АУДАННЫҢ ГҮЛДЕНУІНЕ ӨЗІНДІК ҮЛЕСІН ҚОСҚАН ЖАН ЕДІ

0

(Жалғасы. Басы газеттің №152 санында жарияланған)

«Су  болмаса, жерге  шөп  шыға ма», деп кенеттен Асекең  «Қамқалы»  кеңшарының  басшыларына қатқылдау  сұрақ қойды. Олар әрине, су болмаса, жерге  шөп шықпайды, деді  директор мен  партия ұйымының  хатшысы  қосарлана. Ендеше, осы суды мен  облыстық  партия  комитетінің  бірінші  хатшысы  Ә.Жақыповтың  алдында  жалынып отырып, әзер  сұрап  алғанмын. Жердің, судың иесі менмін. Айтыңдаршы  қайсың барып, суды  сұрап әкелдіңдер. Сендер мен сұрап  әкелген судан  шыққан  шөпті  ысырапқа  ұшыратып шашып, қалдырып, толық  жинап алмағансыңдар, халық   байлығын   көзбе-көз  ысырап  етіп отырсыңдар, Майлыбай, Асқарәлі, Сейділда: «Орып кеткен, тырмаланып жиналмай жерде  қалған, буылып шашылып қалған шөптерді әкеліңдер», деді. Біздер үш бума  шөпті  алып келдік. Айтыңдар бұл шөпті  қай жерден алдыңдар, деді. Әрине, бізде  қайдан алғанымызды  айтып  жатырмыз. Біле  білсеңдер, Сендер халық байлығын оңды-солды  шашып жатқан  басшысыңдар. Мен  партия  ұйымының  бюросын  шақыруды  талап етемін. Қазір бюро мүшелерін жинап, партия ұйымының  жиналысын өткіз, деп  партия ұйымының  хатшысына  тапсырды. Партком  мүшелерінің  біразы Сарыарқада ғой, оларды қалай  жинаймыз, деп  партком хатшысы  шыр-пыр болды. Мен ештеңені  білмеймін, партком  отырысын  бүгін  өткізесіңдер, мен оған қатысамын, деп  Асекең   талап етіп тұр. Басшылар қатты састы. Партбюро отырысында  қандай  мәселе  қараймыз, деп  директор сұрақ  қо-йып еді. «Сендердің қоғамдық мал азығын дайындаудағы жіберіп жатқан кемшіліктеріңді, ел  байлығын ысырап  жасап жатқандарыңды қараймыз», деді түсін суытып. Екі  басшы қатты састы. Ақыры  «Жайылма» кеңшарына  екі мың  тонна  беретін  жерді  көрсетті. Маған  ана  бригадир  Бидайбайды  қасыңа  алып, жерді  өлшеп  беріп, кешке  баянда, деп тапсырып кетті. Әкелген  шуаттан  ауыз  тиіп, Асекең   «Шығанақ» кеңшарын  аралауға  жүріп кетті. Асекең  кеткесін  «Қамқалы» кеңшарының  екі  басшысы  ішек-сілесі  қатып күле  береді. Өзімізді-өзіміз партбюрода  қарай  жаздадық, деп. Бәріміз  күліп  жатырмыз. Бидайбайды ертіп  көрсеткен  жерін өлшеп  беріп, кешке  Асекеңе  баяндауға  бардым. Есіктен  кіре  маған қарап,  менің  оң  жағыма  отыр, деп ишарат  білдірді. Барып  оң  жағына отырдым. «Мен  рольдерде  қалай  ойнадым» деді  кенеттен  маған мен күтпеген сұрақ қойып. Бәрі  дұрыс, жақсы ойнадыңыз, оратын  жерін  «Жайылма» кеңшарының  бригадирі Бидайбай   белгілеп алды, дедім. Одан  ары қарай  көңілді  әңгіме  айтылып кетті.

Асан  Балтабекұлы  сөзге  шешен, кісіні  тани білетін ерекше  қасиеті де күшті  болатын. Ол кісі барлық  сөзін  үнем, экономика  тақырыбына  қарай  аударып  отыратын.

