МЕН ЖОЛДАУДЫ ҚОЛДАЙМЫН

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылғы Жолдауымен танысып шықтым. Маған шағын және орта бизнес саласын дамытуға қатысты айтылған тұшымды, оның ішінде кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін арттыру жайындағы айтқаны ұнады.

Президент өз Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін нақты айтты. Олай болса, біз агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыта отырып, еліміздің өркендеуіне үлес қосуымыз керек.

Әсіресе ауыл шаруашылығы саласына қызмет көрсететін квазимемлекеттік компаниялардың жұмысын оңтайландыру бастамасынан біздер үлкен үміт күтеміз. Шын мәнінде Жолдау ел дамуына серпін береді. Ел дамуындағы басым бағыттарды айқындады.

Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер дегенді ескерсек, басты мақсатымыз ауыл тұрғындарын нәтижелі еңбекпен қамтамасыз ету, жерді ұтымды пайдалануға қол жеткізу болуы қажет.

Мен еліміздің агроөнеркәсібін дамытуға өз үлесін қосып отырған шаруа қожалығының басшысымын.   Ауылда туып өскеннен кейін, бірден – бір кәсіп, ата – бабамыздың айналысқан кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан бірнеше жыл бұрын «Керімбай» шаруа қожалығын аштым. Ол кезде менде мал басы аз болатын.

Осы уақыт ішінде қиындықтарды еңсеріп, еңсемізді тіктеп үлгердік. Құдайға шүкір, қазіргі уақытта 35 бас мүйізді ірі қара, 470 бас қой-ешкі, 21 бас жылқым бар. Мемлекет тарапынан мал тұқымын асылдандыру бастамасы көтерілгенін қолдаймын және асылдандыру бағыты бойынша жұмыс бастадым. Осы бағыт бойынша мал шаруашылығын дамыта отырып, биыл 80 гектар жерге күздік бидай мен арпа дақылдарын ектім. Өнім ойымдағыдай болды. Аз қамтамасыз етілген отбасыларына да демеушілік көрсетуді ойдан шығарған емеспін.

Жер – таусылмас қазына, байлық. Десек те көпшілік азаматтарымыз жер игеріп, өнім өндіруде шарасыздық танытып жүргені қынжылтады.

Қазіргі уақытта, ауыл шаруашы-лығы техникаларын жаңарту мақсатында жаңадан техникалар алуға құжаттарымды жинақтап жатырмын.

Өрісіміз малға толып, төрт түлік көбейіп, өнім өссе, шаруаның табысы артып, қазынаға құйылатын қомақты қаржы сарқылмас байлық көзіне айналары сөзсіз.

Ният Керімбаев, «Керімбай» шаруа қожалығының төрағасы, Ұ.Сыздықбайұлы ауылы

Leave A Reply

Your email address will not be published.