қатар жатқан үш ауылда жоқ наубайхана ашылып, қонақ үйі іске қосылды. Ел игілігі үшін тың жерден саябақ орын алды. Ауылда теледидар көрсетілмейтін. Әбекең оның да оябын таба білді. Телеарна орталығын ашып, Тараз қаласынан апта сайын арнайы алдыртып отыратын кассета арқылы ауыл тұрғындары түрлі кинофильмдермен бір сәт те болса көңілдерін көтеріп отыруға қол жеткізді. Жергілікті радио торабы арқылы әр аптаның соңында ауыл жаңалықтары хабарланып, соңынан тұрғындардың атаулы күндеріне музыкалық сәлем жолданып отырды. Ауыл орталығында көпшілік монша тұрақты жұмыс істеп тұрды. Оған қоса машина-трактор шеберханасында бұл маңда жоқ сауна іске қосылып, ауыл тұрғындарының игілігіне айналды.

«Атқа мінген адамның алты пұттай желі бар» деген сөз әлдебір орынға қолы жетсе, күнді өзі шығарып, айды өзі батырғандай шіреніп, мансапқа мас болып, ақылынан көрі айқайы алда жүретін бастықтарға қаратып айтылса керек.  Әбекеңе бұл сөз жұғысты болмайды. Өзінен төменгіге көкірек кере кекірею немесе өзінен жоғарыға жалпақтайтын әдеттен аулақ болды. Өйткені бағасын жақсы түсінетін өрелі, ішкі жан дүниесі рухани бай, сүйегі асыл, тегі жақсы бола білді. Сондықтан қандай ортада жүрсе де адамдармен тіл табысып, ушығып бара жатқан мәселенің өзін әділ көзбен таразылап, тігісін жатқыза жымдастыратын сергек сезімі, ерекше икемі болғандығының куәсі де болып жүрдік.

Әбекең ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін арттыру, еңбекке баулу, табиғатты таза ұстау мақсатында кеңшар партия комитетімен бірлесе отырып Көше тойын өткізуге де ат салысатын. Мұнда тек көшенің тазалығы ғана емес, әр үйдің ішіне, ауласына да баса назар аударылатын. Мақсат – тазалыққа мән беру болғанымен, осы бір шағын шараның өзі ауылдағы ағайынды өзара жақындастырып, бір-біріне деген қамқорлығын арттыра түсетін.

Сол бір кезеңде бүгінгі күні ортамызда елеулі азамат болып танылған, белгілі қаламгер Бергентай Нұрмаханұлы Жайлау- көл ауылында аймақтық партия кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарды. Бекеңмен бірлесе отырып өз қызметтерімізбен қатар ауылдағы мәдени-көпшілік шараларды өткізуді қолға алып, жаңа салт-дәстүрге сай тақырыптық кештерді өткізуді дәстүрге айналдырдық. Апта сайын бір іс-шара өткізіліп тұрды. Осыған қалыптасқан ауыл тұрғындары алдағы аптаны асыға күтетіндей болды. Мәдениет үйінде жас жұбайлардың «Ақ отау» клубы ашылды. Бұл іс-шараға қатысқан әрбір жас отбасы мүшесіне үлкен ой қалдырды. Ынтымақты, тату-тәтті өмір сүруіне бағыт-бағдар берілді. Әйелдер кеңесін тарту арқылы «Әйел – ана», «Әйел – еңбекқор», «Қыз өссе – елдің көркі» деген тақырыппен өткізілген сырласу кештері көпшіліктің көңілінен шыға білді. «Ал, кәнеки, жігіттер!» атты кеш өткізіліп, онда жігіттер өздерінің ептілігін, күштілігін, өнерге деген бейімділігін көрсетіп жатты. «Тұсау кесер» кешінде енді ғана жүре бастаған сәбидің тұсауы кесіліп, соңы ән-күйге ұласатын. «Жайлаукөл кештері» атты ансамбль құрылып, олар малшыларды аралаумен қатар, көрші ауылдарда да өз өнерлерін көрсетіп отырды. Тіптен, көршілес Созақ ауданының Шу, Тасты ауылдарына да барып, көрермендердің көзайымы бола білді. 9 мамыр – Жеңіс күні мерекесінің құрметіне ауылда тұңғыш рет лоторея билеті ойнатылды.

Бірде қызық жағдай болды. «Ал, кәнеки, қарттар!» кешінде «Шежіре» және «Дастан» атты қариялардан құрылған екі команда өнер мен ой-пікірлерін ортаға салды. Соның ішінде отырып- тұру бәсекесі де бар болатын. Осы жарысқа түскен қариялардың бірінен табан астынан қан қысымы көтеріліп, ауруханадан бірақ шыққаны. Сөйтіп қызығымыз сәл болмағанда шыжыққа айнала жаздағаны бар.

Сол кездері селолық спортшылар да ешкімге есесін жіберген емес. Үш айға созылған футболдан аудан біріншілігінде малшы, құрылысшы, механизаторлар мен мамандардан құралған кеңшар командасы ақтық бәсекеде аудандық партия комитетінің ойыншыларын 6:3 есебімен жеңіп, аудан чемпионы атанды. Осы сайыстың бел ортасында жүрген Әбекең ең үздік ойын көрсеткен футболшы ретінде орынды мақтан етілді.

