ОҚЫРМАНДАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

0

Халық даналығында «Жылуы жоқ жүрек — құр кеуде» деп бекер айтылмаса керек. Осы арқылы халқымыз ұрпағын қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелеген. Жақсылыққа ұмтылған жан алдымен қайырымдылық жасайды. Жомарттықты жолдас, мәрттікті жанына серік ете білген азаматтар қоғамда аз емес.

Осындай атымтай жомарт, қолынан келсе көмек қолын созып, қуаныш сыйлауға атсалысатын азаматтардың қатарында ауданның Құрметті азаматы, жеке кәсіпкер Шынайдар Ералиев, аудандық мәслихаттың депутаты, жеке кәсіпкер Асаубай Сейтбеков және жеке кәсіпкерлер Шамшия Атеева, Нұрзия Оралымбетовалар. Бұл азаматтар мен азаматшалар Жаңатас қалалық балалар кітапханасында өткізілген «Жомарт жүрек» акциясында демеушілік жасап, балаларға әр түрлі ойыншықтар, велосипедті тарту етті.

-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» деп атап өтті. Ел тарихы тұлғалар арқылы жасалынатынын ескерсек, Сарысу өңірінде көптің алғысына бөленіп жүрген жандар жеткілікті. Ең бастысы, туған өлкесін дамытуға белсене кіріскен жандардың қатары көбеюде. Осы атымтай жомарт азаматтарға ұжымның атынан айтар алғысымыз шексіз. Алланың нұры жаусын.

Әлемдік өркениетте кітапхананың алатын орнын ешкім де жоққа шығара алмайды. Қазірде жастар кітапханаға бармайды дейтін пікірлер  жиі айтылып жатады. Керісінше, бүгінде жас та, бала да, қария да кітап оқуға ден қоя бастаған. Аудандық кітапхана оқырмандардың басым бөлігін жастар құрап келеді. Кітапханада таңертеңнен қара кешке дейін отыратын оқырмандар аз емес, – деді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова.

Камели Сүлейменова,

“Sarysý”

Leave A Reply

Your email address will not be published.