ЗАМАНАУИ СПОРТТЫҚ-сауықтыру кешені ашылды

0

Елімізде оның ішінде ауданымызда спортшыларымыз  Әлем және Азия чемпиондары атанып, аудан намысын қорғап жүр.   Спорт саласына көңіл бөлініп, игі істер атқарылуда. Саудакент ауылында заманауи спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Ел тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында  пайдалануға берілген екі қабаттан тұратын спорттық нысан қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Спорт кешенінің ашылу салтанатына аудан әкімі Б.Жақсылықов, аудандық мәслихат хатшысы С.Бегеев, облыс әкімдігінің  дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Н.Жүнісбеков, мекеме- кәсіпорын басшылары, ардагер спортшылар мен ауыл тұрғындары жиналды.

Салтанатты шарада облыс әкімдігінің  дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Н.Жүнісбеков жиылған жұртқа лебізін білдіріп, бұл игі бастама  — салауатты өмір салтын ұстанушылардың қатарын көбейтуге оң серпін беретіндігіне сенім білдірді. Жастарды сергек болуға шақырды.

Одан кейін спорт саласының ардагері Т.Әсембеков сөз сөйледі:

— Мұндай спорттық-сауықтыру кешені жастарымыздың жолдарынан жаңылмай, жат қылықтарға бой бермеуіне ықпал етеді деген сенім бар. Бұқаралық спорттың өрісін кеңейтуге жасалған қадам. Ауданымызда тағы бір заманауи спорт кешені ашылып, пайдаланылуға берілді. Ауылымыздан  әлемнің және Азияның  бірнеше дүркін чемпиондары шыққан. Атап айтсақ  каратэ-до-дан Б.Шубаев пен Б.Қошанов, самбодан І.Ералиев пен П.Ералиева.Осы мақтаныштарымыздың жолын қуған  талай чемпиондардың шығатынына  күмәнім жоқ. Спортшыларымыз әлем ареналарында  ән ұранымызды шырқатып, көк байрағымызды көкке көтеріп, жеңіс тұғырынан көріне берсін,-деді.

Спорттық-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу лентасын  Байқадам ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Төлмағанбетов пен спорт ардагері Т.Әсембеков қиды.

Айта кететін жайт спорттық-сауықтыру кешенінде қазақша, грек-рим күресі, каратэ, дзю-до, футбол үйірмелері де бар. Алыс жақын маңайдағы ауылдардан келіп түрлі спорттық шараларға қатысуға зор мүмкіндік бар. Қуантарлығы бұл жерде енді аудандық, облыстық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады.

Жиынға келген көпшілік қауым қуаныштарын жасыра алмай, осындай зәулім де әдемі ғимаратты тарту еткен облыс, аудан басшыларына алғыстарын білдірді.

С.Есқараев, «SARYSÝ»

Leave A Reply

Your email address will not be published.