Аудан әкімінің апталық жұмыс барысынан…

0

ІНДЕТПЕН КҮРЕС-КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСКЕН ЕМЕС

Індетпен күрес қарапайым ережелерді сақтаудан басталады. Бүгінде еліміз бойынша ахуал күрделеніп барады. Ал, Жамбыл өңірі «сары» аймақ санатына кірген уақыттан бері кәсіби медицина мамандары тізе қосып, жағдайға қарай әрекет етуде.

Аудан әкімдігінде өткен аппарат отырысында аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев аймақтағы коронавирус жағдайын талдап, атқарылған жұмыстарды саралады. Негізгі мәселелерді айқындап, сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

Сақтықты күшейту, вакцинаның вирустан сақтанудың негізгі жолы екенін түсіндіру,  халық арасында ақпараттық насихаттық жұмыстарды жандандыру қажеттігін баса айтты.

ЕГІСТІК АЛҚАБЫНДА

«Жаздың қамын қыс ойла» демекші, көктем мезгілі келісімен шаруалар жердің қамын қамдап, техникаларын сайлап, қызу еңбекке кіріскен.

Аудан бойынша шаруашылық құрылымдары, диқан қауымы көктемгі егіс жұмыстарына кірісе бастады.

Көктемгі дала жұмыстарының ұйымшылдықпен атқарылуы болашақта мол өнім жинауға негіз болмақ.

Ауылшаруашылығы экономи- каның негізгі бір саласы ғана емес, сонымен бірге ол – азық-түлік қауіпсіздігінің де кепілі екені анық.

Апта басында аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев Түркістан ауылдық округінде болып, көктемгі дала жұмыстарын көрді.

Ол Әшір Бүркітбаев ауылының іргесіндегі «Ырсай», «Жон жол» бойындағы «Бауыржан К», «Мұрат», «Болашақ», «Азамат-2005» шаруа қожалықтарындағы егістік алқабының барысын бақылады.

 

ТУРИЗМ САЛАСЫ ЖАНДАНБАҚ

Жамбыл облысы – Қазақстан халқының мәдениетінің қалыптасу тарихы мен дамуын зерттеуде маңызды рөл атқаратын облыстардың бірі.

Бай тарихы, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, жанға жайлы климаты, қайталанбас көркем табиғаты Жамбыл облысын тартымды туристік нысанға айналдыруда.

Осыған орай аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев Жаңатас қаласынан оңтүстік- шығысқа қарай 15 шақырым жерде, Тараз-Жаңатас автожолының бойында, Сарысу ауданында, табиғаты сұлу, үлкен Ақтау тауының қос шатқалынан ағып шығатын «Ақтоғай» мен қаладан шыға берістегі „Ақбұлаққа” барып, туризмді дамытуды қарастырды.

Табиғаты ерекше, жасыл желекті, айналасында жуан белді тал ағаштары жайқалып өсіп тұр. Әулие бұлақтың төменгі жағында алма ағаштары егілген.

Сол маңда үзілген сулардан құралған «тұйық қара су» деп аталатын су жиынтығынан жиналған көлшік бар. Оның айналасында майда жіңішке қоғалар өсіп тұр. Осындай табиғаты ерекше Сарысу ауданында туризмді дамытудың болашағы жоғары.

БИЫЛ 316 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛМАҚ

Жыл санап дамып келе жатқан Жаңатас үшін тұрғын үй мәселесі күн тәртібінен түскен емес.

Осы орайда, жарты ғасырлық тарихы бар қаламызда мемлекеттік бағдарламалар аясында көпқабатты тұрғын үйлер қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілуде. Жылдан-жылға қала тұрғындарының саны көбейіп, тұрғын үй кезегіндегілер саны да арта түсуде.

Бүгінгі таңда, коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде 1647 адам тізімде тұр.  Осы мәселені шешу, тұрғындарды, әсіресе жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда.

Жыл сайын бос тұрған көпқабатты үйлерді қалпына келтіріп, ел игілігіне беру жұмыстары жалғасын табуда. Мұндағы басты мақсат әлеуметтік жағынан аз қорғалған және жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған отбасыларды баспаналы ету.

