ТҮЛЕКТЕРГЕ КУӘЛІК ТАПСЫРЫЛДЫ

0

“Қатты тәртіп көрсе бала күнінде,

Өнерімен қуантады түбінде”

Ж.Баласағұн.

Өнер ордасы Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің 2020-2021 оқу жылының “Жас түлек — 2021” мен өте жақсы деген көрсеткішпен оқу жылын аяқтап, үздік оқушылар марапатталды. Салтанатты жиын мектептің акт залында өтті.

Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын имене аттаған оқушылар ойы толып алтын ұя мектебімен қоштасты. Бұл күн — мектеп тарихында, мектеп бітіруші түлектердің есінде мәңгі өшпесі анық. 27 түлекке салтанатты жиында мектеп бітіру куәлігі табысталды. Оның ішінде домбыра класы — 9 оқушы, қобыз — 3 оқушы, вокал — 3 оқушы, “Бейнелеу өнері және сәндік қолданбалы өнер” бөлімінен 12 оқушы.

Мектеп директоры Байділдаев Нұрлан Ануарбекұлы мен директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Хұсайнова Ай-Қанат Жұмабайқызы мектеп бітіруші түлектерге жылы лебіздері мен құттықтауын жеткізді.

Ұлы Абай атамыздың жетінші қара сөзінде жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туылады. Оның бірі ішсем, жесем, ұйықтасам, — дейтін болса, ал біреуі көрсем, білсем, үйренсем, — деп келеді екен. Сол сөздің екінші түріне мектептің жауапкершілікті, ізденімпаз, еңбексүйгіш оқушыларды жатқызуға болатынын мақтанышпен айтып, түлектерге өнер жолында қанаттары талмауы мен шығармашылық табыстар тіледі.

Шарада оқушылар мен ұстаздар, мектеп ұжымы естелікке суретке түсіп, қуанышпен тарқады.

Сонымен қатар, осындай іс шара Ұзақбай Сыздықбайұлы мен Ақтоғай ауылдық бөлімшесінен 21 оқушы оқу жылын аяқтап, өнер мектебінің білім сапасының жоғарғы деңгейде екенін көрсетті.

Салтанатты жиын безендірілген акт залында  санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау мақсатында бөлім бойынша әр уақытқа бөліп, өткізілді. Онда оқу жұмысы орынбасары Хұсайнова Ай-Қанат Жұмабайқызы мен тәрбие жұмысы орынбасары Романов Нағашбек Бейсенбекұлы оқушыларға тілектерін айтып, марапаттады.

2020-2021 оқу жылында өнер мектебінде жалпы жетістіктер де аз емес, үздік оқушылары да өз тарапынан халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық байқауларға белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Сонымен қатар қоғамдық іс-шараларға да өз үлестерін қосып, концерттік бағдарлама мен көрмелерін көрермендер назарына ұсынып келеді. Аудандағы кез келген шаралардан тыс қалған емес. Біз де өз кезегінде аталмыш өнер мектебінің ұжымына сәттілік тілейміз.

Гүлнара Байбосынова,

«SARYSÝ»

Leave A Reply

Your email address will not be published.