ҒИБРАТТЫ КЕРУЕН АУДАНЫМЫЗДА

0

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы облыстық халық шығармашылығы орталығы мен облыстық ардагерлер кеңесінің бірлескен жобасы «Ғибратты керуен» өткен аптаның сәрсенбісі күні Сарысу ауданына табан тіреді.

Жобаның мақсаты Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы дәстүрлі құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпаққа дәріптеу, Қариялардың өнегелі өмір жолдарын ұрпаққа үлгі ету, насихаттау, жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, адамгершілікке тәрбиелеу, халықтың барлық санаттарының мәдени өмірге қатысуына тең мүмкіндіктер жасау, рухани өмірімізге сергек бағыт беру.   Аудандық мәдениет үйінің алдынан «Айжанқыз» би ұжымы ат терлетіп келген керуен мүшелерін қазақ биімен қарсы алды. Одан кейін   аудандық мәдениет үйінің кіре-берісінде аудан өнерпаздары қазақ халқының ұлы тұлғалары — Абай Құнанбайұлы, Бауыржан Момышұлы, батыр қыздар Мәншүк Маметова, Әлия Молдағұлова, Ш.Қалдаяқовтардың бейнелерін сомдаған көрінісін көрсетті.

Ең әуелі «Ғибратты керуен» мүшелері  коворкинг орталығында кездесу өткізді. Кездесуге  аудандық мәслихат хатшысы С.Бегеев, аудан әкімінің орынбасары Л.Нұрмаханова, аудан және қалалық ардагерлер  кеңесінің төрағалары,  ардагерлер және алқа билер кеңесінің төбе биі, ауданымыздың Құрметті азаматтары және этномәдени орталықтарының жетекшілері, қоғамдық бірлестік төрағалары,  және аудан жастары қатысты.

«Ғибратты керуен» жобасының бағдарламасы аясында кездесу, әлеуметтік бейнероликтердің көрсетілімі, «Руханият және тарихтану» орталығының директоры, белгілі тарихшы С.Қалиев жүргізіп, ұлттық болмысымызбен, ұлтаралық сабақтастық туралы кеңінен ой өрбітті.

Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев:

— Тәуелсіздігімізді алып, өркениеттілікке құлаш сермеген бүгінгі таңда адамгершілігі мол, сапалы да салауатты ұрпақ тәрбиелеуде халықтық тәрбиенің алатын орны ерекше. Қазір оқу орындарында ұлттық тәрбиеге айрықша мән берілуде. Жастар біздің болашағымыз дейтін болсақ, сол жастарымызды ұлтын сүйетін ұлтжанды, Отанын сүйетін патриот, жоғары адамгершілік иесі, ұлттық рухы биік парасатты азамат етіп тәрбиелеу басты міндет. Сонымен қатар ардагерлерді ардақтау – ұрпақ парызы. Әрбір ардагерге лайықты құрмет көрсетіліп, қамқорлықтан тыс қалмауы тиіс. Бұл бәріміздің ортақ, абыройлы борышымыз екендігін әрдайым естен шығармауымыз керек. Ардагерлерді ардақтап, олардың өнегелі ісін өскелең ұрпаққа үлгі ету басты парыз,-деп  бабалар салған сара жол – қонақжайлылыққа құрметпен тіл қатуды, ауызбіршілікте болуды, сонымен қатар әскер қатарына жас жігіттердің баруы қажеттігін айтты.

Бұдан кейін билер кеңесінің төрағасы О.Есіркепов бүгінгі тәрбие мен салт-дәстүр, той өткізу тәртібі жайында баяндама жасады.  Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова жас буынның бүгінгі бет алысы туралы пікір білдірді.   «Әзірет Әлі» мешітінің бас имамы Ғ.Ахметов, «Жас сарбаз» Республикалық әскери-патриоттық жастар қозғалысы Жамбыл облыстық төрағасы Д.Абдисамат тәрбие мен білім, дін тұрғысында әңгіме өрбітті.

Жиынға қатысушылар өз ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар, ҚР Еңбек сіңірген әртісі М.Әлімбетова аудандық «Сарысу» халық театрына шеберлік сағатын өткізсе, ҚР Мәдениет саласының үздігі, қолөнер шебері Р.Сапаралиева жасөспірімдерге құмда сурет салу өнерін үйретті. Ал, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының гримері Ә.Ахметова «Бояу тілінің хас шебері» тақырыбында гримм өнерінен шеберлік сағатын өткізді.

Бағдарлама облыстық филармония әртістерінің ән шашуымен аяқталды.

Осындай жиын Саудакент ауылындағы Ә.Әбдіхалықов атындағы мәдениет үйінде жалғасын тапты. Аталмыш керуен мүшелерін   Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері М.Әубәкіровтың сүйемелдеуімен  «Сарыарқа» ұлт-аспаптар оркестрі «Балбырауын», «Ыңғайтөк», «Өрлеу»,  «Көне Тараз» күйлерін орындап,  қарсы алды.  Ә.Әбдіхалықов атындағы мәдениет үйінде де жоғарыда аталған әр түрлі тақырып аясында спикерлер баяндама жасап, мәдениет саласы мамандары мастер класс өткізді. «Сарыарқа» ұлт-аспаптар оркестрінің шеберлік сағатын ҚР Мәдениет саласының үздігі Айгүл Мақашова өткізді.

Сәулет Есқараев,

«Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.