МАРАФОНҒА БІР КІСІДЕЙ АТСАЛЫСТЫ

0

Қайырымдылық-адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Сонымен қатар, мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі болып табылады. Қазіргі кезде біздің ауданда мұндай атымтай жомарт азаматтардың қатары көбейіп, қолдарынан келгенше халыққа көмек беруде.

Сондай шаралардың бірі ретінде өткен аптаның жұмасы күні ҚМДБ «Зекет» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен, Республикалық «Тайқазан»  жобасы бойынша ҚМДБ «Қайырымдылық жаршысы»  атты қайырымдылық марафоны өтті.

«Тайқазан» жобасы аясында жүзеге асырылған қайырымдылық шарасы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен бастау алып, еліміздің барлық аймақтарында қолдау тапты.

Осы ретте, бұл марафонға Сарысу ауданының мешіттері де атсалысып, үлкен қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Мешіт имамдары мен белсенді жамағаттары да игі жобаға өз үлестерін қосып, аудандық мешіттің, «Жаңатас», «Майлыбай», «Ақмолда», «Жүндібай баба», «Жаңарық», «Ысқақ пірадар» мешіттерінің жамағаттары ұйымдасқан түрде марафонға өз көмек қолдарын созды.

Атап айтар болсақ, Сарысу аудандық мешітінен 20 отбасыға 2 пакеттен 110 000 теңгенің азық-түлігі таратылса, Жаңатас мешітінен 74000 теңгеге 4 отбасыға ет, 2 отбасыға кілем берілді. Ал, Майлыбай мешіті 150000 теңгенің 12 отбасыға азық-түлік, Жүндібай баба мешіті 70000 теңгенің 2 отбасыға азық-түлік,  Ақмолда мешіті 255000 теңгенің 10 отбасыға азық-түлік, бір кілемнен, Ысқақ пірадар мешіті 3 отбасыға 30000 теңге азық-түлік, Жаңаарық мешіті 3 отбасыға бір қойдың етін таратты. Жалпы аудан бойынша 56 отбасыға 729000 теңге жәрдем берілді.

-Барша осы бір сауапты іске атсалысқан мұсылман бауырларға Алланың нұры жаусын. Қасиетті Жұма күнгі игі істерге Алланың берекеті болсын! Алла Тағала барша осы күнгі қайырымдылық марафонына қатысқан үлкенге де, кішіге де өзінің мейірімі мен кешірімін, игілігін нәсіп етсін,-деп аудандық мешіттің бас имамы Ғалымжан Қонақбаев алғысын білдірді.

Камели Сүлейменова, “Sarysý”

Leave A Reply

Your email address will not be published.