ТӘУ ЕТЕР ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІ ҚҰРМЕТТЕЙІК

0

Мемлекет басшысы, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» және «Сарысу» газеттеріне жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты көлемді мақаласын барша халық жылы қабылдап жатыр. Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл. Еліміз осы аз уақыт ішінде көптеген жетістікке қол жеткізді. Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Тәуелсіздік — халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі.

Отанымыз Қазақстанымыз туралы айтарымыз да мақтанарымыз да көп-ақ! Ендігі жеңіс те, ерлік те біздің қолда. Дербес болуға бағыт алған егемен еліміз – Қазақстанды көркейтетін, шаңырағын биіктетіп байытатын, абыройын асырып, өз бақытының иесі болуына қол жеткізіп отыратын, білім мен білік жолын таңдаған кейінгі ұрпақтар, яғни, біз жұмыла еңбек етуіміз қажет. Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді ұрпақ өз Отанын дамыту жолында аянбай тер төгеді. Бүгінде білімді де білікті, еңбекқор да отансүйгіш, көк туымызды желбіретіп, ел мерейін асқақтатар жас ұрпақтың  жарқын болашағына жұлдызды жол салатын, құзіретті  тұлға, жас маман!

Біз болашақтан ұлы мақсаттар жолында дамылсыз өрлеу мен тынымсыз еңбекті күтеміз. Арманы асқақ елдің алдағы міндеттері де тек абыройлы болу керек. Ел болып ұйысқан шақта дамудың жаңа бағыттарын іздеу біз үшін кемел келешекке қалдыратын ізгі амалымыз болмақ. Өткен күн – тарих… келер күн келешек… Кемелге жету үшін елге ыдырамайтын бірлік пен жарасымды тірлік керек! Мен сол жолда еліммен әрдайым біргемін!

Ж. Иманбаев,

Сарысу аудандық қазынашылық басқармасының басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.