АДАЛ БИ – ӘДІЛ БИ.

0

Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында құрылған Билер кеңесінің алатын орны ерекше. Қазақ қоғамында ерекше рөл атқарған билер болған.  Би – жоғарғы және маңызды лауазым болып табылады. Би — ең алдымен билік айтушы қандай да бір шиеленісті және даулы мәселені шешетін лауазым иесі және тұлға. Жалпы бидің рөлін сот билігімен салыстыруға болады.

Дегенмен,бидің рөлі   соттан немесе судьяның қызметінен анағұрлым кең ауқымды.  Судьялар кез – келген заң білімі бар адам болуы  мүмкін. Ал кез – келген адам  қанша заң білімі болса да би бола алмайды. Себебі, оның бойында бидің қасиетіндей қасиеттер бола бермейді.

«Би» — сөзі билік айту, билік құру, басқаларға билігін жүргізу деген ұғымды білдіреді. Би ежелден келе жатқан лауазым, әрі атау деуге болады. Ғалым

Ғ. Маймақов: «Қазақ билерінің мынандай ерекшеліктерін атап көрсетеді:

1) билердің халық мойындаған тұлғалардан шығуы. Олардың сайланбауы және тағайындалмауы.

2) билердің ішінен мемлекет басшылығына дейінгі көтерілген тұлғалардың шығуы. Мысалы, Төле би Әлібекұлы Ұлы  жүзді басқарушы дәрежесіне дейін көтеріледі.

3) билердің әкімшілік басшылықтарды атқаруы. Көптеген билер ру, тайпалардың басшыларына дейін көтеріледі. Дәстүрлі қазақ қоғамында бұл функцияларды Шыңғыс хан ұрпақтары, сұлтандар атқарған.

4) билер соттардың функциясын жүзеге асырып отырған, сот билігінің иесі болған.

5) билер – заң жасаушы ретінде қалыптасқан, аса білімді, шариғат пен адатты ұштастырушы, билік айтқанда шариғаттың да, адатты да нормаларын басшылыққа алушы сот билігін жүргізушілер.

6) билер билік айтқанда халықтың бай тарихына, әдебиетін, дәстүрін терең білуші және оларды сот билігінде асқан шешендікпен айтып жеткізуші тұлғалар. Бұл тұрғыдан билердің барлығы да шешендігімен ерекшеленген.

7) билердің көпшілігі соғыс кезеңдерінде қолбасшылық қызметтер атқарған. Елшілік жоралғыларды да жүзеге асырған. Осы тұрғыдан Төле би мен Қазыбек бидің қызметтері ерекше көзге түскен. Билердің бәрі де асқан зерек, шешен ділмар, ақылдылығымен ерекшеленетін…

Ірі билердің хандарға ықпалы ерекше болған. Мәселен, аты аталған билер (Төле, Қазыбек, Әйтеке) мен Тәуке, Болат,  Әбілмәмбет, Жолбарыс және Абылай хандар есептесіп әрі кеңесіп жұмыс істеген.  Билер ұлт бірлігінің ұйытқысы, халықтың бетке ұстар қаймағы болды. Билердің сөздері іс – әрекеті, шешімдері қоғам ішіндегі тәлім – тәрбие, үгіт – насихат жұмысының да ұйытқысы болды», — дейді. Шындығында қазақ билерінің қоғамдағы рөлі ерекше болғанын атап айтқан жөн.

Билер туралы жазылған бұл кітапта негізінен қазақ қоғамындағы билер институтының  рөлі мен қатар, қазақтың Ұлы билері Төле би Әлібекұлы, Қазыбек би Келдібекұлы, Әйтеке би Байбекұлының мемлекеттік, құқықтық көзқарастары және «би» сөзінің шығу тарихы туралы да қысқаша мағұлматтар берілген.  Сонымен қатар, Сарысу ауданында құрылған «Билер кеңесі» туралы да жазылған.

Бұл кітапта негізінен «Әз Төле би» (Төле бидің 350 жылдығына арналған республикалық ғылыми – практикалық конференция материалдары) Н. Қапалбекұлы М. Қазыбек, М. Қожакеев – Алматы,  2013), «Қазақтың шешендік сөздері» Б. Адамбаев, Алматы – 2008 ж), «Қаз дауысты Қазыбек би» (І,ІІ томдары Алматы – 2017) Ж. Артықбаев) кітаптарынан материялдар пайдаланылды.

Кітапта сонымен қатар, қосымша «Жамбыл облысының Билер кеңесінің ережесі», «Дауды сотқа дейін бимен реттеу келісімі», «Жеті жарғы», «Бидің билігі», «Арыз» үлгілері жазылған. Билер кеңесінің атқарып жатқан жұмыстары туралы да газет беттерінде жарияланған материалдар да кітапта арнайы берілген.

«Адал би – әділ би» кітабының алатын орны ерекше. Жастарды ұлттық құндылықтар аясында тәрбиелеуде алатын орны зор.

Қ. Мамбетов

Билер кеңесінің мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.