КӨРІСУ КҮНІ -ҚУАНЫШПЕН БӨЛІСУ КҮНІ

0

Бастауын сан мыңдаған ғасырлардан алатын, бүгінде еліміздің батыс өңірінде сақталып қалған дәстүр. 14 наурыз-«Көрісу күні» деп аталады. Ал халық арасында Наурыз мейрамын қарсы алу осы күннен басталады.

Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-қолаң бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!», «Ақ мол болсын!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады.

Көрісу-тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін, бір-бірімен қауышатын мерекесі ғана емес, сондай-ақ, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін күн. Өйткені Көрісу салты бір күнмен шектеліп қалмайды, наурыз бойы жалғаса береді.

Біздің ауданымызда да бұл мереке жылдағы дәстүр бойынша тойланып келеді. Ағайын-туыстар бір-біріне барып, көшеде кездесіп қалған таныс жандар бір-біріне «Жаңа жыл құтты болсын!», «Жылдан-жылға жете беріңіз!»-деген тілектерін білдіріп жатады. Әр отбасында наурыз көже пісіріліп, ыстық бауырсақтар ақ дастарханға шашылады. Келіндер үлкен кісілерге сәлем жасап, ата-әжелері ақ баталарын, тілектерін жаудырып жатады. Мол етіп жайылған дастархан басында ағайын-туыс, көрші-қолаң, дос-жарандар бас қосып, қызықты әңгімелерден сыр шертіп, жеті түрлі дән қосылған наурыз көжеден дәм татып, мәре-сәре болады.

Иә, қазіргі таңда ұмыт болған салт-дәстүрлеріміз ортамызға қайта оралып, кейінгі жастар оны әрі қарай жалғастырса, нұр үстіне нұр болмақ.

Дәмеш Мұқанқызы,

«SARYSÝ»

Leave A Reply

Your email address will not be published.