НАУРЫЗ АЙЫ ТУҒАНДА, ТОЙ БОЛУШЫ ЕДІ БҰЛ МАҢДА

0

Мереке күні құттықтап барды

Ұлыстың Ұлы күні ауданға жаңадан басшы болып келген аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы Сұлтанғалиев Ұлы отан соғысының ардагері, 93-тегі қарт майдангер Қабыл Ібіжановтың отбасына арнайы барып, Наурыз мерекесімен құттықтап, сый-сияпатын тарту етті.

Ерлік елге мұра, ұрпаққа үлгі деген аудан әкімі сұрапыл соғыстағы майдангерлердің көрсеткен жаужүрек ерліктеріне бүгінгі ұрпақ бас иетінін айта отырып, бізге бейбіт өмір сыйлаған қарт жауынгерге алғысын білдіріп, өзін қысқаша таныстырып өтті.   Ал, соғыс ардагері ел үшін шайқасқан майдангерлерге әрдайым құрмет көрсетіп, әлеуметтік тұрғыда қолдау білдіріп жатқан аудан басшыларына ризашылығын білдіріп, ауданға жаңа келген аудан әкімінің жұмысына табыс, береке тілей отырып, өзінің ақ батасын берді.

Аудан әкімі Марат Қырғызәліұлы Сұлтанғалиев Ұлыстың Ұлы күні наурыз мерекесі күні мүмкіндігі шектеулі азаматтардың халінен хабар алды. Ең әуелі 5-шағынаудан №9 үйдің тұрғыны, 1-топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматша Ахыжан Есенжолова, одан соң 1-шағынаудан, №35 үйдің тұрғыны, 1-топтағы мүмкіндігі шектеулі азамат Амангелді Аяжановтың  үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтап, сый-сияпаттарды тарту етті.

-Әз-Наурыз құтты болсын. Ұлыстың Ұлы күні мерекесінде мықты денсаулық, отбастарыңызға амандық, елімізге береке-бірлік тілеймін. Наурыз мерекесі молшылық пен татулық әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!-деген аудан басшысы қандай көмектер беріліп жатқандығын, нендей шешілмей жатқан мәселелер бар екендігін сұрады. Түйткілді мәселе туындаған жағдайда аудан және тиісті мекеме басшыларын хабардар етуді, қолынан келген көмектерін аямайтындығын жеткізді. Өз кезегінде А.Рахымжанқызы осындай Ұлыстың Ұлы күнінде, ауданға алғаш келіп, уақыт тауып, хал-жағдайларынан хабар алған аудан әкіміне алғысын білдіре отырып, жағдайларының жақсы екендігін, мереке күндері болсын, басқа уақыттарда да халінен хабар алып жатқандығын айтып өтті.

Ұлыс оң болсын!

Тал отырғызып болған соң көпшілік қауым аудандық мәдениет үйіне қарай бет алды. Онда аппақ киіз үй, алтыбақанға тербелген жастардың сыңғырлаған күлкісі  мен әуелете салған жастардың әсем әні менмұндалап, өзіне шақырғандай. Қонақтар ақ киіз үйге бас сұғып, наурыз көжеден дәм татты. Ауданымызға келген жаңа әкім Марат Қырғызәліұлы Сұлтанғалиевке ардагерлер ақ баталарын беріп, жұмысына табыс, берекет тіледі.

«Наурызым-берекем, наурызым – мерекем!» атты мерекелік бағдарламаны тамашалады. Мәдениет үйінің алдындағы сахна ұлттық нақышта безендіріліп,  алаңға Алтыбақан, тайқазан және киіз үй құрылған. Мерекелік кештің шымылдығы «Айжанқыз» би ұжымының «Шаттық» биімен ашылды. Концерттік бағдарламада  жезтаңдай әншілер Қ.Темірбекқызы, Ж.Дәукенова «Наурыз», Ахат Кенжебаев, Жанарбек Әбдірахманов, Ғалымжан Тезекбаев «Бесқопа»,  Мейіржан Омаров және «Асыл аналар» тобы «Ой жайлау», әншілер тобы «Наурыз көктем» әндерін әуелете шырқап, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.  «Көне Тараз» күйі тартылып, ортаға Қыдыр баба шығып, «Баталы ел озады, батасыз ел тозады»  дегендей Ұлыстың ұлы күні халқына ақ батасын берді. Тайқазаннан аналар құйып берген наурыз көжені қыздар көпшілікке ұсынды. Көпшілік наурыз көжеден ауыз тиді.