Биылғы жылдың өзінде 3 үй қайта қалпына келтіріліп, 316 отбасы баспаналы болады деп күтілуде. Бұл біздің қала үшін қуанарлық жағдай.

Осы қалпына келтіріліп жатқан көпқабатты үйлерге аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев барып, сапасын бақылады.

Асығыстық пен сапасыздыққа жол бермеу, әрбір істің оң нәтижелі болуын тиісті азаматтарға қатаң тапсырды.

ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

Бүгін де ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуында іргелі кәсіпорын «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің алар орны ерекше.

Қазіргі таңда бай тарихы бар, еңбек дәстүріне берік, ынтымағы жарасқан «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің ұжымы тату-тәтті, бір қолдың саласындай ауызбірлікпен еңбек етуде. Олардың барлығы дерлік жергілікті тұрғындар.

Білікті басшы Мұратқали Бақыткерейұлы Сәрсенов басшылық жасайтын бұл кәсіпорын үнемі игі бастамалардың ұйытқысы болып келеді.

Кәсіпорын аудан өміріндегі әр түрлі қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шараларға үнемі атсалысып отырады. Елді мекендерді көріктендіру, абаттандыру жұмыстарына да сүбелі үлес қосуда.

Әр түрлі демеушілік, қайырымдылық шаралардан кеншілер ұжымы қалыс қалған емес.

Сондықтан да қашанда болмасын ауданда кешендіктердің орны ерекше. Осыған орай аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев аталмыш кешенде болып, ұжымымен кездесті.

Аудан басшысын кешен директоры Мұратқали Бақыткерейұлы жайдары қарсы алып, алдағы жоспар және бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткен кездесуде аудан әкімі барлық кеншілер қауымына сәттілік тілей отырып, осы салада еселі еңбек етіп, зейнетке шыққан Ақділда Диханбай Жұмабайұлын марапаттады.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі мен үздік жетістіктері үшін «Қаратау» тау-кен өндеу кешенінің әкімшілік- шаруашылық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі бас менеджері Ақділда Диханбай Жұмабайұлына аудан басшысы Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасын табыс етті.

ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНДА…

Елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде күзгі және көктемгі мерзімде әскерге шақыру науқаны жүреді.

Наурыз айының бірінен бастап көктемгі әскерге шақыру үрдісі басталып кетті.

Қазіргі таңда ҚР-ның Қарулы күштеріне әскерге шақыру науқаны жүруде.

Шекара қызметі мен Ұлттық Ұланға шақырту жұмыстары өз деңгейінде жүргізілді.

Жалпы Сарысу ауданында есепте тұрған 2000-ға жуық әскер қатарына шақырылушы жас бар. Оның ішінде 600-ге жуығы осы көктемде әскер қатарына шақырылуға жатады.

Жыл басынан бері 25 бала әскерге аттанып, өткен жылмен салыстырғанда меже артығымен орындалған. 1-шілдеге дейін көктемгі науқан жалғасуда,-деді Жаңатас қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім бастығы, майор Асан Пшаев аудан әкімі Марат Сұлтанғалиевпен кездесу барысында.

Осы кездесуде аудан басшысы 1970-80 жылдары қолданысқа беріліп, ешбір күрделі жөндеу көрмеген бөлімнің ғимараттарын аралап, ұжыммен жеке-жеке жолықты. Жөндеу жұмыстары жөнінде мәселелер көтерілді. Сондай-ақ, ғимарат маңындағы тал- дарақтарға қарап ризашылығын білдірді. 200- ден астам жеміс, қара талдар егіліп, бөлім шырайын аша түсуде.

Өз кезегінде бөлім бастығы аудан әкімдігі тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға алғысын жеткізді.

Атап айтар болсақ, аудан әкімдігі тарапынан әскерге шақыру пункті қамтамасыз етілген. Тек пункт қана емес көлік, медициналық құрал- жабдықтар, кеңсе заттары мен жиһаздар, компьютерлермен толықтай жабдықталған. Міне, аудан басшысының да көкейінде осылайша біргелікте қызмет ету. Істен оң нәтиже шығару.

