Аудан әкімі М.Сұлтанғалиевтің 4 маусым — Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні мерекесімен құттықтауы

0

Құрметті аудан тұрғындары!

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері — халқымыздың рухын, ұлттық санасын, болашаққа деген үмітін жеткізетін ерекше құнды белгілер.

1992 жылдың 4 маусымында тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері бекітілді. Міне, сол жұлдызды сәттен бері рәміздер күні тарих беттеріне алтын әріптермен жазылды.

Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді.

Біздің санамызға тәуелсіздік идеясын орнықтырып, патриотизмді қалыптастыруда, ұлттық бірлікті нығайтуда ерекше мәнге ие мемлекеттік рәміздеріміздің мерейлі мерекесі биыл  Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында аталып өтуде.

 Өйткені, Елтаңбамыз, Туымыз, Гимніміз қазақ елінің барша болмысын, бүгіні мен ертеңін  бойына сіңіріп, жүрегімізді мақтанышқа толтырады. Осының бәрі – Қазақстанның жаңа тарихының қастерлі беттері. Оның ерекшелігі сол – Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңсесі биік азаматтары қалыптасады.

Бүгінде, жастарымызға патриоттық тәрбие беру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру мақсатында ауданда да әртүрлі мәдени-көпшілік және ұйымдастыру шаралары да жүргізілуде.

Өткізілген барлық қоғамдық-саяси, салтанатты іс-шаралар мен спорттық жарыстар Мемлекеттік Гимннің орындалуымен ашылып, көк Тумыз көтеріліп, ел рәміздері ұлықталуда.

Яғни, Әнұранның орындалуы мен Көк байрақтың көтерілуі жастар бойындағы елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық сезімдерін нығайта түсуде.

Құрметті сарысулықтар! 

Баршаңызды 4 маусым — Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздігіміздің бойтұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз — болашаққа бет түзеген ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай бергей!

Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.