ҰСЫНЫС-ПІКІРЛЕРІН ТЫҢДАДЫ

0

Барлық елді мекендерді аралап, жәй-күйімен танысып шыққан аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев өткен аптада сақтық шараларын сақтай отырып, аудандық кітапхананың коворкинг орталығында аудандық  және қалалық ардагерлермен, ауған және тәжік шекарасында қызмет еткен  ардагерлермен,  Семей, Чернобыль апатынан зардап шегушілермен, Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен және үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен кездесті. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы А.Сейналиев қатысты.

Жиынға қатысқан ардагерлер өз ойларын ортаға салып, аудан басшысына ақ батасын беріп, жаңа қызметінде сәттілік тіледі. Сондай-ақ, әрқашанда ауданымыздың дамуы мен ішкі ахуал тұрақтылығын сақтауға бағытталған тың бастамаларға қолдау көрсететіндіктерін жеткізді.

Сонымен қатар, қаланың ортасында орналасқан үш алып ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне берілсе, қалада аудан жастары үшін арнайы демалатын орындар, кинотеатрлар  ашылса, онымен қоса тәртіп қолға алынса деген тағы да басқа ұсыныстарын жеткізді. Ауданда атқарылар істерге ден қойып, аяқсыз қалмауын қадағалау керектігін жеткізді. Онан соң  жиында Чернобыль апатынан зардап шегушілер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі  А.Өскенбеков, «Таң нұр Семей полигоны» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі І.орынтай, «Тәуелсіздік таңы – Желтоқсан» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Сарысу аудандық филиалы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Н.Есмаханов, «Жамбыл облысы фосфор саласындағы жұмысшыларының жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ізбасар Әбілғазиев сынды азаматтар  өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.

Кездесу соңында аудан басшысы  бірлігі мен берекесі жарасқан аудан халқының әл – ауқатын әрі қарай жақсартуға, әлеуметтік – экономикалық тұрақтылықты дамыту жолында аянбай еңбек ететіндігін айтты.

Гүлнара Байбосынова,“Sarysý”

Leave A Reply

Your email address will not be published.