ЖҮЗ ЖЫЛ ЖЫРЛАҒАН ЖҮРЕК

0

„Жамбыл жырлары теңіз түбінде жатқан маржан секілді.    

Оны жинап алып, халқының қолына беру-біздің азаматтық борышымыз”.

С.Сейфуллин

Жамбыл — өз заманының ұлы ақындарының бірі. Бала кезінен ақындық дарынымен өз ортасында таныла бастады. Ол бозбала шағының өзінде-ақ өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, тіптен көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылып үлгерген. Жамбылдың өсіп- өнген топырағында ән-күй, ақындық жыраулық өнер айрықша орын алғаны баршаға аян. Ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлап жеткізген.  Жамбылдың құдіреті оның осындай асқан шеберлігімен ғана емес, халық поэзиясының бұтақ жайған алып бәйтерегі болуымен де, халық ақындарының жаңа көшін бастаған даралығымен де әлемді таңғалдырған.

Жамбыл Жетісудың төрінде, жырдың тұнып тұрған жерінде дүниеге келген. Бұл кезде Жетісу ән мен жырдың бесігінде болатын.

Өлең кірген түсіне

Жөргегінде мен болам, — деп өзі айтқандай, Жамбыл өмірге өлең болып туған. Жарық дүниеге көзін ашқанда алдында Сүйінбай ақынның болуы Жамбылдың ең ұлы бақыты еді. Жамбыл батаны Сүйінбайдан алды, отыз бес жыл ұлы ақынның өнегесін үйренді.

Менің пірім – Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сиынбай – деп Сүйінбайды пір тұтты. Ұстаз өнегесін жанымен сезініп, өсиетін өзінің ақындық мұрасына айналдырған. Жамбыл барлық шығармаларында ұстазы секілді халық өмірінің ақиқат шындығын, елінің асыл арманын, мұратын жырлады.

Жамбыл өмірден өткенше осы аңғарымпаз қалпынан танған емес. Қай заманның ақыны болсын өз заманына тәуелді. Ақын шығармашылығы да өз дәуірінің шындық сәулесі.

Жамбыл халық әдебиетін, өзінен бұрынғы ақындар шығармаларын, ауызша тараған жыр-дастандарды жатқа білген. Мұхтар Әуезовтің айтуы бойынша, миллион жол өлеңді мүдірместен жатқа айтатын болған. Сол миллионның ішінде қандай әдемілік, көркемдік үлгі жоқ дейсіз?! Көненің көзімен жырланған әр дастанның жолында өзгеше сарын бар. Жүріп өткен жолдың еншісінде қаншама қайғы-мұң, соған сай қаншама қуаныш бар. Осының барлығын өлең жолына сыйғыза білу – тек ақынның қолынан ғана келеді.

Жамбыл Жабаев өзінің ғасырға жуық ғұмырында тау мен даланы жырлады. Поэзия әлеміндегі туған халқының мақтанышы, әлемдік деңгейдегі жыр алыбына айналды. Оның ақыл-ойға, парасатқа, терең тарихқа, мөлдір сырға, нәзік сезімге, бай образға толы поэзиясы өлеңге құштар, өнерсүйер әрбір жанды сүйсінтті. Алып та биік, айдынды да айбынды жыраушы.

Ақын — өз заманының шежіресіші. Сондықтан да біз ақынды нені жырлады, неге жырлады деп емес, қалай жырлады деп бағалауымыз керек. Нені жырламасын, нені толғамасын, шыншылдықпен, ұлылықпен жырлады, сөйтіп өзі өмір сүрген дәуірдің тұтас бейнесін, келбетін жасады. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы деп аталды. Жаңа сипаттағы, жаңа мазмұндағы халық поэзиясының көшін бастап, көсемі атанды. Дәуір шындығын анықтады, ел бірлігі мен халық тағдырын жырлаудан жалықпады, туған елінің құрметіне бөленді. Жамбыл өз заманының тұтас келбетін жасады, қазынасына, жырдың алтын діңгегіне, өшпейтін өнегесіне, ұлы мектебіне айналды. Ақынның ұлылығын осыдан білуге болады.

Шынында да Жамбыл атамыз-қазақ халқының төлқұжатына айналған адам. Қазақ халқы бар да Жамбыл есімі де бірге жасай беретін болады.

Жансая Мальтаева, С.Сейфуллин атындағы орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.