ӘТ-ТАКФИР УӘЛ-ХИДЖРА АҒЫМЫ

0

Қасиетті Құран мен хадистерде мұсылман кісіге қандай да бір зиян тигізуге болмайтындығы және оның ауыр күнә екендігі баяндалған. Алла Тағала «Ахзаб» сүресі 58-аятта былай дейді: «Мұсылман ерлермен мұсылман әйелдерге жазықсыз зиян тигізгендер жала және ап-анық күнә арқалайды».

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Бір-бірлеріңді күндемеңдер, бір-бірлеріңмен ұрысып-таласпаңдар және бір-бірлеріңді жек көруші болмаңдар. Ей, Алланың құлдары бір-бірлеріңе бауыр болыңдар. Мұсылман мұсылманның бауыры. Мұсылман мұсылманға зұлымдық жасамайды, оны өзінен төмен санамайды, кемсітпейді. Мұсылман бауырын төмен санау пендеге күнә ретінде жетіп артылады. Барлық мұсылманға қандайда бір мұсылман бауырының жанымен малына қолсұғу және ар-намысына тию харам» — дейді

Өкінішке орай, бүгінгі таңда Ислам дінінің атын жамылып, қоғамдық орындармен көліктерді жарып, жазықсыз адамдардың өмірін қиып, хақ Ислам дініне өшпестей қара күйе жағып жатқан түрлі ағымдар бар. Солардың бірі «Әт-такфир уәл-хиджра» ағымы.

2014 жылы 18 тамызда Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының «Әт-тәкфир уәл-хиджра» халықаралық ұйымын экстремистік деп тану және оның Қазақстан Республикасындағы қызметіне тыйым салу жөніндегі шешімі шықты.

«Әт-тәкфир уәл-хиджра» ағымының негізгі ұстанымдары өзінің діни ұстанымымен келіспегендерді күпірлікке айыптау, өз отанын тәрік ету, өзінің діни ұстанымымен келіспегендердің малын, жанын өзіне адал етіп қол сұғу. Осы аталған ұстанымдар шариғат шеңберінде қаншалықты дұрыс соған тоқталсақ.

Күпірлікте айыптау – адамның сөзіне емес, шариғатқа негізделеді. Бұл құқық Алла мен Оның елшісіне ғана тән. Алла Тағала «Ән-Нисә» сүресінің 94 аятында былай дейді:

«Әй, мүміндер! Алла жолында шықсаңдар, өте анықтаңдар. Сәлем бергенді дүние-мүлікке қызығып: «Сен – кәпірсің», – демеңдер».

Тәпсірші сахаба Ибн Аббас осы аяттың тәпсірінде: «Алла Тағала мүминдерге «лә иләһә илләлла» – деп куәлік айтқандарға: «Сен – кәпірсің!» деп айтуды, оларға өлексені тыйым салған сияқты, тыйым салды!», – деп айтқан.

Имам Ибн Абидин «Күпірлік – қауіпті нәрсе! Егер мен мүминнің күпірлікке түспейтініне бір ғана ақтау тапсам, оны күпірлікте айыптамас едім», – деген.

Қатардағы қарапайым адамның біреуді күпірлікте айыптауы үлкен  күнә болып табылады. Сонымен қатар, сол айыптауы орынсыз болса өзіне оралатындығы жайында сүйікті пайғамбарымыз  хадистерінде ескерткен.

Ибн Омардан жеткен хадисте Алланың елшісі: «Егер қандайда бір адам бауырына: «Ей, кәпір!» десе, бұл олардың біреуіне қайта оралады». (Хадисті имам Бухари риуаят етті).

Хижрат яғни өз отанын тәрік етуге қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Шариғат және Пәтуа» бөлімі төмендегідей пәтуа шығарды.

Ислам ғұламалары хижрат етуді екі түрге бөліп қарастырған.