Бір  жолы  көктемгі  төл алу науқаны кезінде «Шығанақ» кеңшары  малшыларымен  жиналыс өткізуге келді. Қасында сол кездегі аудандық ауыл  шаруашылығы  басқармасының бастығы  Шәмсия Ильясов бар. Жиналыс  басталып кетті. Сөз  сұраған  Кәрібек Наханов деген  малшы кісі  төл бер дейсіз, төлден қабылдаған міндеттемемізді  орындаймыз, деп  түгіміз қалмады, қазір үстімізге  киетін  артық  киімімізде жоқ, деп ашынып айтты. Асекең  үндемей  сөзін аяғына дейін  тыңдады. Сөзін  бөлген жоқ. Сөзін  аяқтаған кезде-кеңшардың   бір бас маманын орнынан тұрғызып: «Сендер, малшылармен  төл алу жос-парын  орындаса, қанша төл алатынын, сыйлық, қаражат жыл аяғында  алатынын неге  түсіндірмегенсіңдер,  неге  маңызды  жұмысқа  бейтарап  қарайсыңдар, деп  ары қарай  өзі  түсіндіріп  кетті. Жиналыс соңында  Кәрібек: «Сен биылғы берген төлің үшін, жыл  аяғында мынша тірідей қозы, мынша  ақша  аласың», (натура плата) директор жолдас осы төлді, қаржыны  беруі керек. Бермесе, Кәрібек менің  кабинетіме кел, деді. Осыншама тірідей қозы, ақша  алатынын естіген Кәрібек  қуанып кетті. Кеткенше Асекеңнен кешірім  сұраумен болды. Бұл сөзді естіген  басқа  малшыларда қуанып жатыр. Бас мамандар төл науқанына  байланысты дұрыс түсінік жұмыстарын  жүргізіңдер, деп  айтып еді.

Асан Балтабекұлы ауданда   жас кадрларды  дайындауғада  жете  мән  беріп  отыратын. Күлаш Әбдікешова, Рсан  Есенбеков, Шәмшілда Төкебаев, Жангелді  Омаров, Сатыбалды  Досымбеков, Фатима  Жолдасоваларды  аудандық   комсомол  ұйымын басқаруға   тартты.

Аудан мәдениетінің   кең  өріс  жайып, өнерлі  жастардың облыс,республикаға танылуына үнемі  назар аударып  отырған  басшы.  Сарысу  ауданының  өнерін  облыс, рес-публика емес, одаққа  танытуға  Асан  Балтабекұлы  тікелей  басшылық жасап, өнер  адамдарының  бағын ашқан  жан екенін біреу білсе, біреу білмейді. Сол кезде өнер  адамдарының ішінде  аудан комсомол  ұйымының  хатшысы болған Сатыбалды Досымбековтің  сөзіне құлақ  түрсек.

«Оқуды бітіріп елге келісімен аудандық комсомол комитетінің бірінші  хатшысы  Күләш Әмедияқызы  Әбдікешова  аудан орталығында жаңадан құрылып жатқан «Сарыарқа» ансамбліне қатынасуыма  ұсыныс жасады. Осы ұсынысты қабыл алып аудандық мәдениет үйіне келдім.  Ол кезде  аудандық  мәдениет үйі әлі салынбаған, ескі қысқы клубтың ғимаратында еді. Ансамбльдің басында жүрген негізгі  ұйымдастырушылары:  аудандық партия комитетінің хатшысы Жібек  Мұстафина, кейін Шабан  Базилов,  аудандық комсомол комитетінің  хатшылары  Күлаш Әбдікешова, Рсан Есенбеков, аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасары Дариябек Оңғарбаев, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Мейрамбек Күздеубаев және осы ансамбльдің  тікелей көркемдік  жетекшісі, әрі режиссері  Әлжаппар Әбдіхалықов, сценарисі Дулат Шалқарбаев, дирижеры Садыхан Әубәкіров, концертмейстері Бадт Роман Багданович, концерт  жүргізушісі Жеңісбай Аманбаев, дыбыс операторы  Дүкенбай Сәтмаханов, балетмейстері Жар Капесовтің, Ансамбльдің негізгі құрамын  1971 жылы Шымкенттің  мәдени ағарту пединститутын бітіріп, Сәбит Нұркеев ашқан Ықылас Дүкенов атындағы музыка мектебіне мұғалім болып келеген өнерпаз жас-тар құрады. Атап айтқанда  Аманбай Бекназаров (марқұм), Әлсейіт Әлменов (марқұм),  Сұлтанбек Жолдасовтар (марқұм), Жамбыл мәдениет ағарту  училищесін бітіріп келген  түлектер оркестрдің  негізгі құрамын құрады. Ансамбльдің жеке орындаушы  солистері: Досмахан Ақмолдаев, осы жолдың авторы Сатыбалды Досымбеков, Рая Боранбаева, Әжікен Жаппарова, Пернебай Маңбаев, Серік Жәкішов, Әжікен Нұрова, Айткүл Әпетова, Жандәулет Зетов, Қозы Ерғараев, Жеңіс Тоқталиевтер  және де, басқа  да өнерлі көптеген жастар  ансамбльге өз еңбектерін сіңірді. 8 қыздан құралған бишілер тобы өнер көрсетті. Әлі күнге есімде бар-жоғы бір айдың ішінде ансамбльді құрып, оның киімдерін, аспаптарын, қажетті жабдықтарын алып, алғаш бірінші концертін 1971 жылдың 4-қыркүйегінде  Байқадамдағы жазғы клубта қойдық. Аудан халқы  тұңғыш рет  вокалды-инструменталдық ансамбльді: электро-соло гитарада  Манарбек Ажақаевты, трубада Рашид Қойшыбаевты, контрабаста Рәтбек Сүлейменовты, дауылпазда  Аманбай Бекназаровты  дуылдата қол соғып қарсы алды.

