СЕНБІЛІК — ТАЗАЛЫҚ КЕПІЛІ

0

Әр адам сенбілікке кішкене де болса атсалысып, үлесін қосса тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Ауылға үлес қосу – туған жерге деген қамқорлықтың белгісі.

Өткен сенбі күні ауданымызда күзгі екі айлық тазалық жұмыстарының атқарылуын бақылау мақсатында қала көшелерін аралап шықтық.  Таңертеңнен бастап мекеме, кәсіпорын, білім ошақтарының қызметкерлері сенбілікке бір кісідей қатысты. Сенбілікшілер өздеріне бекітіліп берілген аумақты қоқыс-қалдықтан тазартты. Ағаш түптерін, арықтарды  тазалап, қаламыздың көріктеніп, әсемденуіне бір кісідей атсалысты. Қураған ағаш бұтақтары кесіліп, бей-берекет шашылып жатқан қоқыс қалдықтары толығымен алынды.

Аралау барысында ұйымшылдықпен жұмыс атқарып, өздеріне белгіленген жерді тазалап жүрген мекемелердің істеріне куә болдық. Атап айтар болсақ, аудандық мәдениет үйі, Абай атындағы орта мектебі, аудан әкімдігі жұмыспен қамту орталығы, «Айгөлек» бөбекжай балабақшасы ұжымдары.

Дегенмен, көңілге кірбің ұялататын жайттардың да болғанын айту керек. Қала ішін аралау барысында көп қабатты үйлердің қоқыс жәшіктерінің жанында тұрмыстық түрлі қалдықтардың шашылып жатқанына куә болдық. Қала тазалығының сақталуына кейбір көпқабатты үй тұрғындарының  немқұрайлы қарайтынына қарның ашады. Оны қолындағы қалдық салынған пакетті күл-қоқыс жинайтын жәшіктерге жетпей лақтырылып, қалай болса солай шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтардан-ақ аңғаруға болады.

«Тазалық – денсаулық кепілі» деген сөзді әрқайсымыз жақсы білеміз. Оны айтпағанның өзінде, қаламыздың көркі ажарланып тұрғаны әркімге ерекше көңіл-күй сыйлайды. Ендеше әр заттың атына лайықты болуы үшін әрбір қала тұрғыны қолдан келгенін жасауы керек.

Дәмеш Мұқанқызы,

«Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.