ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ-ОЙШЫЛДАР ОЙЫНЫ

0

Тоғызқұмалақ ойынының шығу тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал кейбір мамандардың айтуынша, оның пайда болған кезі бұдан да көп уақыт болуы әбден мүмкін. Тоғызқұмалақ өткен ғасырларда қазақ даласындағы ең кең тараған ойын болатын. Қазақи аңыздарға сенетін болсақ, тоғызқұмалақ ойынын қарапайым қойшылар ойлап тапқан. Тоғызқұмалақ тақтасы ретінде олар жерді қазып, арнайы шұңқырлар жасаған. Ал, құмалақтарды дайындау үшін қойлардың құмалағын кептіріп, дәл сондай 162-сін қолданған. Ауызба-ауыз таралып келген аңыздарда тоғызқұмалақ ойыны қойшылар үшін керемет ермек болды.

Қазіргі кездері дүние жүзінде зияткерлік ойындарды мектеп, балабақша бағдарламасына енгізудің бай тәжірибесі қалыптасып келе жатыр. Жалпы алғанда зияткерлік ойындар жас ұрпақтың есте сақтау қабілетін арттырып, логикалық және түйсіктік ойлау жүйесін дамытып, оның сабырлығы мен алдына мақсат қою қасиеттерін арттырады. Қиын және анық емес жағдайларда шешім қабылдап, оған жауап беруге үйретеді.

Осы ойынның балабақшада ұйымдастырылуы, өтуі жайлы «Болашақ» бөбекжай балабақшасына барып, өз көзімізбен көріп қайттық. Бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі, «Тоғызқұмалақ» үйірмесінің  жетекшісі Лаура Кенжебекқызы Тынысбекова «Тоғызқұмалақ-ойшылдар ойыны» тақырыбында мектепке даярлық тобында ашық сабақ өткізді. Ашық сабаққа бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Сейне Ахметова, әдіскер Эльмира Сатиева және тәрбиешілер қатысты.

Лаура Кенжебекқызы тоғызқұмалақ ойынын жаңғыртып, жаңа жүйеге түсірушілердің бірі Әбілда Ақшораевтың шәкірті. Ә.Ақшораев Мәскеудегі политехникалық институтын бітірген. Қаратау қаласында Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде тренерлік жұмыс атқарған. Тоғызқұмалақ ойынын ілімдік жүйеге түсірді. Бірнеше оқу құралдарының  және «Тоғызқұмалақ» кітабының авторы.

2003-2006 жылдары Лаура Тынысбекова  тәлімгер, 2007 жылы Қаратау қаласында тоғызқұмалақтан тренер, онан соң Тараз қаласында да тренер болып жұмыс атқарған. Қазіргі таңда «Болашақ» бөбекжай балабақшасында «Тоғызқұмалақ» үйірмесінің  жетекшісі болып қызмет атқарып жүр.

Балабақшаға барғанымызда өзінің арнайы бөлмесіне бас сұқтық. Онда тәрбиеленушілерді қызықтыратын қолдан жасалған әр түрлі көрнекі құралдардың куәсі болдық. Әсіресе, кәдімгі асықтан жасалған ойыншықтар, аяқтарға, балалардың денесіне жасалатын жаттығу құралдарын, асықпен ойнайтын дойбыны көргенде таңданысымызды жасыра алмадық. Одан бөлек балалардың ой өрісін дамытатын, кеңейтетін түрлі-түсті үшбұрышты, төртбұрышты, дөңгелек бейнесінде жасалған көрнекіліктер де бөлме қабырғасынан орын алған.

Ашық сабақта балалар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қонақтармен сәлемдесті. Үйірме жетекшісі Лаура Тынысбекова Тоғызқұмалақ ойынын ойнауды, қазақтың ұлттық ойындарын құрметтеуді үйрету, математикалық амалдарды қолданып, жазбаша және ауызша есептеу әдістерін үйрету, оқушыларды ойын күштеріне жауапкершілікпен қарап, терең есептеуге бейімдеу, есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыту, қалыптастыру, жас ұрпақты ұлттық қадір-қасиетімізді қастерлей білуге тәрбиелеу, денені шынықтыруға,  әдемі болуға баулу, ойлау белсенділігін  дамыту бүгінгі сабақтың мақсаты екендігін айтып өтті.

Онан соң оқушыларға тоғызқұмалақ ойынының негізгі ережелері-Тоғызқұмалақ ойыны арнайы тақтада екі адам арасында ойналып, ойын тақтасы 2 қазан, 18 отау, 162 құмалақтан тұратындығын, ойын басында әр ойыншыға бір қазан, тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан салынған 81 құмалақ тиесілі болатындығын, алғашқы жүріс жасаған ойыншыны бастаушы, екінші жүріс жасаған ойыншыны қостаушы деп аталатынын айтып өтті. Мұнан соң оқушылар тоғызқұмалақ ойынының негізгі терминдері-Құмалақ, Қазан, Отау, Бастаушы, Қостаушы,Тұздық, Атсырау екендігін бірге айтты.

Оқытушы оқушыларға жүріс жасау ерекшеліктері, Тұздық алу ережесі,“Атсырау” ережесі жайлы айтып, оқушылардан жұп және тақ сандарды сұрап білді. Сабақ барысында сергіту ойынын жүргізіп, балалардың ойынын бақылады. Сабақ соңында бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Сейне Ахметова жақсы қатысқан оқушыларды Алғыс хатпен марапаттап, сыйлықтар тапсырды.

Камели Сүлейменова,

«Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.