Мәскеуге  сапар

Аз уақыттың ішінде осындай үлкен өнер ұжымын қалыптастырып, оның мазмұнды, мәнді бағдарламасын дайындау жоғарыда  аттары аталған басшы кісілердің еңбегінің арқасы еді. Ансамбльдің  тұңғыш концертінің соңында  ауданның сол жылы келген басшысы Асан Балтабекұлы Нұркенов шын жүректен құттықтап,  ансамбльге ақ жол тілеп, алдағы уақыттарда Республика астанасы Алматыға, Бүкілодақтық халықтар жетістігі көрмесіне Мәскеуге  барып, өнер көрсететінімізді хабарлады. Ол кісі осы айтқан сөзінде тұрды. ансамбль Республика телевизиясынан да, Одақтың телевизиясынан да өнер көрсетіп, лауреат атағын алды.

Жалпы алғанда, Сарысу ауданынан шыққан өнерпаздар  қазіргі уақытта да  халқымыздың  зор құрметіне бөленіп жүр. Әрі ақын, әрі сазгер, әрі әнші Тынышбай Рахымның орны  қазақ мәдени  өнерінің  тарихында мәңгілікке қалды. Атақты әнші қыздарымыз  Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева, Айгүл Мақашовалар қазақтың дәстүрлі әндерін дүние жүзіне әйгілі етіп жүрсе, эстрада әншілері  Гаухар Қаспақова, Бейбіт Сейдуалиевалар, Талас-Сарысу  аудандарының  төл тумалары  Көпжасар Арынұлы(марқұм), Жұман Есдәулетов (марқұм), Мәрлен Көпешов, би өнерінің майталманы Байдәулет  Сазабеков, әнші-сазгер Қайрат Жүнісов, Республикалық «Бауыржан-шоу»  театрының танымал болған театр актрисасы  Бақыт Әліпбаевалар еліміздің өнер өрісінің  биігінде жүрген өнерпаздар.

Апта  сайын  жаз  айларында жалпы  жыл  мезгілінің   кез-келген  кезінде   ол кісіге  нақты  ақпарат беріп  отыру өте  сауаттылықты,  білімділікті  жергілікті  жердің  тыныс-тіршілігін  білумен  астасып  жататын-ды.

Мысалы жаз айларында  төменгі Шу бойындағы  кеңшарлардың қоғамдық  мал  азығын   дайындау  барысы  жөніндегі  ақпаратты  беру  үшін, қанша  шаруашылық қоғамдық мал азығын  дайындауға  қатысып жатыр, қанша техника  қатысуда, күніне  қай кеңшарда  қанша техника  шөп  оруға  қатысып, әрқайсысы  қанша гектар  жердің  шөбін орды, қанша  гектар жер тырмаланды, қанша  тонна  шөп  мая  басына  жеткізілді, мәдени  тұрмыстық  жағдайы  қалай, апталық   шөптің  өсімі  қанша  тонна  болады, осының  бәрін  ол кісіге  нақпа-нақ  баяндауға  тиіссің. Егер  ақпаратыңнан  бір  қате  кетсе  ауыр сөз естіп  қалуың  ғажап емес. Бұның  бәрін  тәптіштеп  айтып  отырғаным, ол кісі  нақты істің  адамы екенін  көрсеткім келді. Ол кісі  Сарысу  ауданын басқарған жылдары ауданда  көптеген  жұмыстар  атқарылғанын ешкім жоққа шығара алмас.