  1. Рухани хижрат. Ол, дінсіздікті тастап исламға келу, бидағатты тастап сүнетке жету, серік қосуды тастап Алланы бір деп білу, күнәлардан арылып Аллаға бой ұсынуға көшу. Хижраттың осы түрін ғұламалар ең абзал және маңызды хижрат деп санап, әрбір мұсылманмын деген пендеге хижраттың осы түрін жасауды уәжіп деді. Мына хадис бұған нақты дәлел болып табылады: Сахих Бұхариде риуаят етілген Абдулла ибн Амрдан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) былай деді: «Мұсылман деген оның тілінен және қолынан ешбір мұсылмандар зардап шекпесе сол нағыз мұсылман».

2.Шынайы хижрат. Ол бір жерден екінші жерге көшуді айтады. Хижрат етудің бұл түрінің үкімдері көшетін мемлекеттен көшіп баратын мемлекеттің діни нанымдарына байланысты өзгеріп отырады.

Пәтуа шығару Қазақстан халқының мұсылмандарына байланысты болғандықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған ғұламалар алқасының пәтуа бөлімінде талқылап шығарған пәтуасы ұсынылады.

Хижрат жасаудың негізгі шарттары, ол мұсылманның тәрк ететін отаны дінсіз қоғам болып, сонымен қатар сол елдің басшылығы мұсылман емес, ислам дінінің негізгі құндылықтарына қарсы келіп, мұсылмандарға исламның маңызды рәміздері мен рәсімдерін атқаруға тыйым салып, қысым көрсету жағдайы орын алуы шарт. Атап айтқанда, мұсылмандардың негізгі құндылығы исламның бес парызына (иман, намаз, ораза, зекет, қажылық жасауды) тыйым салынуы, азан айттырмау, мешіттерді түгелімен жабу және мұсылмандардың мейрамдарын атап өтуге шектеу қойылған жағдайда ғана мұсылманға өзінің дінін сақтау үшін басқа елге көшуіне болады.

Ал, қазір Аллаға сансыз шүкір, еліміз егеменді, басшымыз мұсылман, мешіттеріміз ашық, құлшылықтарымыз емін-еркін, діни мейрамдарымыз көңіл толтырарлықтай аталып өтілуде.

Жоғарыдағы хижрат амалының шариғаттағы ұғымы мен шарттарын ескере келе, кейбір қателескен ағымдардың «Елімізден басқа елдерге хижрат жасауды міндет деп санауы» хижрат амалының бастапқы шарттарына қайшы келеді. Өйткені, Пайғамбарымыз Бұхари мен Муслимде риуаят еткен хадисінде: «Меккені ашқаннан кейін хижрат жасау жоқ» — деді.

Бұл хадистен мұсылман елінен өзге бір мұсылман елге хижрат жасаудың қажеті жоқ екенін түсінеміз. Өйткені, Мекке қаласын мұсылмандар алғаннан кейін мұсылман өлкесіне айналып Мединеге және басқа мұсылман өлкелеріне көшу тоқтатылды. Осы хадиске сүйене отырып, исламның негізгі рәміздері мен рәсімдерін атқаруға рұқсат етілген мемлекеттен хижрат жасаудың ешбір қажеттілігі жоқ деген шешім шығарылды.

Адам жүрексіз өмір сүре алмайтыны сияқты, отансыз да өмір сүре алмайды. «Адал адам Отанын сүйеді, адал, ақ жүрекке Отан — анасындай. Отанның дегенін істеу — қуаныш, мақтаныш. Отанға деген махаббатты, әсіресе біздегі махаббатты өлшеуге болмайды,» — дейді Баубек Бұлқышев.

Қорыта айтқанда асыл дініміз – Ислам зиян келтірудің кез келген түріне қатаң тыйым салады. Барша адамдарға, жан-жануарларға тіпті өсімдіктерге көркем мәміле жасауды бұйырады. Себебі, Ислам – тыныштықпен бейбітшілікке үндейтін кемел дін.

Бахтияр Амиреев,

һибатулла Тарази мешітінің наиб имамы 

Leave A Reply

Your email address will not be published.