ӨЗ ҚҰҚЫҒЫМЫЗДЫ ДҰРЫС ҚОРҒАЙЫҚ

0

Көп жағдайда тұтынушылар өз құқығының бұзылғаны туралы біледі, алайда оны қорғау үшін қалай дұрыс әрекет ету керектігін білмейді.

2020 жылдың шілдесінде Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, соған сәйкес қазіргі кезде  тұтынушылардың құқығын қорғау үш сатыдан тұрады.

Бірінші сатыда тұтынушының өзі іс-әрекет жасайды. ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының (бұдан әрі — Заң) 42-4-бабында тұтынушының құқығы бұзылған жағдайда сатушыға жүгіну тәртібі егжей-тегжейлі көрсетілген.

Біріншіден, тауарды немесе қызметті сатып алу орнында сатушымен ауызша түрде мәселеңізді айтып сөйлесіңіз. Егер мәселеңіз ауызша келіссөздер арқылы шешілмесе, онда сатушыға жазбаша түрде наразылықпен жүгінуіңіз қажет.

Наразылық — бұл бұзушылықтарын жою туралы жазбаша талап. Наразылық 2 данада жазылуы керек,  бұл үшін Сіз білуіңіз керек:

— тауар иесінің немесе қызмет көрсететін кәсіпорынның нақты атауы, өйткені сатушы немесе қызмет көрсетуші тек жалдамалы қызметкер болуы мүмкін. Бұл деректерді төлем құжаттарынан білуге болады (чек, түбіртек, шот-фактура және т.б. құжаттар);

— нақты мекенжайын, әдетте сатып алу орны, тапсырыс немесе қызмет көрсету орны;

— наразылық мәтінінде нақты құқық бұзушылыққа назар аудара отырып, мәселені егжей-тегжейлі сипаттап, тиісті Заңның баптарына сілтеме жасап, құқықтар мен заңды мүдделердің бұзылуын ерікті түрде немесе сотқа дейінгі реттеу субъектілері арқылы жою туралы талаптарыңызды жазу  қажет;

— тұтынушының сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға)  наразылығы қолма-қол табыс етіледі немесе табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта арқылы немесе сатушының электрондық пошта мекенжайына жіберіледі, егер электрондық мекенжайын сатушы бұрын көрсеткен болса.

Егер наразылық сатушыға қолма-қол тапсырылса, онда екінші данасында (сіздің көшірмеңізде) наразылықты қабылдап алған адам өзінің қолын қойып, кіріс нөмірі және қабылдау күні, лауазымы, аты-жөні туралы ақпараттарды толық көрсетуі керек.

Егер наразылық пошта арқылы жіберілсе, онда пошта бөлімшесінің хатыңызды жібергені туралы түбіртегі сақталуы керек.

Егер тұтынушы жоғарыда айтылған әрекеттерді өз бетінше орындай алмаса немесе өзі орындауды қаламаса, онда тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қоғамдық бірлестіктерге жүгінуге құқылы.

Сатушы (дайындаушыға, орындаушыға)  тұтынушының наразылығын қарауға және тұтынушының талаптарымен келіспеген жағдайда тұтынушының наразылығын алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде құжатпен негізделген дәлелді жазбаша жауап беруге міндетті. Осы құжаттардың көшірмелері сатушының (дайындаушының, орындаушының) тұтынушыға жауабына қоса тіркелуге тиіс.

Сатушының (дайындаушының, орындаушының) жауабы тұтынушыға қолма-қол түрде, поштамен хабарламасы бар тапсырысты хатпен немесе электрондық пошта арқылы ұсынылуы мүмкін.

Егер сатушының (дайындаушының, орындаушының) жауабы көрсетілген мерзімнің соңғы күнінен жиырма төрт сағат бұрын поштаға тапсырылса немесе басқа да байланыс құралдары арқылы жіберілсе, онда тұтынушының шағымын қарау мерзімі өтіп кеткен болып есептелмейді.

Егер сатушы (дайындаушы, орындаушы) күнтізбелік он күн ішінде наразылыққа жазбаша жауап бермесе немесе бұзушылықтарды жоюдан және тауардың (жұмыстың, қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеуден бас тартса, сондай-ақ тұтынушылық дауды сотқа дейінгі тәртіппен қарауға қатысудан бас тартса, тұтынушы уәкілетті органға немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы функцияларды жүзеге асыратын басқа да мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің 190-бабы 5-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, сатушының тұтынушының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды жою туралы наразылыққа Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңнамасында белгіленген мерзімде жазбаша жауап ұсыну жөніндегі міндеттерін орындамауы – ескерту жасауға әкеп соғады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанған іс-әрекеттер – 10-нан 50-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.

Ал, тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың екінші сатысын қалай дұрыс жүзеге асыруды келесі мақалада айтамыз.

Құрметті тұтынушылар, өз құқықтарыңызды қорғаудан қорықпаңыздар, ал біз Сізге көмектесеміз.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы сұрақтарға кеңесті 8-7262-54-21-69 телефон нөмірі арқылы сұрай аласыз.

Қарлығаш Дулатова,

Жамбыл облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментінің бас маманы

Leave A Reply

Your email address will not be published.