Асан  Балтабекұлы аудандық  партия  комитетінің   бюро, пленум, конференцияларын  өте  сауатты жүргізетін. Жиналыстарда  шыбынның  дауысы естілмейтін.

Шұғыл  мәселелер туындағанда  айына  бюро отырыстары  кезексіз өткізіліп  жататын.

Бірде  бюро  отырысында  мынандай қызық  мәселе  болды. Бюро мүшелерінің  ішінде  бір  жас келіншек  болатын. Сол келіншектің  күйеуі-кеңшарда  бас есепшінің   орынбасары екен. Негізінен сол кеңшарда  мал  шаруашылығымен   айналысатын есепші болса керек. Партия мүшесінің  кандидаттығына   өтуге  өтініш  берсе керек.

Бюроны  басқарып  отырған Асан  Балтабекұлы: «Сіз кеңшарда  қай салада  есеп  жұмысын жүргізесіз», деп сұрайды.  «Мал  шаруашылығымен  айналысамын», дейді үміткер. Онда айтшы, дейді  Асан  Балтабекұлы: «Кеңшарларыңда  қанша  аналық бас саулық бар»,-деп кандидатқа  үміткерден сұрайды. Ол үндемей қалады. Жауап бере алмайды. Асекең: «Жолдас бюро мүшелері, өзі кеңшардың  мал  шаруашылығы  жөніндегі  есепшісі, кеңшарда  қанша бас аналық саулық бар екенін білмейді. Қазір мал  төлдету  науқаны  жүріп  жатыр, бұл жолдасты партия  мүшелігінің   кандидаттығына қабылдауға болмайды», деп  бюро мүшелеріне ұсыныс  тастайды.

Кандидатқа  үміткердің  келіншегі  орнынан  тұрып, жылап  жібереді. Түкке түсінбеген Асан  Балтабекұлы не болды жолдас  бюро мүшелері, айтсаңдаршы, дейді әбіржіп. Сонда  бюро мүшелерінің  біреуі, «Асан Балтабекұлы бұл  жігіт мына келіншектің  күйеуі ғой», дейді  күйде. Мәселенің  мәнін  енді  түсінген  Асан  Балтабекұлы: «Аудандық  партия  комитетінің  бюро мүшесі, бір  адамды  тәрбиелей  алады. Өтсін», деп дауысқа  салып жібереді. Сөйтіп  есепші  жігіт келіншегінің  арқасында  партия  мүшелігіне кандидаттыққа  өткен еді. Аудандық  партия комитетінің  бюросында  көбінесе  ауыл  шаруашылығы  мәселесі  қаралып, тиісті  қаулылар  қабылданып, орындалуы қатаң  бақылауға алынып отыратын.

Ауданда  1970-1975 жылдары  22442 га  егін, 113 га көкөніс, 53 га   бақша  егілді. Әр жыл сайын  84022 тонна  көлемінде  шөп  дайындалды. Мемлекетке  40762 центнер ет,  7996 центнер  сүт,  8767 центнер жүн, 85841 дана  қаракөл   елтірісі, 27606 центнер көкөніс, 8391 тонна  астық тапсырылды.

Аудан  орталығында  500 орындық  мәдениет  үйі пайдалануға  берілді. «Бүркітті»  су қоймасының   екінші  кезеңі  аяқталды.  Мемлекеттік  банк,  аудандық байланыс торабы ғимараттары  пайдалануға  берілді.

Бесжылдық  соңында  аудан  халқының  саны  28165 адамға  жетті.

Ауданда  4 бастауыш, 13 сегіз жылдық,  8 орта  мектебінде  7622 бала  оқыды. 631 ұстаз  жас ұрпаққа  білім берді. Ауданда  42 бастауыш  партия  ұйымдарында  1053 коммунист  есепте  тұрды.