ЕВРОХИМДЕ…

Аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев „ЕвроХим-Қаратау” және „ЕвроХим-Тыңайтқыш” ЖШС-іне барды.

Ондағы ұжым жұмысының артықшылықтары жайлы қысқаша танысып, «ЕвроХим- Тыңайтқыш» ЖШС ұжымымен кездесті.

«ЕвроХим» минералды-химиялық компаниясы әлемдегі ең ірі тыңайтқыш өндірушілердің бірі болып табылады. 2010 жылдан бері компания Жамбыл облысы, Сарысу ауданындағы тау-кен орны кешені инвестициялық жобасын салуды жүзеге асыруда.

Содан соң „ЕвроХим-Қаратау„ ЖШС- нің филиал директоры Владимир Бугаев Қазақстан Республикасындағы компанияның инвестициялық жобасын жүзеге асыру барысы және кезеңдері жайлы түсіндіріп өтті.

 Бұзау шоқы шатқалында…

Қашанда балалар үш айлық жазғы демалысты асыға күтетіні рас.

Жаз бойы асыр сала ойнайтын олар үшін жаңа оқу жылына бойларына мол күш-қуат жинап, сағына күткен мектебі мен сыныптас достарымен қауышудың орны тіптен бөлек екендігі де анық.

Баршамызға белгілі Сарысу ауданында орналасқан «Қаратау» тау-кен өңдеу кешеніне қарасты балалардың жазғы демалысын қызықты да мағыналы етіп өткізу, олардың бойындағы бар өнерлерін дамыту, бір-бірімен достық қарым-қатынас орнату, басқа да адамгершілік қасиеттерін шыңдау мақсатында табиғаты көркем жерлерде балғындардың демалысына қолайлы жағдайдың бәрі жасалған.

Нақтырақ айтқанда «Жұлдыз» балалар сауықтыру лагері Жаңатас қаласынан 27 шақырым жердегі Қаратау жотасы Бұзау шоқы шатқалындағы «Ақтоғай» өзенінің бойында орналасқан.

Аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев осы Бұзаушоқы шатқалында болып, лагерь ішін аралап шықты.

Мұндағы мақсат осындай демалыс орындарын көбейту, елге қолайлы демалыс орындарын ашуды қарастыру.

…Лагерь аумағында балалар мен қызметкерлерге арналған тұрғын үй ғимараттары, асхана, дәрігерлік пункті, ойын- сауық аттракциондары өтетін алаңша, жүзу бассейні, қазандық, спорт алаңдары, жеміс- жидек бағы бар.

«Жұлдызда» жаз мезгілінде «Қазфосфат» ЖШС жұмысшыларының және басқа да қалалардан келіп балалар тынығады.

Осы орайда біздің аудандықтардың жолы болып тұрғанын айтып өткеніміз жөн болар. Өйткені қаламыздағы іргелі кәсіпорын «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің арқасында біз ғажайып мүмкіндікке қол жеткізіп отырмыз.

Кешендіктер жыл сайын аталмыш лагерьді тазалап, тал-дарақтар отырғызып, гүлдерді күтіп-баптап, жазғы демалысқа сақадай әзірлікпен балаларды асыға күтеді.

Бұзаушоқы шатқалында орналасқан «Жұлдыз» лагеріне бару кез-келген баланың арманы. Осыны ескерген кешен басшысы Мұратқали Сәрсенов ауданымыздағы аз қамтылған және ата-анасы жоқ балаларға тегін жолдама беру арқылы ата-аналардың алғысына, балалардың риясыз қуанышына кенелуді жылда дәстүрге айналдырған.

Десек те, көпті алаңдатқан індетке қатысты әзірше жазғы лагерь жайлы нақты шешім жоқ. Сонда да болса мүмкіндік бола қалған жағдайда балаларға есігін айқара ашуға „Жұлдыз” лагері әзірленуде.

Дариха Үмбетиярова

Leave A Reply

Your email address will not be published.