Аудан әкімі М.Сұлтанғалиевтің 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтауы

0

Құрметті аудан тұрғындары!

Құрметті жас достар!

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні елімізде, әлемнің басқа да елдеріндегідей балаларды қорғау күні аталып өтуде.

Бұл мереке — барлық ересектерге өсіп келе жатқан жастардың, балалардың тағдыры мен болашағына деген жауапкершілікті еске салуға арналған.

Бала — біздің болашағымыз! Сол себепті де, біз балаларымыздың қалыпты өмір сүруі үшін, олардың құқықтары сенімді қорғалуы үшін қажетті жағдайдың бәрін жасауға міндеттіміз.

Бұл бағытта Тұңғыш Президентіміз, Елбасы — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барлық билік органдары назарын жас буынды тәрбиелеуге, олардың барлық өзекті мәселелерін шешуге, әлеуметтік базаны нығайтып, дамытуға, барлық салаларда жас дарындарды қолдауға, ата-ананың аялы алақаны мен жүрек жылуынан айырылған балаларға, мүгедек балаларға ерекше көмек көрсетуге аударып келеді.

Біздің ауданда да экономиканы дамытумен қатар әлеуметтік мәселелер де шешімін табуда.

Қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жарақтандырылған, балалар сапалы білім мен тәрбие ала алатын жаңа мектептер салынуда. Жас бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына қажетті барлық жағдай туғызылған балабақшалар ашылып жатыр.

Бүгін, жайма шуақ жаздың алғашқы күнінде Жаңатас қаласымен қатар барлық ауылдарда Балаларды қорғау күніне арналған алуан түрлі шаралар өткізілуде.

Балаларға деген қамқорлық тек осы күндерде ғана емес, үнемі көрсетілгені дұрыс. Сонда ғана біздің балаларымыз еліміздің ертеңі, тәуелсіз Қазақстанның мықты азаматтары болып шығады.

Мерекелеріңізбен, қымбатты достар!

Алдағы үш ай демалысты қызықты өткізулеріңізге тілектеспін!

Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт және қияға самғаған қанаттарыңыз талмасын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.