1980-1985 жылдары   аудан  он бірінші  бесжылдықтың   үшінші  жылы   аудан  бойынша  мемлекетке  33270 тонна  астық  өткізіліп,  астық  дайындаудың  төрт  жылдық  жоспары  104 пайызға  орындалды.  Шөл және  жартылай  шөлейтті  аймаққа  орналасқан  аудан үшін  бұл  жоғарғы  көрсеткіш,  аудан  басшыларының, халқының  жанқиярлық  еңбегінің  жемісі  еді. Осы жұмыстарды  ұйымдас-тырып, елді жұмылдырудағы  аудан  партия  ұйымдарының  жұмысын  ешкім де  жоққа  шығара  алмас. Асан  Балтабекұлы  Сарысу  ауданы партия ұйымына  басшылық жасап жүрген кезінде ауданның  әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге қосқан қажырлы  еңбегі ескеріліп, Кеңес Одағы Коммунистік Партиясының жиырма  бесінші  съезіне  делегат болып  қатысты. Бұл жоғарғы жақтан ол кісінің еңбегіне берілген баға еді.

Таяудағы  жылдарда  Қазақстанда  қой  санын  50 млн.  басқа  жеткізуге  болады, деген  жалаң  ұран   жаппай елде   етек жайды.  Жерінің  жағдайын,  мал азығының  құнарлылығы  жем-шөп  жағдайы  ешбір  ескерілмеген, ғылыми  тұрғыдан негізделмеген   шеткері  жатқан   кенжелеп дамыған  аудан үшін  қоғамдық мал басын  жыл сайын  еселеп өсіре  беру  жем-шөп  тапшылығына  әкеліп  соғатын  еді. Әйтеуір  жыл сайын  ауданның мал басын  өсіре беруге  әлеуеті жетеме, жетпейме бұл саламен  жоғарғы  жақтағылар  есептеспейтін еді. Тек қана мал  басын  өсіру-жаппай  халықтық  ұранға  айналды. Ол деген  тумаған   жоқ төлді қосып жазу, жалған ақпарат беруге  жетелейтін еді. Оның  салдарын ешкім  ойламағаны  былай  тұрсын, бұл қалай болады, деп  сөз айтқан азаматтардың арты  бюро, атқару  комитетінің  мәжілістерінде қаралып, тиісті  жазаларын  алып  жататын. Сол кездегі  қоғамдағы алған  барлық келеңсіз құбылыстардың  салдарын бәрін  бірінші  басшыға таңып, оған  кінә  арту  қиянат  болар еді, деп  есептеуге  болатын шығар деп ойлаймын. Одан  жалпы қоғам, бәрімізде  жауапкершіліктен  қашпауымыз керек болар.

Қазір  кейбір  кісілер сол  кезеңді  тоқырау  жылдары  болды десе, орталықта  кемелденген  социалистік  қоғам немесе  толысқан социалистік  қоғам, деп  атап бізді оқытты. Қайсысына  сенуге  болады.  Оқырман  ендігісін өзі шеше  жатар.

Білім беру, мәдени  қызмет, денсаулық  саласында, партия, комсомол  ұйымдарының  сапалық, сандық  құрамдары  өсіп, жақсарды.

Қоғамдық мал басын өсіру  үшін  5 жаңа  типті  ірі  қара  қоралары, 152 қой  қоралары, 38 км су құбыры тартылды, 4 жем-шөп  цехы,  23553 шаршы  метр  тұрғын  үй  пайдалануға  берілді. Осы  жылдары  ауданда қаржы бөлімі,  «Ұйым»  орта мектебі,  «Балдырған» балалар дүкені іске  қосылды. Осының  бәрі  жанқиярлық  жұмыс қой, осыларды  қазір кім жоққа  шығара алады. Өткенге  топырақ шашу-тәуелсіз  елдің  азаматтарына  жараспайтын сияқты. Біз  кез-келген  нәрсені өз атымен атап, істелген істі  бағалап, оған  құрметпен қарауды үйренгеніміз-бізге  жарасымды көрінеді.

«Өз ұлын, Өз ерлерін ескермесе Ел тегі Алсын  қайдан Кемеңгерді?!, деп Ильяс  Жансүгіров жырлағандай-халық өз  ұлының еңбегін, төккен терін қашанда бағалап  құрметтеген. «Өлі риза  болмай,  тірі байымайды»,  деп жатамыз. Кейбір жерлерде тұрғындар оларға  құрмет  көрсетіп, көше, білім, мәдениет, спорт кешендерінің  аттарын  беруге  ономастикалық  комиссияларға ұсыныс жасап  жатады.

2019 жылы  Асан  Балтабекұлы   90 жасқа  толды. Содан бері ел санасында ол кісіге  көрсетілген құрмет жөнінде ешбір ақпарат көздері жазғанын  көрмедік, оқымадық. Ол   кісі еңбек  еткен Тараз  қаласында, Мойынқұм, Сарысу  аудандары  орталығында бір көшелерге немесе   бір ғимаратқа А.Нұркеновтің атын беріп жатса  дұрыс болар еді,-деп ойлаймын.

