«ҰЛТ БАТЫРЛАРЫ» КІТАБЫ ЖАРЫҚ КӨРДІ

0

жазушы Пернебай Дүйсенбиннің жаңа кітабының тұсаукесері Алматыда өтті

Жуырда  Алматы  қаласында  Қазақ  Спорт  және  туризм академиясында  жерлес  жазушымыз Пернебай  Дүйсенбин мен  «Спорт жұлдыздары»  журналының   Бас  редакторы  Мұсағали  Тасқалиев екеуінің   бірігіп  жазған   «Ұлт  батырлары» кітабының салтанатты  тұсаукесері  өткізілді.  Шарада сол академияның  бірінші  проректоры Мұхтар  Есқалиев   кітаптың  маңыздылығына  тоқталып,   жастарымызды  патриоттық  рухта  тәрбиелеуге көп көмегін  тигізетіндігіне  баса  назар  аударды.  Сөйтіп  жаңа  кітаптың   тұсауын  жеңіл  атлетикадан Кеңес  Одағының   8  дүркін  чемпионы,  Европа  кубогінің   иегері,  КСРО Халықтары  спартакиадасының  жеңімпазы  Әмин  Тұяқов  пен  академияның  бірінші  проректоры  Мұхтар  Есқалиев  кесті.

Аса  көркем  болып  безендірілген «Ұлт  батырлары»  кітабы  екі  бөлімнен  тұрады. Пернебай Дүйсенбин  жазған  бірінші  бөлімі «Қазақтан  шыққан  Кеңес Одағының  Батырлары»  деп  аталады. Ол 2011 жылы  республикамыздың  бас  газеті  «Егемен  Қазақстанның»  7  мамыр  күнгі  санында «Ұлы Отан соғысы:  Қазақтан  қанша  батыр  шықты?»   деген  тақырыппен  айқара  екі бетке  жарияланған болатын.   Онда Ұлы  Отан  соғысында  ерліктерімен  ерекше  көзге  түскен 103   Кеңес  Одағының  Батырларының  суреттері мен  қысқаша  өмірбаяндары  жарияланған еді.  Бұрынғы  деректерде  қазақтан шыққан Кеңес  Одағының  Батырлары  97  ғана  деген  деректермен  шектелетін. Жазушы  П. Дүйсенбин  зерделі   зерттеулер  нәтижесінде  батырлар  саны 103  екендігін  нақты  деректерді  келтіре отырып,  «Егеменге»  жариялады. Ал 8  мамыр  күні   Президент  Н.Ә.Назарбаев  соғыс  ардагерлерімен  кездескенде, осы «Егеменде»  жарық  көрген мәліметтерді  ардагерлер  алдында  ерекше мақтанышпен  атап  көрсеткен  еді.

Соғыстан  кейінгі  дәуірде  осы  жоғарғы  атаққа даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы, Құдайберген  Сұрағанов, ұшқыштар Тоқтар  Әубәкіров пен Қайырболат  Майданов  ие  болған  еді.  Өкінішке  орай, бүгінгі  таңда  сол  105 батырдың  Тоқтар  Әубәкіровтен  басқаларының  барлығы  дүниеден  өтіп кетті.

Кітап соңында қазақ  батырларының  туып —  өскен  мәліметтері   сол кездегі  әкімшілік – аумақтық  бөліністерге  сәйкес  топтастырылған. Сондай – ақ әр  батырдың қайтыс  болған  деректері де нақтыланып  толықтырылған.

Тұсаукесерде  сөз  сөйлеген  жазушы Пернебай Дүйсенбин  баспадан  шыққан  кітаптың   жоғары  сапамен  шығарылғанын,  батырлардың  көнерген  суреттерінің  барлығы  дерлік  өңделіп,  түрлі – түсті  бояумен  әрленіп, жарияланғанын  ерекше  атап  көрсетті.

Оқырмандар еңбектің  бірінші  бөліміндегі  көлемді алғысөзден сұрапыл  соғысқа  қатысқан қазақ  ұлтының  өкілдері  туралы  аса   маңызды, мәнді  деректерге  қанығары  сөзсіз.

Кітаптың  көз қуантар екінші ерекшелігі   оның  ішіне қосымша  үлкен,  бөлек бүктеме  плакат  салынған.  Онда   105  батырдың  суреті  басылып,  қабырғаға  ілінетін  көрнекті  пішімде  жасалған.

Танымал  журналист Мұсағали Тасқалиев  даярлаған   «Ерлер  есімі – ел  есінде»  деген  екінші  бөлімінде    қазақтан  шыққан  алғашқы  әскери  генералдар  Шәкір  Жексенбаев,   Сабыр  Рақымов,   даңқты  батыр Бауыржан  Момышұлы,  Рейхстагка   тұңғыш  ту  тіккен  қазақ  батыры  Рахымжан  Қошқарбаев,  тұңғыш  ұшқыш  қыз  Хиуаз  Доспанова,  атақты  сұрмергендер  Ыбырайым  Сүлейменов,  Төлеуғали  Әбдібеков, дивизия  басқарған  қазақ  Әбілқайыр  Баймолдин,  сондай – ақ  батыр  қыздар  Мәншүк  Мәметова  мен  Әлия  Молдағұлова,  тұңғыш  Халық  қаһарманы  атағын  иеленген,  Кеңес  Одағының  Батыры  Сағадат  Нұрмағанбетов,  фашистерді  қынадай  қырған  танкист  қыздар  Жамал  Байтасова,  Күлкен  Тоқбергенова,   Кеңес  Одағының  Батыры  атағына  ұсынылған  гвардия  лейтенанты  Алтыншаш  Нұрғожинова  туралы  әрі  мазмұнды, әрі қызықты  материалдар көрнекі  суреттерімен  қоса  жарияланған.

Кітаптың  жас ұрпақтың  бойында  патриоттық  сезімдерді  қалыптасуға  ықпал  ететін бағалы еңбек  болатындығы  ақиқат.

Тұсаукесер  соңында  кітап  авторлары Пернебай  Дүйсенбинге, Мұсағали Тасқалиевқа  және  осы  еңбектің  жарық  көруіне қаржылай  үлкен  көмек  көрсеткен  ақтаулық  кәсіпкер, меценат  Айтқали  Ізмақовқа республикалық  «Ер  намысы»  қоғамдық  бірлестігінің  «Ұлы  Дала  Батыры» ордені,  республикалық  «Спорт  жұлдыздары» журналының    «Патриоттық  және  азаматтық белсенділігі  үшін» медалі және   Қазақ Спорт  және  туризм  академиясының  мерекелік  медалі тапсырылды.

“Sarysý-Aqparat”

Leave A Reply

Your email address will not be published.