Ең үздік көркемөнерпаздар

0

Биыл мәдениет пен өнер саласы қызметкерлері арасында байқау елдегі эпидемиология жағдайын ескере отырып, алғаш рет онлайн форматта өтті.

Осымен үшінші рет өткен байқауға мемлекеттік музей, кітапхана, мәдениет үйлері мен ауыл клубтарынан көптеген өтініштер түскен. Оның ішінде ауданымыздан «Айжанқыз» би ұжымының жетекшісі Күләш Байтұрсынова да бар.

Республикалық «Рухани қазына -2020» фестиваліне  200-ден астам үміткерлер қатысты. Осылардың арасынан 50-ге тарта қатысушылар жеңімпаз атанды. Жамбыл облысынан екі жеңімпаз. Оның біреуі-Күләш Байтұрсынова. Облыстан «Ең үздік көркем өнерпаздар» номинациясына ұсынылған болатын.  «Айжанқыз» халықтық би ұжымы  қатысып, Шара Жиенқұлова атындағы арнайы жүлдемен марапатталды. Алғыс хат пен ақшалай сыйлықты министр Ақтоты Райымқұлова тапсырды.

-Осындай ұйымдастырылған үлкен шарада жеңімпаз атанғанымызға қуанышымда шек жоқ. Елбасы Н.Назарбаев: «Елдің келешегі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында»,- деп айтқандай, ұстаздық жолында үлесімнің бар екені мәлім. Осы шәкірттерімнің жеңісі-бүкіл ауданымыздың жеңісі. Осындай іс-шараларға қатысуда көмек қолдарын созған Ғани Садырбаев басшылық ететін облыстық мәдениет бөлімінің қызметкерлеріне және облыстық басқарма басшыларына, аудан әкімдігі мәдениет бөлімі ұжымына, артымнан еріп келе жатқан шәкірттеріме айтар алғысым шексіз,-деп қуанышымен бөлісіп, ақ тілегін ақтарды.

Ауданда өтетін барлық мерекелік іс-шаралар «Айжанқыз» би ұжымының дайындаған мың бұрала билеген билерімен өтеді. «Бүгін қандай би дайындап келді екен?»-деп тағатсыздана күтетін көрермендер олардың өнеріне тәнті. Ал, енді осы би ұжымына тоқталып өтсек.

«Айжанқыз» би ұжымы 1986 жылы «Горняк» мәдениет сарайы жанынан  құрылды. Топқа білікті маман Пана Исмаилова Дәруішқызы жетекшілік еткен.Осы Пана Дәруішқызынан би өнерінің қыр-сырын танып, дәріс алған Күләш Байтұрсынова 1995 жылдан бастап «Айжанқыз» би тобына жетекшілік етеді. Алғашқы кезде би өнеріне он-он бес өнерпаз қатысса,жүре келе қызығушылық танытқан өнерпаздар қазіргі таңда 45-ке жетіп отыр.Би үйірмесі кіші топ,орта топ,үлкен топ болып жұмыс істейді. Алғашқы  кездерде қазақ,өзбек,орыс билерін қойса,келе-келе еліміздің айтулы төл мерекелерінде композициялар қойып, өз шығармашылығын дамытып келеді. «Айжанқыз» халықтық би ұжымы 2013 жылы «Халықтық» атағын алды.

Қазіргі таңда би ұжымы атқарылған барлық мәдени көпшілік іс- шараларға үлкен композициялар мен түрлі билер қойды. Үлкен, орта, кіші топтардың шығарған билері мереке ажарын ашып, шығармашылық жаңаша ізденістермен ел ризашылығына бөленіп жүр.

«Айжанқыз» бишілер ұжымы үлкен ұжымға айналды. Жылдан- жылға репертуарлары көбеюде. Үйірме тек би өнерімен шектеліп қоймай. Салт- дәстүр, әдет-ғұрып, халықтар достығы, әскери нақышта, патриоттық тұрғыдағы композицяларды сахналап келеді. Оның музыкасын арнайы тапсырыспен дайын жазылған музыкаларды және әншілердің орындауындағы әндерге би қойып келеді.

«Айжанқыз» халықтық би ұжымының жетістіктері де жетерлік.

Атап айтар болсақ, 2018 жылы Астана қаласында өткен  V Халықаралық  «Astana Grand Festival» атты конкурс фестиваліне «Айжанқыз» халықтық би ұжымының мүшесі Амантаева Аяулым қатысып, 3 орынды жеңіп алды. Жетекшісі Байтұрсынова Күләш Жангелдіқызы Алғыс хатпен марапатталды.

2019 жылы «Аманат music» ІІ халықаралық конкурс-фестивалінің облыстық І кезең «Ұлттық би» номинациясы бойынша «Айжанқыз» халықтық би ұжымының мүшесі Амантаева Аяулым І орынмен марапаттады.

2019 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы жылын өткізу шарасы ұйымдастырылуына орай «Айжанқыз» халықтық би ұжымы Өзбекстан Республикасы Жизақ облысында «Жамбылым қандай тамаша» атты мәдени  іс-шараға қатысып қайтты. «Айжанқыз» би ұжымы алдағы уақытта да жаңаша ізденістермен жұмыс жасай береді деген сенімдеміз.

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.