Бұл  Асан Балтабекұлының еңбегіне  көрсетілген құрмет болар еді. Мен Асан  Балтабекұлының-құрметіне, жоғарғы лауазымға  ұсыну  мүмкіндігіне де, басқада құрметіне ие  болған жан емеспін. Көбінесе, ол кісіні түсімізде  көріп жүретініміз  рас екенін  жоққа  шығара алмаймын.

Бірақ, адамгершілік арым, ішкі  сезімім  шындықты жазуға итермелегені анық. Ол кісінің  қарамағында  қызмет еткен кездерім  күні  кешегідей көз алдымда. Бір күндік  танысқа-қырық күндік сәлем дегендей, ол кісінің  еткен еңбегін өз көзіммен көріп тұрып, жоққа  шығаруға   азаматтық  арым  жетпейді.

Бәлкім біреулер, кезінде  ел қатарлы  жауапты  қызметте  берген жоқ, үнемі  шеттетіп  жүрді, неге  сонша  жүрегі  Асан  Балтабекұлына  елжіріп  қалды, деп ойлайтын шығар. Әлемнің  әміршісі-еңбек. Мен ол  кісінің еңбегін құрметтеймін. Мені  осы  мақаланы  жазуға  мәжбүрлеген-ол кісінің  Сарысу ауданы үшін  өзімнің көзім көрген  аудан  халқы үшін еткен    қажырлы еңбегі. Қасында  жүріп, өзім көрген  ел үшін  уақытпен  санаспай  еткен еңбегі–көз алдымда құрметті оқырман! Еңбекті  бағалайық, ағаның  еңбегін  ардақтайық!

«Таулар  алыстаған  сайын биіктей  береді» дегендей, Асан Балтабекұлы-фәни  дүниеден  бақилыққа  аттанып  кеткенімен-ол кісінің  аудан үшін еткен  еңбегін  көрген  азаматтар баршылық.

Асан  Балтабекұлы басшы кадр-ларды   дайындау ісіне  ерекше  мән  бергенін өмірде көріп жүрміз.

Алматыдағы жоғарғы партия  мектебіне Мәдібек Исабеков, Бердібек Иманбеков, Тұрсынбек Сқақов, Байдәулет  Серіков, Күлаш  Әбдікешова т.б. ауданның ұл-қыздарының бітіріп  шығуына  қамқорлық жасаған кісі. Жақсының  аты өлмейді, ғалымның  хаты өлмейді, деген. Жақсы  адамдардың есімін пендешілікке салынып, оларды санамыздан өшіріп  алмайық!

Асан  Балтабекұлы 1929 жылы  Мойынқұм  ауданының  Фурмановка  ауылында  туған. 1961 жылы КазМУ-ді, 1967 жылы  КОКП  ОК  жанындағы  Жоғарғы  партия  мектебін  бітірген.  1943-1950 жылдары  Шу ауданының  орман-өнеркәсіп  шаруашылығында   есепші, бухгалтер, 1953-1954  жылдары   Шу  ауданы,  Новотроиск   машина-трактор станциясында  кадр  жөніндегі  инспектор, 1954-1958 жылдары  Шу  аудандық  партия  комитетінің  нұсқаушысы,  1958-1961 жылдары аудандық жоспарлау  комиссиясының   төрағасы болды.  1961-1964 жылдары  Жамбыл  облыстық  партия  комитетінің  нұсқаушысы, бірінші  хатшының  көмекшісі қызметін атқарды.

1964-1965 жылдары  Оңтүстік  Қазақстан  өлкелік  партия   комитеті  ауыл  шаруашылығы  бөлім  меңгерушісінің  орынбасары,  1965-1967 жылдары  Мойынқұм  аудандық партия  комитетінің  2-хатшысы,  1969-1970 жылдары   Жамбыл  облыстық  партия  комитетінің  нұсқаушысы, 1970 жылдары  Мойынқұм  аудандық атқару  комитетінің  төрағасы қызметін атқарды.

1971-1985 жылдары Сарысу  аудандық партия комитетінің  1-хатшысы қызметін атқарды.

2 рет «Құрмет белгісі», «Еңбек  Қызыл Ту» ордендерімен,  медальдармен  марапатталған.

Майлыбай  СМАҒҰЛОВ, Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.