БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕЙІК Аудан әкімі нені ескертті

0

Апта басында аудан әкімі Б.Жақсылықовтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті ақпараттық кеңесінде «Бұқаралық спорт» мекемесінің 2020 жылы атқарылған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы мекеме

директоры А.Ниязов хабарлама жасады.

Қазіргі таңда бұқаралық спортты дамытуға барынша мән берілуде. Республикада және ауданымызда бұл салада жеткен жетістіктер ауыз толтырып айтарлықтай. Өз елімізді айтпағанда шет елге танылған спортшыларымыз да жоқ емес. Олардың атын атап, түсін түгендесек ұзақ-сонар тізімге ұласар еді. Мәселе осында екен, ендігі жағдайда сол белгілі тұлғалардың ізін суытпай қалай жалғастырамыз.

Елімізде бұл бағытта жақсы бастамалар көп. Соның бірі құрылғанына бір жылға жуық болған «Бұқаралық спорт» мекемесі екен. Осы уақыт ішінде аталған мекеме біршама игі істер тындырған сыңайлы.

Сарысу ауданындағы №26 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің және Сарысу ауданы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Токио қаласында өтетін Олимпиада ойындарына қатысатын Қазақстан Республикасының ұлттық құрама спортшыларына қолдау көрсету мақсатында «Салауатты ұлт-салауатты ұрпақ» атты ұранымен спорттық іс-шара өткізілген.

Спорт ардагері Еркебаев Ануар Икрамұлын еске алуға арналған 2010-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасында футзалдан өткен Жамбыл облыстық ашық турнир.

1 наурыз — «Nur Otan» партиясының құрылуына орай «Nur Otan» партиясының бас-тауыш партиялар арасында волейболдан Сарысу аудандық турнир өткен.

Баскетболдан Абай Құнанбаевтың туылғанына 175 жыл толуына орай мекеме, кәсіпорын, ауылдық округ және қала тұрғындары арасында Жаңатас қаласы әкімінің кубогы.

1 наурыз — «Алғыс айту» күніне орай мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер арасында шахматтан аудандық ашық біріншілік.

Міне, осылай өткізген шаралары ащы ішектей тізіле береді. Ал нақты оның өткен-өтпегенін қалай бағымдай аламыз. Өйткені осы шаралардың бірде-бірі жергілікті ақпарат құралында жарияланған емес.

Қай уақытта болмасын істің орындалуы білікті басшыға байланысты. Бұқаралық спорттың бұқаралығы басты мәселе. Аудан әкімі Бақытжан Алпысұлы: «Соңғы кездері мекеменің жұмысын өз дәрежесінде көре алмай отырмыз. Аудан көлемінде  өтіп жатқан шаралар мүлде байқалмайды. Тым болмаса ересектер мен жастар арасында кең тараған шахмат, дойбы ойындары қайда кеткен?  Мекемедегі қазіргі штаттың кестені негізсіз ұлғайта бергеннен не ұтамыз? Екі-үш округке бір нұсқаушыдан болса да спорттық шараларды  ұйымдастыруға мүмкіндік болар еді», деді.

Аудандағы спортты жан-жақты дамытуда аталған мекеменің қосар үлесі мол болуға тиісті еді. Алайда  бір жылғы есебінде алға жылжу үрдісі байқалмайды. Жас таланттарды іздеуде де іскерлік үлгілер көрінбейді. Бір ғана мысалды айта  кетуге болады. Ауданымыздағы «Болашақ» балабақшасында ұлттық ойынымыздың төресі «тоғызқұмалақ» ойынын ұйымдастырушы, атақты Ә.Ақшораевтың шәкірті тәрбиеші болып және осы өнерді ұйымдастырып, дамытуда. Бұл өнер үйірмесі жайлы мақала аудандық және облыстық баспасөзде жарық көрді. Алайда аудан көлеміндегі спорт басшылары одан бейхабар екен. Біздің ауданда кенжелеген бұл өнерді одан әрі дамытуға мүмкіндік бар екенін айта кеткен жөн секілді. Қосымша үйірмелер ашса, нұр үстіне нұр болар еді.

Өздерінде спорт залдары болмаса да спорт бөлімімен келісе отырып, іс-шаралар ұйымдастыруға көшкен. Кейбір тиімсіз штаттарды да қысқарта бастады. Алдағы уақытта спортты дамытуға ынта мен жігер және іскерлік, шеберлік ұштасса мекеменің өз балансында да спорт жайлары пайда болары да сөзсіз. Өйткені, қазір елімізде спорттың бұқаралығына қатты мән берілуде.

Ж.Өзбеков,

“Sarysý”

Leave A Reply

Your email address will not be published.