Жоғарыда аталған іс- шаралардың өз дәрежесінде өтуіне демеушілік көрсетіп, басы-қасында жүрген кеңшар директоры Әбдіманап Бапанұлымен де сыйластығымыз арта түсті. Оның аяғы достыққа жалғасты. Кейіннен Саудакентте басымыз тоқайласқанда, үшеуіміздің мықты достығымызды «үштік» деп мысқылдап күлетіндер болыпты. Оны кейін білдік. Сөйтсек, біздің үшеуіміз үш жүзден болғандығымызды  меңзеп айтқандары екен бір кереғар қу ауыздылардың. Одан еш ұтылған да, тұтылған да жоқпыз. Арада сөз қашса да елемедік.

Мен негізінен Әбекеңмен бір шаруашылықта төрт жыл қатарлас бірге қызмет атқарған кездегі оның бойындағы асыл қасиеттерін ғана қамтып отырмын. «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» дегендей, қарапайым ферма зоотехнигінен бастаған қайраттылығы мен ерен еңбекқорлығының арқасында қоғам қайраткері деңгейіне дейін көтерілгенін жазсам, ол бірер кітапқа азық та болар еді.

Жалпы менің өмір жолдарымда жаны жайсаң жақсы адамдар көп кездесті. Ұдайы жолымды ашып отырды десем қателеспеймін. №124 Байқадам селолық кәсіптік-техникалық училищесінде оқытушы болып жүргенімде аға буындардан тәлім-тәрбие ала жүріп, бар ынта-жігерімді сала жұмыс атқардым. Осылай көзге түссем керек, училище директоры Бозжігітов Жақсылық аға өзіне орынбасар етіп тағайындады. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып жүрдім. Осы кезеңде Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) екі жылдық марксизм- ленинизм университетін бітіріп, насихатшылық, лекторлық жұмыстарды да қоса атқарып, мінберлерден көрінгендігімнің арқасы болар, аудандық партия комитетінің хатшысы Әбдікешова Күләш Әмедияқызы қызметке шақырды. Одан кейін «Сарысу» кеңшарында партком хатшысы болып жүргенімде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Солтыбаев Еркімбек Бейсембекұлы өзіне ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Ал, Әбдіманап Бапанұлы аудан әкімі болған күнінен ұзартпай мені аппарат басшысы етіп, жанынан орын берді. Одан кейін Әміреқұлов Сағынхан ағамыз да аудан әкімі болып тұрған кезінде Коммунар ауылдық округінің әкімі орындығына сәттілік тілекпен отырғызды.

Осы аталған асыл азамат- тардың әділ бағасын алып, қолдау көргенімді бүгінде зор ризашылықпен еске алып отырамын.

Өн бойында кісілігі мен кішілігі қатар өрілген азамат – Әбекең әңгіме-дүкен құрып отырғанда, осы бір жүрісі мен тұрысы сыптай, тебіренісі терең, қай жағынан да қазақи қасиеті қылаң беріп, жадырап сөйлеп, жарыла күлгені жан тазалығымен жарасым тауып тұратын бітім-болмысына қуана қарайсың.

Әдемі әзіл ақылдан шығады. Сөз қасиетін түсінетін адам әзіл айтса, күлкінің қуаты құнды болады. Әзіл-қалжыңды жақсы көрген жақыныңа айтасың, жатқа әзіл арнамайсың. Әбекең өзінің зілсіз, айтары таза шуақты қалжыңдарымен бірге көңіл сыйлап, бәрімізді жүрегіне сыйғызып жіберетін.

Әбдіманап Бапанұлы істің көзін табатын, ұйымдастырушылық қабілеті зор, іскер азамат бола білді. Ол өз ортасында шындық пен әділдіктен таймайтын қайсар мінезімен, еңбекқорлығымен танылды. Біздер Әбекеңді өмірден көргені мен тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға ретінде бағалаймыз, құрметтейміз. Терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық қасиеттердің арқасында елге сыйлы болды.

«Әке – бәйтерек, бала – жапырақ, шеше – саялы орман» деген дана халқымыз. Сол айтқандай, өз отының басының қамқоршысы, сүйікті әке, адал жар, кең құшақты, дархан көңілді, мол дастарханды, өте биік парасатты отағасы ғана емес, бүкіл бір қауым елдің басшысы бола білді. Құдайға шүкір, жан-жары Башар екеуі көтерген шаңырақтан тараған ұл- қыздары әке-ана берген тәрбиемен өсіп-өркендеп келеді.

Иә, ол нағыз дос, нағыз жолдас. Ең бастысы – нағыз азамат. Ол мұндай асыл қасиеттерімен тек біздердің алдымызда ғана дараланбайды. Олай дейтініміз, Әбекең мен Башекеңнің шаңырағына бара қалсаңыз, сізді еш жатырқамай, барын алдыңызға тосып, сыйлап күтіп шығарып салады. Және сізден «кімсің» деп те сұрамайды. Өйткені, бұлар ерекше жаралған жандар. Біз олармен мақтанамыз.

Алла Тағала адамға үш  рет жастық шақ сыйлайды екен.

Біріншісі – өз жастық шағыңда. Екіншісі – шын махаббатқа жолыққанда. Үшіншісі – 100 жасқа толғанда.

Әбеке, біріншісінен өттіңіз, екіншісінен де өткен шығарсыз, енді үшіншісі келді. Құдай Сізді сол үшінші «Жастық шаққа» да аман-есен жеткізіп, өміріңізді ұзарта берсін.

Ғибратты ғұмырын әділдік жолымен әспеттеген ардақты да абзал досымызды 75 жасқа (6 шілде) толып отырған мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, өмірдегі бар жақсылықты тілейміз!

Алдаберді МАҚАШЕВ,

Тараз қаласы және

Сарысу ауданының

Құрметті ардагері

Leave A Reply

Your email address will not be published.