Сахнаға аналар шығып аластаса, Наурыз – Ару келіп мерекемен құттықтады. Ал, мерекелік кеш «Наурыз Думан!» атты «Алтыбақан» жастар ойын – сауық кешімен жалғасын тапты. «Алтыбақанда» бір топ ауыл жастары тербеле отырып, Абайдың «Айттым сәлем қаламқас», халық әні «Сарыбидай» әндерін әуелете шырқады. Қыздар жағынан түске дейін ұйықтайтын жалқау жігіттерге арналған «Ұйқыашарды» жеген жігіттер жағы қыздарға сыйлықтарды үлестірді. Сонымен қатар, Айгүл мен Ғалымжан «Жамбыл мен Айкүміс» айтысынан үзінді көрсетті. Қазақ халқының ұлттық ойындары-теңге алу, арқан тартыс, асық ату, ақ сүйек ойындары ойнатылды.

Онан соң екі жүк көлігі әсем безендіріліп, жолға шықты. Қала көшелерін аралап, «Құт, берекеңмен кел Әз-наурыз!» атты автоконцерттік бағдарламаларын тұрғындарға тарту етті. «Автокеруен» көліктерінің бағыты 6-шағынаудан ЖҚБ, «Жаңатас» ЖҚБ, Бүркітті елді мекені, Автобекет, С.Сейфуллин атындағы орта мектеп, аудан әкімдігі білім бөлімі ғимараты, аудандық қазынашылық басқармасының алды және саяжай маңы,   орталық базар, 2-шағынаудандарға барып, концерт қойды.

Концерттік бағдарламаны жүргізушілер Айнұр Ахметовамен Әмірғали Бақытов әсем даусымен хабарлады. Әншілер Қанағат Темірбекқызы, Жадыра Дәукенова «Наурыз», Руслан Бекбау «Туған жер», Жанарбек Әбдірахманов «Мереке», Ахат Кенжебаев«Арманай», Мейіржан Омаров, Әмірғали Бақытов «Қазағым», «Жүрегім», Нұрсұлтан мен Ақерке «Керексің», Айбек Құдайбергенов «Қазақстаным», Ғалымжан Тезекбаев, Берік Серікбаев «Мәңгілік ел туған жер» әндерін шырқап, көрермендердің қошеметіне бөленді.

«Ұрпақтар» аллеясында Балалар-жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен  «Армысың, әз-Наурыз!» атты мерекелік іс-шара болып өтті. Мерекеге сай киіз үй, дөңгелек үстел,  қазақы нақыштағы бұйымдар, шарлар,  көрмемен безендірілген сахнада қазақы нақышта киінген ата- әжелер, қыз-жігіттер, келіндер әдемі отырып, әзіл-қалжыңмен бір-бірін қағытып, халықтың әндерінен ән шырқап, мерекенің көрігін қыздырды. Көрмеге қойылған жас суретшілердің суретін тамашалаған аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев өнерпаздардың да өнерін тамашалап, ұлттық сусын қымыздан дәм татты.

«Балғын би» үйірме оқушылары «Наурыз көктем» биін биледі. Наурыз тойында салт-дәстүрлердің бірі- «Тұсаукесер», «Айтыс» көріністері,  ұлттық ойындар- «Асық ату», «Арқан тартыс», «Қол күрес» ойындарымен және «Алтыбақан» ойынымен жалғасын тапты. Ұлы тойға жиналған көрермендер ата дәстүрін көріп, тамашалады.

Аудандық «Мәңгілік алау» монументі алдындағы алаңда “Қош келдің, Әз-Наурыз!” атты “Бейнелеу өнері және СҚӨ” бөлімінің көрмесі және мектеп ұжымынан құралған мерекелік іс-шара өткізілді. Онда «Сәулем-ай», «Еркем-ай» әндерін  апалар ансамбльдің сүйемелдеуімен хормен орындады. Қазақтың қыз ұзату көрінісін көрсетті. Домбырашылар «Адай», «Балбырауын», «Әлқисса» күйлерін күмбірлете тартты.Сонымен қатар, «Мәңгілік алау» монументі алдындағы алаңда қалалық әкімшілік киіз үй тігіп, тұрғындарға наурыз көже таратты. Сақтық шараларын сақтай отырып, тұрғындар ақ дастарханнан дәм татты. Ал, бұл мерекелік шарадан «Жастар ресурстық орталығы да» шет қалмай дастархан жайып, жеті түрлі дәннен жасалған наурыз көжені халыққа таратты.

Камели Сүлейменова, Sarysý”

Leave A Reply

Your email address will not be published.